Бүгін аудандық «Жәнібек» спорт клубында мемлекеттік қызмет ардагері болған, елінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген арда азамат Мереке Жұмабайұлын еске алуға арналған волейболдан аудандық ашық турнирінің ашылу салтанаты өтті.
Аталған турнирге аудандық шекара бөлімі қызметкерлері, аудандық аурухана, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі қызметкерлері, А.Оразбаева атындағы негізгі мектебі, Ақоба, Күйгенкөл, Қамысты, Тау ауылдары, туризм орталығы, №1 мектеп-лицей командалары қатысуда. Ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік Гимні орындалып, еске алу турниріне арнайы келген аудан әкімі Тимур Шиниязов сөз алып, шараға атсалысып жатқан барша спорт сүйер қауымға өз атынан алғысын білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Көпке сыйлы ел ағасы болған Мереке Қайдаровты жақын туыстары мен әріптестері, көзін көрген бір топ ауыл ақсақалы да шетте қалмай бой көрсетті. М.Қайдаровтың ұлы Бейбіт Мерекеұлы өзінің ақжарма тілегін арнап, ұйымдастырушы алқасы мен қатысушыларға рахметін айтты. Және де туыстары атынан қасысушы командаларға кәдесылар табыс етілді.

Еске сала кетсек, Мереке Қайдаров 1960 жылы 1 мамырда Ақжайық (сол кезде Чапаев) ауданының Қожахар ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Жәнібек ауылындағы Т.Жароков атындағы орта мектепті бітіріп, 1982 жылы Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының «Тарих» факультетін үздік бітірген.

1982-1985 жылдары Қайрат орта мектебінің кластан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушысы, 1985-1988 жылдар аралығында Х.Халиуллин атындағы орта мектеп директоры болса, 1988-1991 жылдары Жәнібек аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, партия ұйымдастырушысы, 1991-1992 жылдары оқу бөлімінің инспекторы, 1992-1993 жылдары «Октябрь туы» газетінің редакторы, 1993-2003 жылдар аралығында Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары, 2003-2004 жылдары облыстық ішкі саясат департаментінде бөлім бастығы, 2004-2006 жылдары «Орал өңірі» газетінің қызметкері, 2006-2007 жылдары Жәнібек аудандық мәслихат хатшысы, 2010-2011 жылдары аралығында Жәнібек ауданының білім беру бөлімінің меңгерушісі, 2013-2015 жылдары «Нұр Отан» ХДП Жәнібек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

2015-2018 жылдары («БҚО тарихи – өлкетану музейінің» Жәнібек аудандық филиалының тұңғыш меңгерушісі болған. ҚР Журналистер одағының мүшесі. «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалімен, «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына» арналған құрмет грамотасымен марапатталған. Ағамыздың өмір жолы, оның жарқын бейнесі, еңбекқорлығы ел жадында мәңгі сақталады. Турнирде алғаш болып А.Оразбаева мектебінің қызметкерлері мен Күйгенкөл ауыл командалары бақ сынасты.
Бану Самат,
Жәнібек ауданы