27.05.2025, 17:15
Оқылды: 198

Ержүрек жауынгер – Ғабдош Ақжанов

Сырым ауданының тумасы (бұрынғы Жымпиты) – Ғабдош Ақжанов соғысқа дейін «Қызыл ту» (қазіргі Алғабас ауылы) ұжымшарында бригадир болып жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезеңінде халықпен бірге аянбай еңбек етеді. Соғысқа дейін де халықтың әл-ауқаты мәз емес еді. Халық күйзеліске ұшырап, ел үреймен ғұмыр кешкен заман еді-ау! Сұрапыл соғыс қасіретті  күндердің  салмағын  еселей  түсті.

0514010-1

Ұлы Отан соғысы басталғанда Ғабдош Ақжанов 37 жаста болатын. Есейіп, еңсе тіктеген сақа жігіт 1903 жылы сол кездегі Тайпақ ауданының Есенсай ауылында дүниеге келген. Руы – Масқар, оның ішінде Құрман-Қожансүгірі. 1941 жылы өзі сұранып, Жымпитыдағы әскери комиссариаттан соғыс даласына аттанады. Сөйтіп, қанды қырғын болып жатқан Сталинград майданынан бір-ақ шығады. «Өлмей, берілме!» деген бас қолбасшы Иосиф Сталиннің осы сөзі барлық солдаттың аузында  жүрді.

Неміс фашистері қанша шабуылдаса да, қаһарман жауынгерлер Сталинградты жан аямай қорғады. Олар бораған оққа қарсы тұрып, ақтық демі, қасық қаны қалғанша ұрыс жүргізе берді. Сол батыр майдангерлердің қатарында Ғабдош Ақжанов та болды. Ол жаяу әскер қатарында жауға қарсы тұрып, қарсыластың танктерін өткізуге бөгет жасады. Осы бір қанды қасап шайқаста мынадай ерлік көрсетті. Жолына түскенді жайпап келе жатқан немістің «Тигріне» жер бауырлап барып, оған граната лақтырып, отқа орайды. Бұл ержүректілігін естіген басшылық оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттайды. Бұл медальдің құны ол кезде орденмен парапар еді.

Майдандағы қилы жолдар жалғасын тауып, ол Белоруссия майданындағы ұрыстарға араласады. 1942 жылы Витебск қаласы үшін болған қанды шайқаста ауыр жараланып, үш ай госпитальда ем алады. Тәуір болған соң жауынгер 206 дивизияның құрамында 748-атқыштар полкінде соғысады. Осы қырғын соғыста жаудың тоғыз солдатын жер жастандырып, екінші мәрте «Ерлігі үшін»  медаліне ие болады. Жарылыс әсерінен ауаның толқыны ауыр соққы болып тиіп, бас жарақатын (контузия) алады. Тағы да госпитальға түсіп, жазылғасын қайта майданға  аттанады.

Ғабдош Ақжанов Курск, Минск, Варшава қалаларын азат етіп, Виоладан өтіп Шверин, Мезерин, Швибус ұрыстарына қатысады. Венгрияның астанасы Будапештегі соғыста да ерлік көрсетеді. Ержүрек майдангер «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Будапешті азат еткені үшін» медальдарымен марапатталады. Сондай-ақ Сталиннің қолынан алғысхат  алады.

Елге 1946 жылы оралады. Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жұмысына араласады. Өмірлік серігі Бижамал ханыммен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Олар ата-ана бақытына бөленіп, Иосиф, Гүлайым деген ұлқызды  тәрбиелеп  өсіреді.

Ол кемел ой, көркем сөзімен танылып, көшбасшылық қасиетінің нәтижесінде «Қарағанды», «Бүрлікіш», «Қызыл ту» ұжымшарларының төрағасы болып қызмет атқарды. Ел-жұртқа әркез сыйлы болды. «Бастықпын» деп кеуде соқпайтын.

Өзі өнерден де құралақан емес-ті. Әсіресе, Қ. Сағырбайұлының «Адай», «Түрмеден қашқан» күйлерін шеберлікпен орындайтын.

1950 жылы «Қызыл ту» ұжымшарының бастығы Ғабдош Ақжановтың үйіне «Қызыл ту» газетінің редакторы, ақын Қуан Тастанбеков келеді. Төрге шығып, жайғасқан Қуанның көзі ілулі тұрған домбыраға түседі. Шайға дейін ән айтайық деп, ақын домбыраны шертіп жіберсе, қоңыр үні күмбірлей кетеді. Домбыраның даусына құлақ түрген Ғабдоштың үш жасар қызы Гүлайым жатырқамай, ақынның тізесіне отырады. Сонда Қуан ақын: «Мына кішкентай қызың болайын деп тұрған бала екен. «Жаны жақсы ағаның етегін баспа, жолын қу. Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Ендеше, осы қызыңа шығарған өлеңім болсын», – деп, «Колхоз қызы Гүлайна» деген өлең шығарған  екен.

Кейін бұл өлеңге ән жазылып, ол «Колхоз қызы Гүлайна» деген атаумен орындалып жүрді. Гүлайым өскенде әнші, биші  деген  бекзат  өнер  иесі  болды.

Аяулы азамат Ғабдош Ақжанов, өкінішке қарай, ауыр жарақаттан айыға алмай, 1956 жылы  бұл  өмірден  бақиға  бет  түзеді.

Социал Пұсырман,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале