3.06.2025, 16:00
Оқылды: 442

«Айнушаның» екпіні бәсеңдемейді

Орал қаласындағы «Айнуша» жеке кәсіпкерлігінің өңір нарығында өз өнімдерімен танылғанына бір жылдай болды. Бастамада бес өнім түрін өндіретін. Оның ішінде етке, мәнтіге, круасанға, самсаға арналған жайма қамыр және ірімшік қосылған нан өнімдері сұранысқа ие болды. Шағын цехта осы өнім түрлеріне тапсырыс қабылдап, күн өте келе сұраныс шарықтап өсті. Кәсіпкерлік иелері ерлі-зайыпты Гүлперизат Өтепқалиева мен Ернар Нұрболатов отбасылық бизнестің «құлашын» кеңге жаюы үшін тыным таппай еңбектенді.

IMGP3938 (1)

Содан жаңа үй кешенінің жертөлесін сатып алып, жөндеуден өткізіп, жарқыраған цехқа айналдырды. Ресейден қажетті  құрал-жабдықтарды өз қаражаттарына алды. Қамыр илейтін, жаятын, лағманды, лапшаны созып, кесетін және басқа да жабдықтарды орнатып, іске қосты.  Бұл күндері өнім түрі 30-ға жетті, оған қоса сүт, тәтті құрт, май-қаймақ та ұсынады. Жартылай дайын өнімдерді өндіруге қажетті табиғи ет пен сүтті Бәйтерек ауданындағы шаруашылықтардан келісімшартпен алдыртады. Сүтті электр сеператорда тартып, одан сүт өнімдері дайындалады. Әлі де сол тұтынушылар мен сауда орындарының тапсырыстарына сай өнім өндіруде. Отандық кәсіпкерліктің екпіні үдей түскендей.

– Бастапқы кезде дайындалған қамырдың құр өзін сата беріппін. Содан ойлана келе, мәнті, тұшпара, вареники жасап, тұтынушыларға ұсындық. Содан әрі қарай ісіміз оңға басты. Өнімдеріміз сертификатталған, табиғи, химиялық қоспадан ада. Қазіргі кезде 20 адамға тұрақты жұмыс беріп отырмыз. Біздің «Айнушаның» өнім түрлерін декретте отырған аналар алып, сатып отыр. Осылайша оларға да үйде отырып, табыс табуға мүмкіндік берудеміз, –  деді  Гүлперизат  Аманғалиқызы.

WhatsApp Image 2025-06-03 at 16.11.22

Иә, жас кәсіпкерлерді білетіндер олардың табысты ғана ойламайтынын, өзгеге болсын деп қолұшын созып жүретіндерін жақсы біледі. Қара бастың қамын күйттей бермей, басқаларға да шарапатын тигізетін жандардың жолы қашан да болады емес пе?! Бүгінгідей жетістікке жету үшін жас жұбайлар талай қиындықты бастан кешірді. Бір-бірін қолтықтан демеп алға ұмтылғанның арқасында нәтижеге қол жеткізді.  Кәсіпкерлік жолы оңай деп сырт көздер ғана айтады. Ернар студент кезінен өз күнін өзі көруге ұмтылды. Несиеге фотоаппарат алып, той-томалақтарды таспаға түсірді. «Агент» әлеуметтік желісі арқылы танысқан Гүлперизатқа үйленіп, отбасын құрды.

Ернар құрылысшы дипломын алып, маман атанумен қатар әке де атанды. Осылайша бірі құрылысшы студент, екіншісі балабақша тәрбиешісі болып еңбек жолын бастаған кейіпкерлеріміз он жылдың ішінде кәсіпкерлік жолында өзіндік қолтаңбаларымен  танылды.

– «Заңғар» балақшасында тәрбиеші болып 5 жыл қызмет еттім. Сонда 18 топ болды. Тәрбиеші ретінде тәжірибеден өткенімде қажетті көрнекіліктерді Ернар үйде принтерден басып шығарды.

Содан уақыт өте келе, біз үлкен форматта ертегі кітаптарын жасап, ламинаттап, 18 топтың тәрбиешілеріне ұсындық. Тапсырыстар көп болды. Осылайша әріптестеріме полиграфиялық қызметтерді ұсынып, тиынтебен табуды үйрендім, – деп еске алды  өткенін Гүлперизат.

Ернар да балабақшалардағы ертеңгіліктер мен қоштасу кештерін бейнекамераға түсіріп, отбасы бюджетін молайтты. Еңбекқор жас отбасы қолдарынан келген шаруаны атқарып, жиған қаражатқа шағын орынды жалға алды. Енді шақыру билеттеріне, буклеттерге, брошюраларға, виньеткаларға тапсырыс алып, уақтылы орындап отырған. Өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын жастардың кәсібі дөңгеленіп, өрге тартқан. Ернар NURCITY құрылыс компаниясын да құрады. Ерсұлтан есімді үлкен ұлының есімімен аталатын жеке кәсіпкерлік ашып, «ERSULTAN company» мерекелік агенттігін құрды. Кейін аталған агенттікті өзгеге сатып, жиналған қаражатқа жаңа кәсіпті бастады. «Айнуша» кәсіпкерлігін сатып алып, оның жұмысын жаңа  биіктікке  көтерді.

– Өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, 20-30 жас аралығы кәсіп құрып, жетістікке жетуге мүмкіндік беретін уақыт деп есептеймін. Бірінші идея – бастама  керек, одан соң оны жүзеге асыру үшін еңбектеніп, талпынған жөн. Алға мақсат қойып, соған жетуге ұмтылып, еңбектенген адам   жетістікке жетеді, – дейді  Ернар.

«Айнуша» өз өнімдерін Орал қаласындағы барлық супермаркетке, бірқатар дүкенге өткізеді. Одан басқа өңірдегі барлық ауыл-ауданды қамтиды. Әсіресе, ет асқанда қамыр жаюға уақыт тапшы болғанда, қыз-келіншек дүкеннен «Айнушаның» жаймасын іздейді. Өзге өңірлерден де кәсіпкерліктің өнімдеріне сұраныс бар. Алдағы кезде сол сұраныстарды өтеу күн тәртібіне қойылып, жоспарға енгізілген. Бір қызығы, кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттің қолдау-көмегіне жүгіне қоймаған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге берілетін субсидия, ерекше жобаны «жандандыруға» ұсынылатын грант қаражатын алып көрмеген.  Гүлперизат Аманғалиқызы алдағы кездері франшиза бизнесін бастауды жоспарлаған. Әзірге онлайн, офлайн шеберлік сағаттарын өткізуде. Кәсіпкерлік қайырымдылық акцияларынан тыс қалмайды, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуді ұмытпайды. Бірақ ондай істерін жарнамалай  бермейді.

WhatsApp Image 2025-06-03 at 16.07.20

– Тұрмыс құрғаныма он жыл болды. Екі бөпем бар. Ата-енеммен бірге тұрамын. Сондай мейірімді отбасына келін боп түскеніме шүкіршілік етемін. Үйдегі үлкендер: «Жұмыс істеңдер, жас кезде еңбек етіңдер», – деп батиқаларын беріп, немерелерін қарап, бізге қолдау көрсетіп отыр. Соның арқасында алаңсыз шауып жүрміз. Жоба-жоспарымыз көп, – деді Гүлперизат ағынан жарылып.

Ернар да, Гүлперизат та – 31 жаста. Жас кәсіпкерлердің шығар биігі әлі алда. «Айнушаның» екпіні бәсеңдемесін дейік.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале