23.11.2016, 17:51
Оқылды: 50

Жетімнің жайына қатысты алаңдарлық жайт көп  

%d0%b6%d0%b5%d1%82%d1%96%d0%bc%d0%bd%d1%96%d2%a3-%d0%b6%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bd%d0%b0-%d2%9b%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d2%a3%d0%b4%d0%b0%d1%80%d0%bb%d1%8b%d2%9b-%d0%b6   Облыстық прокуратурада өткен алқа отырысында соңғы үш жыл бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау жайы талқыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Марат  Тоқжанов, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау салалары бойынша мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.


– Облыстағы 966 жетім баланың 425-інің ата-анасы жоқ. Олардың 762-сін өзге отбасылар қабылдаған, 204-і жетім балаларға арналған мекемелерде тәрбиеленуде. 2436 жетім тұрғын үй кезегіне алынған. Соның ішінде 1249-ның жасы 18-ден асқан. Балалар үйін тәрбиеленушілерін жұмысқа орналастыру да мәселеге айналып отыр. Оларға зорлық-зомбылық көрсету деректері де анықталды, – деді ортаға күрмеулі түйінді тастаған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов.

Жиында баяндама жасаған облыс прокурорының аға көмекшісі Алмагүл Исмағұлованың айтуынша, 2014 жылы облыста 1222 жетім бала тіркелсе, биыл 966-ға дейін азайған. Олардың ата-аналарының 226-сы бала бағу құқығынан айырылса, 38-інің құқығы шектелген, 86-сы қамқор болудан бас тартқан, 17-сін сот органдары бала тәрбиесіне қабілетсіз деп таныды, 16-сынан хабар-ошар жоқ, 46-сы бас бостандығынан айырылған, 9-ының емделу мерзімі ұзарған. Ал 115 жетім тастанды бала саналады. Негізгі себептер – ата-аналардың төмен тұрмыс ахуалына шыдамауы, ішкілікке, нашақорлыққа үйір болуы, ауыр сырқатқа шалдығуы, мүгедек болып қалуы.

Облыста жетім балаларды қабылдайтын алты мекеме бар. «Бірақ балалар үйіне апару – ең соңғы амал болуы керек», – деп санайды Алмагүл Исмағұлова. Ол 2014 жылдан бері жеті жетім баланың дүниеден озғанын айтты. Мәселен, биылғы қазан айында қорғаншы отбасындағы кәмелеттік жасқа толмаған Примерова суицидтік қадамға барған. Оның аман қалуына жауапты білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары алдын ала қам жасамаған. Бала мен оның қамқорлаушысы арасында келіспеушілік болғаны анықталған. Былтыр облыстық балалар ауылының тәрбиеленушісі Шаған өзені бойында арнайы белгіленбеген орын болмағанының салдарынан суға батып кеткен. Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде 2014 жылы үш, биыл бір бала дүниеден озған. Негізінен, балалар өлімінің дені жеткілікті ем жасалмай, аурудың асқынуынан орын алған. Басқа да заңбұзушылықтарға жол берген мекеме басшысы К.Жұмағалиев былтыр жұмысынан босатылған.

Соңғы үш жылда бес бала жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Мысалы, бір патронат тәрбиелеушінің жолдасы отбасында азғындыққа ұрынғаны белгілі болды. Сондай-ақ, асырап алған жетім қызына өгей әкесінің қиянат жасап келгені  анықталды. Кінәлілерге жаза тағайындалды.  Ал облыстық балалар үйінде жымысқы ниетін жүзеге асырған қызметкер 17 жыл бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, жеңілтектікке барудың салдары да сорақы. Екі қыздың жезөкшелікпен айналысқаны анықталып, олар биыл арнайы мектепке жолданған. Ал теріс жолға түскен облыстық балалар үйінің үш тәрбиеленушісі ішкі істер органына есепке алынған. Облыста ата-анасы қараусыз қалдырған 541 баланың 286-сына ғана алимент қаржысы тағайындалған. Шын мәнісінде, 42 балаға ғана алимент төленеді екен

Облыс прокуроры білім саласының жауапты өкілдеріне күрмеулі түйіндерді жан-жақты талқылаудан өткізіп, алдағы аптада ұсыныстарын жолдауды тапсырды. Алдағы уақытта прокуратура уәкілетті органдармен бірлесіп, «Балалар үйі жоқ Орал» жобасын іске қоспақ.

 

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале