31.05.2025, 15:24
Оқылды: 355

Оралда саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухтарына тағзым етілді

31 мамыр – ел тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жазықсыз жандарды және миллиондаған адамның өліміне әкеп соққан ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Орал қалалық зират аумағындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, қасіретті кезеңде өмірі қиылған ата-бабаларымыздың рухына тағзым етілді.

IMG_3251

Іс-шараға қатысушылар қатарында облыстық және қалалық мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, «Amanat» партиясы облыстық филиалының, этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік құрылымдардың, ардагерлер кеңестерінің, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері, Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының ұстаздары мен білім алушылары және БАҚ өкілдері болды.

IMG_3250
Шара барысында айтылғандай, бұл күннің Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін маңызы ерекше. ХХ ғасырдың бейбіт кезеңдерінде әлем елдерінде 170 млн адам қаза болса, 1927-1953 жылдары Қазақстанда қуғын-сүргінге 103 мың адам ұшырап, 25 мың адам атылған. Олардың арасында батысқазақстандықтар да болды. Сталиндік биліктен зорлық пен зомбылық көріп, көз жұмған адамдардың ерен еңбегі, ерлік рухы ұмытылмайды. Аштықтан, әділетсіздіктен зардап шеккен миллиондаған жандардың қасіреті ұлттық жадымыздың төрінде сақтаулы. Ендігі міндет – болашақта мұндай нәубетті болдырмау.

IMG_3254
Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Рысбековтың айтуынша, 1997 жыл елімізде Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сонымен қатар 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланып, жыл сайын аталып өтеді.

IMG_3253

– Қазақстан тарихында нәубет қиын жылдар көп болған. Ол 1921-1953 жылдар аралығын қамтиды. Осы кезеңде ашаршылық, репрессиялық әрекеттер көп орын алды. Соның кесірінен елімізде 100 мыңнан астам адам жазаланып, 25 мыңы атылған. Соңғы кездері архивтік құжаттардың ашылуына байланысты бұл көрсеткіштер әлі де өсуі ықтимал. Бұл кезеңде еліміздегі қиындықтардың болу себебі сол уақыттағы саяси қуғын-сүргін қарекеттерімен байланысты болды, – деді Тұяқбай Зейітұлы.

IMG_3248

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы
«Орал өңірі»

Суретке түсірген: Бекзат Қанәділ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале