Түлектерге арналған салтанатты шара - мектеп бітірушілердің жүректеріне қимастық сезімін ұялатып, ерекше тебірентетін сәт. Бұл күн 11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, қолдарына қалам ұстауды үйреткен ұстаздар мен шәкірттердің қоштасу мерекесі.

Бүгін Алма Оразбаева мектебінде 2024-2025 оқу жылының аяқталу құрметіне арналған “Мектебім, саған мың алғыс!” атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева, Казталов ауданының депутаты Дулат Рахматуллин, ардагер ұстаздар Илан Бекенұлы, Темірболат Нұғманұлы, Маруа Бекболатқызы, Аққойсын Жұмашқызы, қамқоршылық кеңесінің төрайымы Аягүл Есентайқызы, ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлзар Ануарбекқызы қатысты.
Салтанатты шара 10 сынып оқушыларының егеменді еліміздің Туын көкке көтеруімен басталды.

Мектеп үшін биыл жетістіктерге толы жыл болды. Атап айтап болсақ, ауданның, облыстың, республиканың мақтанышы 10 сынып оқушысы Дана Талапова қазақ тілінен ауыл мектеп оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінен І орын және республикалық кезеңінен ІІ орынға болды.
9 сынып оқушысы Айзере Нұрахунова химия пәнінен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінен ІІ орын және республикалық кезеңінен ІІІ орынға болды.
Мектеп президенті 10 сынып оқушысы Нұрдәулет Ғазизжанов облыстық “Әбіш оқулары” байқауының ІІ орын жүлдегері атанды.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы құттықтау сөз сөйлеп, белсенді ата-аналармен оқушыларға алғысхат табыстады. 1 сынып оқушыларының орындауындағы “Мектебім” әні оқушыларға ерекше әсер сыйлады.
Аудан депутаты Дулат Қазиоллаұлы, ардагер ұстаздар атынан Темірболат Нұғманов, ата-аналар атынан Арайлым Шаутова оқушыларды мерекемен құттықтап, ұстаздарына ризашылығын білдірді. Ал 11 сынып түлектерінің ұстаздары атынан Алмагүл Махитова 11 жыл білім алған алтын ұясынан қанат қағып, биікке ұшып, үлкен өмірге қадам басқалы отырған жас түлектеріне жылы лебізін білдірді. Мектептің мақтанышы, “Алтын белгіге” үміткер 11 сынып оқушысы Аяулым Талапова мектеп президенті Нұрдәулет Ғазизжановқа білім кілтін табыстады.

Мектеп түлектері «Мектебім” атты әдеби сазды мюзиклін сахналады. Орынгүл Файхрахменнің орындауындағы “Қимай тұрмын” әні жас түлектердің жүрегін елжіретіп, жанарларына жас ұялатты.
Үлкен өмірге қадам басқалы отырған шәкірттеріне ұстаздары “Тек Алға” әнін шырқап, сәттілік тіледі.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы