Соңғы кездері Бәйтерек ауданында электр бағындары мен желілерін ауыстыру жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жергілікті бюджет есебінен атқарылып жатқан осынау жұмыстардың нәтижесінде ауылдарды электр қуатымен қамту сапасы айтарлықтай жақсарды. Қыс мезгілінде бұрын свет сөніп қалатын біраз елді мекендерде биыл мұндай жайттар орын алған жоқ. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының өмір сапасының артуына, әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.

Бұл жөнінде аудан әкімі Марат Тоқжановтың Құрманғазы, Сұлукөл, Чиров, Раздольный ауылдық округтарының тұрғындарымен болған есептік кездесуінде айтылды.
Мұндай жайлылықты қазір Құрманғазы ауылдық округінің тұрғындары сезінуде. Соған орай аталмыш ауылдық округінің әкімі Әдемі Жұманиязова құрманғазылықтар атынан аудан басшылығына ризашылығын жеткізді.
Әдемі Құбышқызы өткен есептік кездесуде көтерілген мәселелерге де тоқталды. Біріншісі, ауылға кіреберістегі жол белгілеріне қатысты. Соған орай биыл аудандық ТҮКШжАЖ бөліміне, аудандық полиция бөліміне хатар жолданды. Ал ауыл әкімдігімен жол бойында тұрған белгілер қалпына келтірілді. Ал қосымша жол белгілері әлі қойылған жоқ. Екіншісі, Быковка өзені аумағының тазылығына орай мекеме-кәсіпорын қызметкердерінің, ауыл тұрғындарының көмегімен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ауылішілік жолдарды жөндеу мәселесі әлі де өзекті. Аманат елді мекеніндегі медпункт уақытша жабылмақшы. Себебі ғимарат санитарлық талапқа сай емес. Сол себепті ондағы тұрғындарға медициналық қызметті Құрманғазыдағы медқызметкер көрсетеді.
Биыл мұнда біраз шаруалар атқарылмақшы. Олардың ішінде ауылға кіреберістегі көше шамдарын орнату, қоқыс үйінділерін жою, балалар алаңы мен бейнекамералар орнату бар.
Сұлукөл ауылдық округіннің әкімі Жаслан Қойшыбаевтың сөзіне қарағанда, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер тұрақты. Биылғы жылға арналған салық түсінімің жоспары 2181 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар ауылдың ішкі жолдарын күтіп ұстауға 2719 мың, көшелерді жарықтандыруға 1463 мың теңге, абаттандыруға 300 мың теңге қаралған. Биыл егіс алқабына 928 гектар күздік, 1500 гектар жазғы бидай, 1762 гектар күнбағыс, 1725 га жасымық, 260 гектар арпа, 400-сафлор, 185 -ноқат, 40-сафлор егілмекші. “АгросервисБатыс” ЖШС техникаларының көмегімен ауылда абаттандыру жұмыстары мен бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілді.

Чировта да салық жинау жақсы жолға қойылған. Округ әкімі Николай Штыктың айтуынша, былтыр 2495 мың теңгенің орнына 2975 мың теңге жиналған. Соның ішінде қосымша құн салығы 180, мүлік салығыны 140, көлік салығы 112, жер салығы 106 пайызға орындалған.
Чиров ауылының тұрғыны Айгүл Құрбанова аудан басшылығының шекарадағы елдімекендерге жіті көңіл бөліп отырғаны үшін алғысын білдірді. Соның нәтижесінде ауылда жаңа үйлер бойкөтеріп, халық саны артып келе жатыр.

Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасатынын жеткізді. Себебі, шекаралық елді мекендерді дамыту - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Раздольныйлықтар үшін биылғы жыл ауыл әкімінің сайлауымен басталды. Тұрғындар осы кезге дейін округты басқарып келген Болат Ерболатовқа 95,5 пайыз дауысын берді. Есептік кездесуде Болат Хайролаұлы өткен кездесуде көтерілген екі мәселе, яғни Раздольныйға жаңа клуб және Ақбидайға шағын футбол алаңын салу күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.
-Жергілікті қоғамдастық келісімімен былтыр түскен 3 млн 55 мың теңге салықтың 2,2 млн теңгегесі спорт алаңын жөндеуге, 700 мың теңгесі қызметтік автокөліктерді жөндеуге, 155 мың теңгесі абаттандыруға, соның ішінде газ құбырларын сырлауға бөлінді,-деді Болат Хайроллаұлы.
Ауылдық округтерде өткен кездесулерде негізінен білім беру нысандарын, ауылішілікті жолдарды жөндеу, ауыз сумен, газбен қамту мәселелері көтеріліп, оларға нақты жауаптар берілді.
Балым Ниетова
Бәйтерек ауданы