13.06.2025, 16:15
Оқылды: 211

«Арманның асқарына құлаш ұрсам, алдымда асқар тау боп сен тұрасың»

Үкіметтің 2023 жылғы 1 маусымдағы қаулысына сәйкес Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісі ресми түрде Әкелер күні болып белгіленді. Бұл күн – отбасындағы әке рөлінің маңызын еске салып, әкелерге құрмет көрсетуге бағытталған. Балалық шақтағы әке бейнесі адам өмірінде ұмытылмас із қалдырады. Оның жүріс-тұрысы, сөзі, өмірге деген көзқарасы көбіне бала үшін өмірлік бағдарға айналады. Кейбірі әке тәліміне қарап бой түзейді, енді бірі ізін жалғайды. Бүгін біз өз жолын әке тағылымынан тапқан жандар жайлы сыр шертпекпіз.

WhatsApp Image 2025-06-13 at 16.16.49

Азат Ахметов,

ҚР Ұлттық ұланы Батыс өңірлік қолбасшылығы штабының мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің басшысы:

– Шенім – капитан. Ұлтым – ұйғыр. 1995 жылы Шымкент қаласында дүниеге келдім. Бүгінде Отан алдындағы борышымды адал атқарып жүргенімді мақтан етемін. Ал бұл жолды таңдауыма себепкер – менің әкем. Әкем – ішкі әскер ардагері, запастағы полковник. Ұлттық ұланның құрылымдарында ұзақ жыл еңбек етіп, Алматы мен Шымкент қалаларында түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Бала күнімде оның фуражкасы, иығындағы погондары, әр таңғы саптық дайындығы мен үшін ерекше көрінетін. Әкемді қасындағылар «нағыз офицер» деп сыйлайтын. Мен үшін де ол абырой мен тәртіптің бейнесі. Әскери өмірдің қандай болатынын өз көзіммен көріп өстім. Әкем маған «Әскери адам – алдымен рухани таза, сертке берік адам болу керек» деп үнемі айтып отыратын. Менің де осы жолды таңдауыма басқа себеп болған жоқ, әкемдей болғым келді. Оның жолын жалғап, өзі қалағандай азамат болуға тырыстым. Қазір әскери құрылымдағы маңызды салада, мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл – сенім артылған қызмет. Сол сенімді ақтау үшін өзіме де, өзгеге де талапты жоғары қоямын. Бүгінде мен де әкемін. Мұхаммад есімді ұлым өсіп келеді. Перзентім жарық дүниеге көрінгенде түсінгенім, әке болу да, әке жолымен жүру де  жауапкершілік. Әрбір азамат әке болар алдында өзін тәрбиелеуі керек. Себебі әке – тек қамқоршы емес, бағыт көрсетуші, болмыс қалыптастырушы.

WhatsApp Image 2025-06-13 at 16.16.25

Құттыгүл Елемес,

Орал қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №46 мектептің биология пәні мұғалімі:

– Ұстаз болу жай мамандық емес, өмірлік миссия. Десе де, бұл жол мен үшін бірден айқын бола қойған жоқ. Бала күнімде дәрігер болуды армандайтынмын. Ақ желеңділердің жанға шипа, көңілге сенім ұялатар еңбегіне қатты қызығатынмын. Бірақ тағдыр мені басқа арнаға бұрып, ақыры мектепке, ұстаздық жолға алып келді. Бұл жолды таңдауыма әсер еткен менің әкем. Әкем Нұрлан Шхан – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаз. Әкемнің сабырлы мінезі мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілігі менің де мұғалім мамандығына қызығушылығымды оятты. Ол маған «Әр нәрсенің өз уақыты бар» деп жиі айтатын. Сол бір қарапайым сөздің астарында терең даналық жатқанын кейін ұқтым. Қай кезде де асықпай, өзіңе сеніп, ісіңе адал болу – сол кісіден алған басты сабағым. Жалпы, біз бұл дүниеге келген сәттен бастап ең алдымен сүйенер тірегіміз – әке мен ана. Бала ата-анасына қарап бой түзейді, алғашқы адами қасиеттерді, мінез-құлық пен құндылықтарды солардан үйренеді. Әсіресе қыз бала үшін әке – ерекше тұлға. Ол өзінің болашақтағы ер-азаматқа деген көзқарасын, сенім мен сыйластық ұғымдарын да көбіне әкесінің бейнесі арқылы қалыптастырады. Әкемнің сабырлы мінезі, ұстаздыққа деген шексіз адалдығы – менің өміріме бағыт берді. Сол үшін де оған алғысым шексіз.

WhatsApp Image 2025-06-13 at 16.16.03

Әлібек Айтқалиев,

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Орал қалалық полиция басқармасының криминалисі:

– Мен – криминалистпін. Облыс аумағында қылмыстық істерді ашу, дәлелдер жинау, із кесу сияқты жұмыстармен айналысып келемін. Қылмыскерді ұстау – техника мен түйсікке, дәлдік пен төзімге негізделген жұмыс. Бірақ бұл салаға мен жай ғана қызығып келген жоқпын. Осы жолды әкемнің ізімен жүріп таңдадым. 1994 жылы Ақжайық ауданының Чапаев ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым Орал қаласында өтті. Әкем Жәнібек Айтқалиев Орал қалалық полиция басқармасында №15 тірек пунктінде учаскелік инспектор болып, ұзақ жыл қызмет етті. 2011 жылы капитан шенімен зейнетке шықты. Мен әкемнің таңғы сапарға ертерек кетіп, кейде түн жарымда оралғанын жиі көретінмін. Бірақ ешқашан «Шаршадым» демейтін. Айтатыны, «Халықтың тыныштығы – біздің басты борышымыз». Мен әкемнің жолын жалғап, ол кісінің өмірлік ұстанымын да бойыма сіңіруге тырысып келемін. Әкем үшін полиция формасы – қызмет емес, абырой болатын. Мен үшін де солай. Сондықтан бұл форма маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазір «Бір күні менің де ұлым формама қарап, мен секілді болғысы келсе...» деп көп ойланамын. Әкем мен үшін қандай өнеге болса, мен де өз перзентіме сондай бола алсам – бұл маған ең үлкен жетістік болар еді.

Әкелер күніне орай сауалнаманы жүргізген: Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале