Кеше Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағлымды шара өтті. Мұнда Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы, жидашы-қаламгер Бақтығали Қоспаевтың редакторлығымен жарық көрген «Майдангерлер. Боздақтар» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Шараға аудан әкімі Мұрат Сердалин, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және оқырмандар қатысты. Бүгінгі ұрпақ үшін рухани құнды кітаптың лентасын аудан басшысы мен тыл және еңбек ардагері Ғилаж Лұқпанов кесті.
Ауданымыздың өткенін түгендеуде, Отан үшін от кешкен батырлардың рухын жаңғыртуда ерен еңбектің маңызы жөнінде баян еткен М.А.Сердалин Б.Қоспаевқа «Ақжайық» шипажайына жолдама табыс етті.
Кештің басты кейіпкері, кітап редакторы Бақтығали Дінішұлы ел тарихына шын жанашырлық танытып, қолдағандарға жүрекжарды алғысын арнап, бұл құрметтің Отанын жаудан азат етуде аянбай күрескен ақжайықтықтардың рухына тағзым екенін атап өтті.
Сиясы кеуіп үлгермеген жаңа кітапқа Құрман Бисеғалиев шолу жасап, кітапханашылар осы басылымға енген Мәлік Берді Әлі, Сағынтай Бисенғалиев, Тілес Жазықбайдың майдангерлердің рухымен тілдескен өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.
Тұсаукесер соңында қатысушыларға кітап үлестірілді.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы