30.11.2016, 12:44
Оқылды: 97

Аналар үйі ашылғалы 82 сәби қамқорлықты сезінді

 БҚО-да Аналар үйінің ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да, мұнда келушілердің қарасы үзілмейді екен. Жанұяда түсініспеушілікке талғандар, зорлық-зомбылық көрген аналар балаларын арқалап осында келуге мәжбүр. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Зеленов ауданы Мичурин ауылдық округіндегі осы Аналар үйінің жағдайымен танысты.


Еліміз бойынша 26 Аналар үйі ашылған болса, оның біреуі біздің өңірде. Ана мен баланы уақытша болса да қанатының астына алып, қамқорлық көрсетіп отырған мекеменің іші жайлы, бөлмелері кең, кішкентай сәбилер үшін де барлық жағдай жасалған. Облыс әкімінің орынбасары Марат Лұқпанұлымен бірге облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларының, қала әкімдігінің өкілдері аталмыш мекеме ғимаратының ішін аралап, қазіргі жай-күйіне көз жеткізді.

- Ана мен баланың зорлық-зомбылыққа ұшырауына қарсы акцияға орай Аналар үйіне келіп, барлық жағдаймен танысудамыз. Әр түрлі қиын жағдайларға тап болған жас аналарымыздың осындағы қызметкерлердің қамқорлығын көріп жатқандарына куә болдық. Аталмыш мекеме қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінде еліміз бойынша 588 ана осындай Аналар үйінің қамқорлығын көрген. Қазіргі таңда 16 ана осы үйдің жылуын сезінуде. Оның төртеуінің аяғы ауыр. Осы мекеме ашылғалы 82 ана осында келіп паналаған екен, яғни 82 баланы жетімдер үйіне жібермей, аман алып қалдық деген сөз. Аналар үйі қызметкерлерінің жан-жақты жұмыстануының арқасында осында келген аналардың елу пайызы кейін отбасыларымен қосылған. Өңіріміздегі кәсіпкерлерімізден қиыншылыққа тап болған аналарымызға әрдайым қолұшын берулерін сұраймыз. Әр түрлі жағдайлармен Аналар үйінің қамқорлығына жүгінген аналарымыз қоғамнан шет қалмауы қажет деп есептеймін, - деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.

Келген қонақтарға іші сәбидің күлкісіне толы шаңырақтың жай-күйімен таныстырып жүрген үйлестіруші Надия Лисицынаның айтуынша, Аналар үйі негізінен 18 анаға арналған. Мұнда, әсіресе, қыс мезгілінде келушілер саны арта түседі екен. Сонымен қатар ол тігін цехын болашақта дамытуға болатынын айтып, ана мен балаға арналған бөлмелерді көрсетті.

- Өз баласын перзентханаға немесе жетімдер үйіне тапсырып жібергісі келетін қыздармен қажетіне қарай психолог мамандар жұмыс жасайды. Оларға Аналар үйі туралы айтып, осында алып келгеннен кейін тығыз қарым-қатынаста боламыз. Шамамыз келгенше отау құрып, бақытты жанұя болып кетуіне қолдау көрсетеміз. Жары мен баласынан алыстап қалған әкесіне сәбидің қылықты сәттерін бейнелейтін суреттерін жіберіп, одан да басқа түрлі әдістерді пайдалану арқылы отбасына деген махаббатын оятуға тырысамыз, - деді ол.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале