Шөлейт белдеуінде мал шаруашылығын тұрақты дамыту мәселелері талқыланған семинар өткен аптада Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу стансасында ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ғалымдар мен шаруа қожалық өкілдері қатысып, агротехникалық тәсілдердің тиімді үлгілерін ұсынып, теориялық және практикалық тәжірибелерімен бөлісті.

Облысымызда мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар аясында көрсетіліп отырған қолдау үлкен рөл атқарып отыр. Соның нәтижесінде шаруалар мал басын көбейтіп, өндірістік алаңдарын кеңейту мүмкіндігіне ие болуда. Алайда даму үдерісімен бірге түйткілді мәселелер де қатар жүр. Солардың бірі – жем-шөп қорының жеткіліксіздігі, әсіресе, облыстың оңтүстік аудандарында жауын-шашынның аз түсуінен жайылымдардағы шөп шығымы төмендеуде.
Семинар ұйымдастырушыларының айтуынша, мал азығы базасын қалыптастыру – Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі. Облыс аумағындағы егістік алқаптардың 85 пайыздан астамы шөлейтті аймақта орналасқан. Соған қарамастан, өңірдің оңтүстігіндегі фермерлер түрлі мал тұқымдарын өсірумен айналысуда. Алайда ғылыми зерттеулер көрсеткендей, жайылымдар тозып, қалпына келтіруді қажет етеді.
Бұл мәселені облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев та атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдардағы созылмалы құрғақшылық мал санының артуы қатар келіп отыр. Қазір кейбір шаруашылықтарда малды жаю нормасы екі еседен асып кеткен. Бұл жайылымдардың тозуына және шөп шығымының азаюына әкелуде.
Ғылым – фермерге тірек
Семинарға Атыраудағы Х. Досмұхамедов атындағы университеттің өкілдері де қатысты. Семинардың мақсаты – фермерлерге құрғақ дала аймағына бейімделген көпжылдық шөптердің әлеуеті жөнінде нақты ақпарат беру. Әсіресе, климат жағдайы мен өсімдіктердің үйлесімділігін ескере отырып, шөп тұқымдарын дұрыс таңдаудың маңыздылығы сөз болды.
– Біздің өңірде вегетациялық кезең қысқа, жауын-шашын көлемі 250-260 мм-ден аспайды. Сондықтан жай ғана құрғақшылыққа төзімді дақылдар емес, өзара үйлесімді өсу фазасында бір-біріне кедергі келтірмейтін шөп түрлерін таңдау қажет. Шөп қоспалары әдетте 3–4 компоненттен тұрады, ал олардың фитоценозы теңгерімді болуы тиіс, – дейді Орал ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу стансасының суармалы емес жерлер мен мал азығы өндірісі бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Бөлеков.
Оның айтуынша, Бөкей ордасы, Жәнібек және Сырым аудандарындағы фермерлер біржылдық дақылдармен, соның ішінде судан шөбін егуді бастап, біртіндеп көпжылдық мал азығын егуге көшіп жатыр.
– Біздің аймаққа негізінен еркек шөп, жоңышқа, эспарсет секілді шөптерді еккен дұрыс. Ал жауын-шашын тым аз түсетін оңтүстік аудандарда жоңышқаның орнына түйе жоңышқа еккен дұрыс. Бізде бұл шөптердің тұқымы жеткілікті. Егемін деген жандарға қажетті тұқым тауып бере аламыз, – деді Төлеген Бөлеков.
Тәжірибе – нәтиженің негізі
Семинар қатысушылары тек теориямен шектелмей, тәжірибелі калқаптарға да барды. Мұнда құрғақшылыққа төзімді дақылдардың егісі және шөпті күтіп баптаудың тәсілдері тәжірибе жүзінде көрсетілді. Семинарға қатысқан «Боранбаев» шаруа қожалығының жетекшісі Мырзабай Боранбаев өз тәжірибесімен бөлісті.
– Біз еркекшөп (житняк) сеуіп, бір бөлігін қара бидаймен жауып тастадық. Нәтижесі көңіл қуантады. Судан шөбі бірінші жылы гектарынан 40 центнерге дейін өнім берді – үш рет орып алдық. Екінші жылы екі рет орып алдық. Қазір де өсіп тұр. Құрғақшылық жағдайында да жем-шөп алуға болады, – деді шаруа.
Семинар барысында Орал ауыл шаруашылығы стансасының мамандары ылғал сақтайтындай етіп жер жырту тәсілдерін, жергілікті тұқымдарды қолдану, төзімді дақылдарды іріктеудің түрлі тәсілдерімен бөлісті. Ғылыми стансаның жетекші ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ирина Диденконың айтуынша, семинарда ұсынылған дақылдар қатарында житаң, селеу, жоңышқа, есекмия сияқты шөп түрлері бар. Бұлар суармалы емес жерлерде де жақсы нәтиже береді.
– Шаруаларға есекмия мен еркекшөптің үйлесімі өте тиімдіекенін айтқым келеді. Бұл оңтүстік аймақтарда да сапалы өнім алуға және құнарлы жайылым жасауға мүмкіндік береді, – деді Ирина Диденко.
Үміт бар, жүйелі жұмыс қажет
Биылғы шабындық маусымы қандай болары әзірге белгісіз, себебі жауын-шашын мөлшері аз. Дегенмен, кейбір шаруашылықтарда жағдайдың біршама жақсарғаны байқалады. Көптеген фермерлер шөп егуді жолға қоюдың қажет екенін түсінді. Тіпті шөлейтті аймақтарда да бұл мүмкін екені дәлелденіп отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев өткен жылы облыстың төрт ауданында жем-шөп тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланғанын еске салды. Мемлекет тарапынан жем-шөп бағасын төмендету үшін субсидия бөлінген.
– Мұндай жағдай қалыпты құбылысқа айналмауы керек. Жыл сайын Мемлекет шығынды өтей алмайды. Мәселені ғылыми негізделген жүйелі тәсілмен шешу қажет, – деді ол.
Семинар соңында ұзақ жыл бойы ғылым мен аграрлық сектордыңтізе қосып жұмыстануына үлес қосып жүрген Орал ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу стансасының қызметкері Роза Мұқашева «Құрмет» орденімен марапатталды. Ол бұл салада 51 жыл қызмет еткен.
Осылайша, семинар фермерлерге нақты тәжірибелік құралдарды ұсынып қана қоймай, тіпті шөлейт пен жауын-шашыны аз аймақтар да тұрақты даму мүмкін екенін көрсетті. Ең бастысы – ғылым мен тәжірибенің үйлесім табуы.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»