Жырдың қасиетті мекені, жампоз сөздің жалауын көтерген Жымпиты тағы да ел назарын өзіне аударды. Биыл – қазақтың дарабоз ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл. Осы айтулы жыл аясында Сырым елінде халық театрлары арасында аймақтық фестиваль ұйымдастырылып, рухани шара қонақтарын Жымпиты ауылына кіре берістегі бас қақпадан сән-салтанатымен қарсы алды.

Жымпиты жері бұл күні ақын рухына бас иіп, қонақтарына құшақ жайды. Салтанатты сапар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінен басталды. Мұндағы әрбір жәдігер – үнсіз шежіре, қатпар-қатпар тарих. Қонақтар Қадыр тағылымына қанығып, оның бала күнгі мекені, өлеңге алғаш елеңдеген шағы туралы тың деректерге куә болды. Ақынның өмірі мен өнеріне қатысты мәліметтер жүрекке жылу беріп, көкірекке нұр құйды.

Мәртебелі меймандар аудан орталығындағы Қадыр ескерткішіне барып, тағзым етті. Ақын рухына бас иіп, гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш маңында өткен шағын жиында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов сөз сөйлеп, фестиваль қатысушыларына ақжол тіледі:
– Бүгін Қадыр ағамыздың әні композицияға, сөзі қойылымға айналып, сахна төрінде сөйлейді. Қазақ бар жерде – Қадыр бар. Қадыр бар жерде – қазақтың рухы бар. Сіздердің жасап жатқан еңбектеріңіз – ұлт руханиятына қосқан шынайы үлес, – деді ол.
Саңлақ сөз иесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков те сөз тізгінін алып, жүрекжарды лебізін білдірді:
– Қазақтың әдебиет тарихында Жымпитының орны ерек. Бұл – Сырымдай серкені тудырған топырақ. Сол серкенің артынан Қадыр келді. Қадыр – қазақ жырының классигі, өлеңнің өрісін кеңейткен біртуар ақын. Қалам ұстағанның бәрі оны мойындады, – деді ол тебірене.
Ақын ескерткіші жанында оқушылар Қадырдың жүректі тербеген жырларын жатқа оқып, жиналған жұрттың көңілін бір толқытып өтті.

Қонақтар естелік суретке түсіп, ақын рухымен қауышқан бір күнді жүректеріне түйді.
Одан кейін фестивальге қатысушы театрлардың жетекшілері мен қазылар алқасы Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Төлеповтың қабыдауында болды. Қайрат Нұржанұлы сөзін Қадырдың:
– Енді, міне,
Тетіктерін нық бұрап
Трактор боп гүрілдейді құт-қырат...
Ата-баба мықты еді ғой!
Мықты еді!
Ұрпағы одан болу керек мықтырақ!- деген бір ауыз өлеңімен бастады.
Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов Қадыр туралы әдемі әңгімелермен бөлісті. Қадыр тек ақын емес, ол – батыр. 1993 жылы алғашқы Конституция қабылданғанда, Қадыр аға болашақты болжап, сұқбат берді. «Қазақтың күні патшаға қарап тұрған жоқ, қазақтың бірін бірі патша көруіне қарап тұр»,- деді. 2001 жыл «Елбасы туралы» Заң қабылданғанда да, айтар ойын ашық айтты. Қадыр – болжаммен айтатын көсем адам,- деді ол. Қадырдың қара шаңырағына айналған Қадырсарайдың басшысы театр әртістерінің қасиетті топырақта арқаланып ойнайтындарына сенім артты.
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев те сөз алып, Қадыр мен Жымпиының киесіне тоқталды.
Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Төлепов театр жетекшілеріне және әділ қазылар алқасына алғыс хат табыс етті.

Халықтық театрлар арасындағы аймақтық фестивалі салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты шара басталғанша, Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі алаңды әуенге бөледі.
Фестивальге қатысушы халықтың театрлар қызыл алашаның үстімен жүріп өтіп, сахнаға құрметпен шақырылды.
Бөрлі аудандық «Мұрагер», Жалпақтал ауылдық Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы, Теректі аудандық «Дат», Шыңғырлау аудандық «Шаңырақ», Атырау облысы, Индер ауданы Жарсуат ауылдық «Жарсуат», Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Үштаған ауылдық «Үштаған», Тасқала, Жәнібек, Казталов, Сырым аудандық, Бұлан ауылдық халықтық театрлары – барлығы он үш театр Жымпиты сахнасында өнер көрсетіп, халыққа рухани демалыс сыйлады.
Қазылар алқасының төрағасы ҚР Еңбек сіңірген халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Сердеш Қажымұратов бастап, құрамы – мәдениет саласының ардагері, режиссер Гүлбадан Өтешова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Мұсағали Бектенов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұрлыгүл Жұбатова, «Аманат» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы, өнер жанашыры Талғат Дарғожиев, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театртанушы, ҚР Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-2024» сыйлығының иегері Әлия Шақуова, «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Мұрат Мамбетов ортаға шақырылды.
Аймақтық халықтық театрлар фестивалінің ашылу салтанатының алғашқы сөзі Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Төлепов, Қадыр Мырза Әлінің қарындасы Күлаш Мырзалиева, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайыновқа берілді. «Парасат» орденінің иегері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Дариға Мұштанова, ҚР Жазушылар одағының мұшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев, әнші-сазгер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлбаршын Қасиетова, ҚР Президенті жанындағы ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин сөз сөйледі.
Фестивальдің ашылуында «Ерен еңбегі үшін» меділінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі Айбар Хайырханов және ауданның әншілері ән шырқады.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған халықтық театрлар арасындағы аймақтық фестиваль аудандық мәдениет үйінде өтті.
Алғаш сахна шымылдығын түрген – Сырым аудандық Жымпиты халық театры. Олар «Дос аға» музыкалық драмасын қойды. Режиссері – Асылзада Ақмайданова. Мұнда Қадыр мен Шәмшінің жүздесіп, шер тарқатуы, Шәмшінің сыған қызы Изольданы кездестіруі, «Сыған серенадасы» әнінің тарихы көрсетілді.

Атырау облыстық Индер ауданы Жарсуат ауылдық «Жарсуат» халықтық театры «Бақыт» композициялық қойылымын саханалады. Режиссері – Айбек Бейбітұлы. Қойылымда екі достың бақытты кезеңі, кейін достың бірі қызға ғашық болып, достардың арасы алшақтауы бейнеленеді. Көрініс көрерменге «бақыт махаббатта ма, достықта ма?» деген сауал тастады.
Бөрлі аудандық «Мұрагер» халықтық театры «Ананың құшағынан – Атамекен құшағына» композициялық қойылымын көрермен назарына ұсынды. Өмірде болған оқиға желісінен театралдық көрініс жасаған режиссер – Нұрболат Бимағамбетов. Ал, Жәнібек аудандық халықтық театрының режиссері Наурыз Асылбек «Қадыр ақынның қадірі» атты қойылымын ұсынды.
Сырым аудандық Бұлан халық театры «Таусылғанмен азаматтың амалы» абсурдын сахнаға алып шықты. Қойылымның режиссері – Мейрамбек Кеңесов. Абсурд — театр мен әдебиеттегі философиялық-эстетикалық бағыт. Адамның өмірінің мәнсіздігін, түсініксіздігін, логикадан тыс шындықтарын көрсетуге ұмтылған. Қойылымда сана, ішкі дағдарыс, жалғыздық, тақырыптары терең қозғалған.
Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Үштаған ауылдық «Үштаған» халықтың театры «Атажұрт» қойылымын көрерменге ұсынды. Мұнда парсы еліне жер аударылып кеткен қазақтардың Тәуелсіздік алғаннан кейін атажұртты аңсап келуі, туған жерге оралуы бейнеленіп, «Атамекен» әнімен түйінделді. Режиссері - Римма Амандықова.
Казталов аудандық халықтық театры «Қазақтың Қадыры» поэтикалық қойылымын көрсетті. Оның авторы мен режиссері - Данагүл Жұмабаева. Казталов ауданы Жалпақтал ауылдық Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы халықтық театры «Азаппен келген даңқ - мәңгілік» атты бейнепоэтикалық композициясын орындап шықты. Оның қоюшы режиссері – Шалқыма Мерқұлова. Қойылым Қадырдың аштық, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, Желтоқсан оқиғасы, Тәуелсіздікке арналған өлең, дастандарынан шебер құрастырылып шығарылған.

Тасқала аудандық халықтық театры «Жазмыш» қасірет аллегориясын қойды. Қойылымның режиссері – Жалғасбек Мырзагереев. Мұнда көптеген философиялық мәселелер, афоризмдер айтылды. Қадырдың естелігіндегі жазылған сөздерін әрбір әртіс бөліп-бөліп айтты. Қойылымның айтар ойы терең, салмақты. «Кездер-ай» әнін басында, ортасында, соңында үш түрлі мағынада орындады. «Өмірің өз қолыңда» әнімен аяқтады. Гримі, маскасы, костюмі, әртістердің ойыны көрерменге ерекше әсер сыйлады. Масканы шешіп, шығулары, қайтадан киюлері – әрбірінде философиялық ой жатыр.
Теректі аудандық «Дат» халықтың театры Қадырдың «Махаббат аспаны» өлеңіне композиция жасап шығарды. Қоюшы режиссері – Альбина Мирамбай. Фестивалі соңғы жүгі Шыңғырлау аудандық «Шаңырақ» халықтық театрына артылды. Ұжым «Қадірле» атты драманы сахналады. Қойылымынң режиссері – Арсылан Задыгеров.
Фестивальдің жабылу салтанаты орталық алаңда өтті. Сахнада ақын Бауыржан Ширмединұлының сөзі мен «Қадыр-қазына» жобасы аясындағы «Бұлбұл бағы» атты облыстық сазгерлер байқауының бас жүлдегері Ербол Ақбасовтың әніне жазылған «Қадырға арнау» әнінің тұсауын Армат Жұмагелдиев, Шынтас Мұстажапов, Нұрлыбек Байнияз кесті.
«Көрермен көзайымы» номинациясын сырымдық Қайрат Илашевқа, «Үздік эпизод» номинациясын теректілік Ақтілек Әлібекұлына Мәдениет саласының ардагері, режиссер Гүлбадан Өтешова мен «Аманат» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев табыстады.
«Үздік жас актер» номинациясын маңғыстаулық Ақылбек Бақытбекке, «Үздік декорация» номинациясын казталовтық Данагүл Жұмабаеваға Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театртанушы, ҚР Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-2024» сыйлығының иегері Әлия Шақуова мен «Өнер саласының» үздігі төсбелгісінің иегері, А.Н.Островский атындағы орыс драма театрының суретшісі Мұрат Мамбетов табыстады.
«Үздік актер» және «Үздік актриса» аталымдарын және фестивальдің ІІ, ІІІ жүлделі орындарын ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Мұсағали Бектенов пен ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұрлыгүл Жұбатова тапсырды. Өнер мерекесінің үздік әртістері жарсуаттық Көркем Саламатова мен теректілік Төребек Нығмет атанды. Жүлделі үшінші орын мен 150000 теңгелік сертификатты Казталов ауданы Жалпақтал ауылдық Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы атындағы халықтық театр иеленсе, екінші жүлдені және 200000 теңгенің сертификатын Теректі аудандық «Дат» халықтың театры қанжығалады.
«Үздік режиссер» номинациясы мен 50000 теңгелік сертификатты Казталов ауданы Жалпақтал ауылдық Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы атындағы халықтық театрдың режиссері Шалқыма Мерқұловаға, жүлделі бірінші орын мен 300000 теңгені Бұлан халықтық театрына қазылар алқасының төрағасы ҚР Еңбек сіңірген халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Сердеш Қажымұратов табыстады.

Сырым ауданы әкімінің жүлдесі мен 100000 теңгелік сертификат Бөрлі аудандық «Мұрагер» халықтық театрына және бас жүлде мен 400000 теңгені Тасқала аудандық халықтық театрына бұйырды. Марапаттарды аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Төлепов пен Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев тапсырды.

Өнер мен рух тоғысқан бұл сахналық көріністер арқылы Қадыр мұрасы жаңа тұрпатта жаңғырып, көрермен жүрегінен орын тапты.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы