22.05.2025, 10:30
Оқылды: 208

Жәңгір хан университетінде хакім Абайдың 180 жылдығына орай шара өтті

 

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай «Абай мұрасы – рухани құндылықтардың қайнар көзі» атты дөңгелек үстел өтті.

DSC03650

Оқу орнындағы «Жалпы даму және кәсіби білім беру педагогтарын даярлау», «Парасат» ақпараттық білім беру орталықтары ұйымдастырған шарада алдымен сөз алған тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов хакім Абайдың шығармашылығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына негіз болғанын, философиялық идеялары халықтың рухани дамуына терең әсер еткенін атап өтті. – Бүгінгі шараның мақсаты – Абайдың шығармашылығын насихаттау, әлемдік деңгейде танылған ұлы ақын мұраларындағы әрбір сөзді санаға сіңіру, жастардың бойында ұлттық рухани құндылықтарды қалыптастыру. Сонымен қатар Абай әлеміне жастардың ойын терең үңілтіп, түсіндіріп,  өз елін, жерін сүйетін, өзін сыйлайтын, халқын құрметтейтін, елге пайдасы тиетін адал азамат тәрбиелеу. Ойшыл тұлғаның мұрасы әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады, ал бүгінгі шара – оның өнегелі өмірі мен шығармашылығына деген құрметіміздің белгісі, – деді Ақылбек Ұзақбайұлы.

Жәңгір хан университетінің профессор, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев – қазақтың дара ақынының шығармашылығын кеңінен зерттеп, насихаттап жүрген ғалымдардың бірі. Ұлы ақын туралы толғамды мақалалары жергілікті және республикалық газет-журналдарда жарық көріп жүр. Ғалым-ұстаз биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Абай Құнанбайұлының мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатқаны көңіл қуантатынын жеткізді. «Абай – қазақтың ғана емес, күллі адамзаттың ұстазы. Мен қазақ философиясының ерекшелігін Абайдан іздедім» дейді кемеңгер ойшыл тұлға туралы жазған әр мақаласы бір-бірін қайталамайтын ғалым Тілекжан Хасенұлы.

Философия ғылымдарының кандидаты, доцент Венера Есенғалиева ұлы Абайдың қара сөздеріне, ондағы тұшымды ойларына тоқталды. – Ақынның даналық сөздері – жастарға өмірлік азық болады. Әр сөзінің астарына мән беріп, түсініп оқысаңыздар, тәрбиелік мәні зор. Мысалы, өзінің бір нақыл сөзінде философ ақын «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі – ақымақтық» деген екен. Бүгінде адамдар бір-бірімен зәулім үй, қымбат көлік, сәнді киім сынды дүниелермен бәсекеге түседі. Ал ең бастысы, адам бойындағы ақыл, білім, ар, мінез екенін ұмытпаңыздар, – деп, Абайдың даналық ойын жастарға кеңес ретінде айтып өтті.

DSC03693

Бұдан әрі «Парасат» ақпараттық білім беру орталығының директоры Айгүл Есенаманова ақынның сирек басылымдағы мәдени мұраларына назар аудартса, «Тілдерді дамыту орталығының» аға оқытушысы Ақкербез Аманғалиева 32 және 38-қара сөздерінің мәніне үңілді.

Дөңгелек үстелге қатысқан білім алушылар ұлы ойшыл, ақынның ғибратты өмір жолы, тағылымға толы шығармалары, асыл мұралары, өнеге тұнған өсиеттері туралы біраз мәліметке қанықты. Сонымен қатар  «Жалпы даму және кәсіби білім беру педагогтарын даярлау орталығы» дайындаған бейнеүзікті тамашалап, ақынның өлеңдері мен әндерінен үзінді тыңдады.

БҚАТУ медиа орталығы   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале