1.07.2025, 12:30
Оқылды: 240

Бәйтерек ауданы: Амангелді Имағамбетовтың еңбегі көпке үлгі  

Белес ауылдық округында 18 шаруа қожалығы болса, оның бесеуі мал шаруашылығымен айналысады. Солардың бірі - "Амангелді" шаруа қожалығы.

IMG-20250701-WA0006

Амангелді Имағамбетов негізін қалаған шаруашылықта 25,8 га жайылым жер, 27 бас ірі қара, 202 бас ұсақ мал және 4 жылқы бар.

Тәуелсіздіктің елең-алаңа шағында құрылған қожалықтың арқасында ағамыз отбасын қамтып қана қоймай, ауылдың да дамуына үлесін қосып келеді.

Табиғатынан болса керек ерінуді білмейтін, таза маңдай термен, жұмысына беріліп кірісетін Амангелді Өтепұлы - адами қасиетті жоғары қоятын, үлкен жүректі адам. Сол себепті де оны ауылдастары еңбекқор,  қайратты, ісіне адал жан ретінде біледі, құрмет тұтады. Қаншама қиыншылықтарды басынан өткерсе де,  еш мойыған емес. Орта жолда ісін тастамайтын үлгілі ауылдасымызды бәріміз мақтан тұтамыз.

Бүгінде 80 жасты алқымдаған жаны жайсаң, пейілі кең Амангелді Өтепұлы – үлгілі отағасы, асыл жар, асқар тудай әке, ғибыраты мол ата. «Ұлым қыран болсын, қыраным ұран болсын» демекші, қазір ата кәсіпті ұлы Алтай мен жиені Нұрлан дамытуда. "Аллаға шүкір, ізімді жалғап, армандарымды жүзеге асырып отырған балаларым бар,-дейді ол кісі.-Ата-ана үшін осыдан асқан бақыт бар ма?! Балаларым жас болса да бас болып, үмітті ақтап жүргені, ел алдында  мерейімнің өскені деп білемін. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген осы шығар деген ойдамын».

Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі – еңбексүйгіштік. Кейіпкеріміз сол еңбектің арқасында өмірде үлкен жетістікке жетіп отыр. Иә, еңбектің пайдасы көп. Ол адамды тәрбиелейді, күш береді, қуантады, бақытты етеді, өмір сүруге үйретеді, үнемшіл болуға баулиды, жігерлендіреді, шынықтырады. Жастайынан еңбекке араласып, тірлік істегенінің арқасында қазіргі уақытта көпшіліктің киімі көк, қарны тоқ. Адалынан еңбек етіп, айналасына көмегін тигізіп, қамқорлығын танытып келе жатқан ағамызға денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ өмір, отбасы амандығын, перзенттерінің қызығын көруді тілейміз!

- Адамның тұлғалық қасиетін, қабілетін еңбек қалыптастырады. Адал еңбек етсең, бақытыңа жетесің, ел алдында абыройға ие боласың. Мал шаруашылығымен айналысып, жастайымнан алған бетімнен қайтпағанымның нәтижесінде сол еңбектің зейнетін көрудеміз. Алдыңнан қандай қиындық кездессе де жеңіп шығу әр адамның төзіміне байланысты. Келешек ұрпаққа да айтарым жастай алған бетіңнен қайтпай, адал жұмыс атқарар болса, кейін өмірден өз орнын табу оңайға соқпақ, - дейді Амангелді Өтепұлы.

Бақытгүл Жүнісова,

Белесы ауылдық округінің әкімі,

Бәйтерек ауданы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале