Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарды ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру бойынша құрылған мобильді топ мүшелеріне арналған семинар өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Мұқанов, округ басшылары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Жақсылық Абдолов, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ бас сарапшысы Жазира Жоламан, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жетекші сарапшысы Асқар Ташенбаев, «FSM Social» цифрлық платформасын әзірлеуші Әділет Орашев, Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын үйлестіру жөніндегі жобалық кеңсенің сарапшылар пулінің мүшесі, Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Алмагүл Есенғалиева мен қозғалған тақырыпқа тікелей қатысы бар аудандық білім, денсаулық саласының және ішкі істер органдарының қызметкерлері, сондай-ақ аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан құрылған отбасын қолдау орталығының мамандары қатысты.
Айта кетейік, Президент Жарлығымен бекітілген «ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде отбасын қолдау орталықтарын құру көзделген болатын. Ауданымызда да ағымдағы жылдан бастап Бақытжамал Мақанова басқаратын аталмыш орталық қызметін атқаруда. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тапсырмасы бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарынан бері «FSM Social» мобильді қосымшасы іске қосылып, отбасылардың материалдық жағдайына тексеріс жүргізу қызметі цифрландырылды. Осы жөнінде ауданымызға арнайы ат басын бұрған Жақсылық Каримоллаұлы мен Эльмира Иниятққызы да аталған мәселеге кеңінен тоқталып, отбасын қолдау орталықтарының басты мақсатын жіті түсіндірді. Әрмен қарай Әділет Бақтыбайұлы залға жиналған сала мамандарына «FSM Social» цифрлық платформасына қалай тіркелу керектігін көрсетті. Түсінгенімізше, «FSM Social» мобильді қосымшасынан кез келген азаматтың ЖСН-ін теру арқылы оның мерзімі асқан несиесі, сотталып немесе сотталмағаны жөнінде, заң жүзінде ажырасқаны секілді әлеуметтік жағдайын анықтауға болады. Сонымен бірге өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыға кезіксеңіз, бұрынғыдай жауапты мекемеге жазбаша хат жолдап, жауабын 15 күн күтпейсіз.

Аталмыш цифрлық платформаға тіркеліп, қажетті мәліметтерді толтыру арқылы жергілікті отбасын қолдау орталығына дереу дабыл тастай аласыз. Семинар соңында қатысушылар тарапынан ұсыныс пен пікірге кезек берілді. Пятимар ЖОББМ-нің директоры Қазыбек Әлмұқанов оқушылармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де үздіксіз жұмыс жасайтын мектеп психологы мен әлеуметтік педагогтың айлық жалақысын көтеруді сөз етсе, Қызылоба ауылының әкімі Теміржан Серіков жоғарыда көрсетілген мобильді топ мүшелігіне дін өкілдерін де қатыстыруды сұрады.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы