18.06.2025, 15:45
Оқылды: 413

Бюджет қоржыны қомақтыланып келеді

Бұл күндері әлем елдері дағдарысты бастан кешуде. Осы жағдай АҚШ-тағы саяси өзгерістерге, Президент Д. Трамптың әлеммен сауда соғысын бастап, бірнеше елдің тауарларына баж салығын енгізуімен байланысты орын алып отыр. Қаржылық майдан жалғасып, мұнайдың бағасы 10%-дан төмен түсті. Қауіптісі – мұнай бағасының төмендеуі. Республикалық бюджет мұнай барреліне 75 доллар деп есептелген болса,  қазіргі кезде оның бағасы 69,5 долларға түсті. Өткенде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұнай бағасының күрт төмендеуі ел экономикасына, мемлекеттік кірістер мен теңге бағамына айтарлықтай ықпал ететінін айтты. Оған қоса, мұның «Қазақстан бақылауындағы жағдай емес», дайындықпен қарсы тұру керек екендігін мәлімдеді. Әлемдегі экономикалық дағдарыс, іргедегі Ресейдегі геосаяси жағдай – осының барлығы да еліміздің экономикасына, республикалық және жергілікті бюджеттерге «салқынын» тигізеді. Ендеше, өткен жылғы бюджеттің игерілуі және биылғы бюджеттің жайы туралы саралап көрелік.

WhatsApp Image 2025-06-18 at 16.16.03

– Өткен жылы өңірімізде алапат су тасқыны болды. Бюджет шығындары көктемгі тасқынның алдын алуға  және тасқыннан зардап шеккендерге төлемақы төлеуге бағытталды. Сонымен қатар облыстық бюджеттен және «Ақжайық» қорынан апатты деп танылған үйлерді жөндеуден өткізуге 3,5 млрд теңге қаражат бөлініп, жұмсалды. Тасқынның зардабын жоюға демеушілер, «Қазақстан халқына» қоры, ірі кәсіпорын-компаниялар және облыстық бюджет бөлген қаражатты қоса алғанда, барлығы 112 млрд теңге  қаржы жұмсалды. Жаңадан тұрғын үйлер салынды, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті. Былтыр қуаңшылыққа қоса киіктерден зардап шеккен оңтүстік аудандарда жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Басқа аудан-аумақтан тасымалданатын мал азығын арзандатуға бюджеттен 531 млн теңге бөлінді. Жалпы алғанда төтенше жағдайларға байланысты бюджеттен 28,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Осыған қарамастан біраз  жоба-жоспар орындалды, – деді облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев.

Қазіргі кезде облыстық бюджетке өсім тән. Соңғы сессияда нақтыланып, бекітілген бюджет – 517,3 млрд теңге. Бұған кірістер, республикалық трансферттер (мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген шаруаларды орындауға) және жоғары тұрған бюджеттен берілген субвенциялар кіреді. Бұл көрсеткіштің былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда өскені байқалады. Мәслихат төрағасы бюджет тапшылығын ескере отырып, кейбір іс-шараларды қысқартуға тура келгенін айтады. Оның ішінде бірінші кезекте имидждік (мәдени, көпшілік шаралар) шаралар күн тәртібінен алынған.  2024 жылы 3,7 млрд теңге үнемделді. Өзге облыстарға қарағанда өңіріміздегі елді мекендердің саны өте көп. Бүгінде Ақ Жайық өңірінде 405 елді мекен бар. Соның 150 шақтысы – округтердің орталығы, 122-сі – шекара маңындағы ауылдар.

Бюджеттен бөлінген қаражатты мақсатты әрі уақтылы игеру экономикалық дамуға жетелейді. Елді мекендердің көп болуы қаржыны тиімді пайдалану  жағынан  қиынға соғады. Мысалға, Атырау облысында 153 (3 есе аз), Маңғыстау облысында 59 (7 есе аз) елді мекен бар. Ол өңірлердегі жолдың ұзындығы да біздегі жол ұзындығына қарағанда едәуір қысқа. Алайда бізге республикадан субвенция, трансферттер қазіргі қолданыстағы Қаржы министрлігінің әдістемесі бойынша халық санына қарай бөлінеді. Сондықтан қаржы-қаражат халық санына қарай емес, елді мекендердің санына қарай бөлінсе дейміз. Өйткені әр елді мекенде медициналық пункт, мектеп,  балабақша секілді әлеуметтік нысандар бар. Ауылдарға жол керек. Күні кеше Мәжіліс пен Сенатта болғанымда, өкілетті заң шығарушы құрылымдарға өз ұсынысымды бердім. Өзге облыстарға қарағанда бізге қаржының молырақ бөлінгені дұрыс. Өйткені жаңа  айтып өткенімдей, елді мекендер көп. Алдағы уақытта біз бұл мәселені Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне барып, талқыламақпыз, – деді Мұрат Рахметұлы.

Төрағаның айтуынша, бюджет тапшылығына қарамастан «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ауылдарға инфрақұрылым тартуға  бөлінетін қаржы көлемін  азайтпау   – басты назарда.  2023-2025 жылдар ішінде аталған жоба аясында елді мекендердегі көше жолдарын орташа  және күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңгеден бөлініп келді. Жергілікті жолдардың желісін дамытуға 2023 жылы облыстық бюджеттен 6,6 млрд теңге, 2024 жылы 6,5 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталды. Бөлінген бюджет қаражатының игерілуі  көңілге қонымды.

Өткен жылғы облыстық бюджеттің  қорытынды шамасы 524,2 млрд теңгені құрады. Биылғы бюджет соңғы нақтылауда 517,3 млрд теңге болды, бірақ ол әлі де толығады. Өйткені маусым, шілде айында облыстық бюджет кірістері есептеледі, республикалық бюджеттен трансферттер бөлініп, нақтыланады. Болжам бойынша бюджет шамасы 530 млрд теңге болады деп күтілуде.  Сонымен қатар салық түсімдері бюджет кірісінің негізгі үлес салмағын құрайтыны белгілі. Былтыр салық түсімдері 121,5 млрд теңге болса, биыл 127 млрд теңге түседі деп жоспарланып отыр. Ал өткен жылы трансферттер 324,2 млрд теңгені құрады, биыл 330,7 млрд теңге болады деп болжанған.

– Өткенде елімізде қосымша құн салығы 16% болып белгіленді. «AMANAT» партиясының ұсынысымен жаңа салық кодексінде қосылған құн салығының шегі 15 млн теңге емес, 40 млн теңге көлемінде бекітіледі. Осының өзі шағын, микрокәсіпкерліктердің қаражат айналымдары 40 млн теңгеден аспаса, қосымша құн салығын төлемейді. Бұл жағдай бюджетке әсер етпейді деп ойлаймын, – деді қойылған сұраққа аталған партияның өңірдегі филиал төрағасы ретінде жауап берген  Мұрат  Мұқаев.

Мәслихат төрағасының сөзіне сүйенсек, өткен жылы облыстық бюджет 97,9% игерілді. Соңғы екі жыл ішінде құрылыс саласында қарқынды жұмыстар атқарылды. Өңірде 50-дің үстінде «сақалды» құрылыс болды.

Олар – тұрғын үйлер, спорт кешендері, күрделі жөндеуден өтетін мектептер. 2023 жылға дейін мұндай нысандар  қатары  толықты Облыс әкімдігінің, мәслихат депутаттарының табанды жұмысының нәтижесінде сол «сақалды» құрылыстарға «жан» бітті. Құрылыс жұмыстары үш жылдан бес жылға дейін созылған құрылыстар болды.

Мысалға, Оралдағы  №31 мектепті алыңыз. №8 мектептің құрылысы әлі жүргізілуде. Мысалға, Тасқала, Казталов аудандарындағы дене шынықтыру сауықтыру кешені құрылыстарына бөлінген миллиардтаған қаржы игерілмей, жұмысы аяқталмай қалды. Ұзын саны 12 мектептің күрделі жөндеуі уақытында бітпей, екі жылға созылды. Теректі ауданындағы бес көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бес жылға созылды.

Бұл күндері осы мәселелердің түйіні шешілді, сақалды құрылыстар аяқталды, – деді Мұрат  Рахметұлы.

Өткен жылы өңірде жеке секторға 2635 үй салынды. Оның 889-ға жуығы су тасқынынан зардап шеккендерге  салынса,  қалғаны жергілікті бюджет есебінен және «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында салынып, тұрғындарға берілді. Қорыта айтсақ, сарапшылардың айтуына қарағанда, бюджеттің әр тиынына дейін толықтай игеру қиындау. Дегенмен дағдарыс тұсында бюджет қаржысын шашау шығармай, мақсатты түрде игеру маңызды. Сонда экономика өседі, дамиды. Экономикалық өсім болса, түсім  молаяды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале