бөкей ордасы ауданы орталығындағы М-С. Бабажанов атындағы ЖОББ мектебінің акт залында оқу жылы қорытындысы аясында білім биігін бағындырған үздік мұғалімдер мен оқушылар марапатталды.

Оқу жылын қорытындылаған айшықты шарада аудан басшысы Нұрлыбек Даумов:
–«Ел ертеңі — жастар» — дейді дана бабаларымыз. Еліміздің тарихы мәдениетінің тағдыры, дамуы мен мен жаңаруы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жасампаз жастарымызға байланысты. Бүгінгідей зымыран уақыт көшіне ілесу, кез келген ортада бәсекеге қабілетті болу үшін білім мен ғылым жетістіктерін меңгермей мүмкін емес. Дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан сайын, соған сай білім беру саласы да үздіксіз жетілдіріп отыруды қажет етеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев білім мен ғылымның дамуына аса мән беріп, жастарды оқуға, жаңа ғылым- білімді игеруге үндеп келеді. Білікті де білімді ұстаздардың тынбай ізденуінің арқасында мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік оқушылардың саны артуда. Ауданның білімді жастары республикалық, халықаралық деңгейдегі білім бәсекелерінде алдыңғы қатардан көрініп жүр. Сөзімнің айқын айғағы бүгінгі шараға қатысушы жастарымыз. Білім ұяларының қаймақтары саналатын өзінің білімімен, еңбегімен жетістікке жеткен талантты жастарымызды марапаттау, замандастары арасында дәріптеу, ел ішінде мадақтау болып табылады. Осы орайда, білім ұясының ұжымы, ұстаздардан бөлек, үйде тақымын қысып, баласының биікке көтерілуіне себепкер болып, тәлімі мен тәрбиесін берген ата-аналарға шексіз алғысымды білдіремін. Ал жас өрендерге тілерім, Ел сенімін, үлкендер үмітін ақтаймын деген талаптарыңызге нұр жауып, алдарыңызда болашақтың даңғыл жолы ашылсын! – деп сөз алды.


«Республикалық Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауында І орын иеленген М.Мәметова атындағы ЖОББМ мұғалімі Айгүл Ғұмарова, осы фестивальде ІІ орынға ие болған Қ.Сағырбаев атындағы МББК мұғалімі Тілекжан Бегишанов және «Республикалық Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауында ІІ орынға ие болған М-С.Бабажанов атындағы ЖОББМ мұғалімі Тоғжан Хаирова аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Сонымен қатар, республикалық «Зерде» зерттеу жобалары мен шығармашылық конкурсында ІІІ орынға ие болған Жәңгір хан атындағы ЖОББМ оқушысы Бақытгүл Файзхан (жетекшісі Альфия Аксенова), жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасында ІІІ орынға ие болған Карина Павлова М.Мәметова атындағы ЖОББМ оқушысы (жетекшісі Ақжарқын Кабдушева), ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадасында ІІІ орынға ие болған Б.Жаникешев атындағы ЖОББМ оқушысы Ұлдана Ғани (жетекшісі Гүлнар Шәмшітдинова), Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадасында ІІ орынға ие болған Ш.Жексенбаев атындағы МБК оқушысы Сабина Шынболат (жетекшісі Мәншүк Мұхамжарова), RoboLand – 2025 Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінің ІІ орын иегері, балалар-техникалық шығармашылық орталығының оқушысы Асылжан Бектұрсынов (жетекшісі Дамир Нұрболатов), RoboLand – 2025 Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінің ІІ орын иегері, Жәңгір хан атындағы ЖОББМ оқушысы Медхат Исаев (жетекшісі Жанна Әжіғалиева), республикалық балалар-техникалық шығармашылық орталығы «Кеме үлгілері» бойынша ҚР кубогінің ІІ орын иегері Жәңгірхан Қыдырғали (жетекішсі Дидар Сахратов), «Спорттық туризмнен Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат» спорттық разрядының иегері, балалар туризмі және экология орталығының оқушысы Гүлизар Жұмағалиева (жетекшісі Досжан Кенжебаев) және «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасының ІІІ орын иегері, М.Мәметова атындағы ЖОББМ оқушысы Анида Ахметкереева (жетекшісі Айшагүл Алтаяқова) аудан басшысының алғысхатына ие болды.

Жоғарда аталған үздік оқушыларымызға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омарова да алғысхат табыстады.

Сонымен қатар, Астана қаласында өткен баскетболдан 7-8 сынып оқушы қыздар арасында республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жүлдегерлері командасы мен олардың жетекшісі Алмабек Жанғалиев «Білім саласы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Найлягүл Нарбулованың алғысхатына ие болды.
Темхар Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы