3.07.2025, 14:45
Оқылды: 157

Ұзын-сонар кезек, тағаты таусылған жүргізушілер

Облыстық энергетика  және  тұрғын  үй-коммуналдық  шаруашылық  басқармасы  басшысының  орынбасары  Бейімбет  Мусиннің  мәлімдеуінше,  2025  жылдың  екінші  тоқсанына  арналған  сұйытылған  мұнай  газын  жеткізу  жоспарына  сәйкес  маусым  айында  облысқа  «Жайықмұнай»  ЖШС-дан  3545  тонна  газ  берілген.  Бүгінде  «Жайықмұнай»  ЖШС  күніне  200  тонна  сұйытылған  мұнай  газын  өндіреді.  Соның  жартысы  өзге  өңірлерге  жөнелтілуде. 

e455eca6-ebd8-461f-b787-19ffd6a3445c

– Өңірде 24 маусымнан бері сұйытылған мұнай газының тапшылығы орын алуда. Бұл мәселені шешу мақсатында ҚР Энергетика министрлігі қосымша 828 тонна бөлді. Оның 504 тоннасы «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан, 324 тоннасы «Жайықмұнай» ЖШС-дан алынды. Қазіргі уақытта газ бекеттеріне жеткізілуде. 2025 жылдың үшінші тоқсанына арналған жоспарға сәйкес шілде айында облысқа «Жайықмұнай» ЖШС 3483 тонна сұйытылған мұнай газын береді. Газ уақтылы аутогаз құю стансаларына жеткізіледі. Сұйытылған мұнай газының 1 литрі 77 теңгені құрайды. Облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан аудандарда газдың 1 литрі – 82 теңге, – деді Бейімбет Мәлікұлы.

Бейімбет Мусин

Бірінші шілде күні сағат 13.30 шамасында Жәңгір хан көшесі, 58 мекенжайында орналасқан «Бейбарыс Газ» газ құю бекетінің маңайында көліктер тізіліп тұрды. Ұзын-сонар кезек. Күннің ыстығында көлігінің терезесін түсіріп тастап, өз кезегінің қашан келетінін күтіп отырған жүргізушілер. Қай-қайсысы да түскі үзіліс кезінде көлігіне газ құйып алуға бекінсе керек. Тағатсызданып отыр. 30-дан астам көлік тұр екен. Кезек жылжитын емес. Бір-екі сұраққа жауап алмақ ниетпен  3-4 жүргізушіні мазалап едім, шамасы, мына кезек шаршатса керек, шарт ете қалды. Пікір айтатын,  әйтеуір,  біреу  табылды-ау...

– Мен бұл жерге бір сағат бұрын келдім. Алдымда 20-25 көлік болды. Әлі 7-8 көлік бар. Көріп тұрғаныңыздай, ылғи тіркемемен жүремін. Себебі жүк тасимын. Тасқала ауданының Мереке ауылынан Орал қаласына қатынаймын. Он шақты күн болып қалды, күн сайын осындай кезек. Қаржы үнемдеу мақсатында көлікке газ құямын. Өйткені ауылым облыс орталығынан алыс. Мәшинемнің багіне жанармай толтырар болсам, қалтамнан біраз ақша шығару қажет болады. Ал газ құйсам, 10-12 000 теңге үнемдеймін, – деді Мереке ауылының тұрғыны Құрмет  Қабдолкәрімов.

Құрмет Кабдулкаримов

«Бейбарыс Газ» газ құю бекетінің операторы Данияр Болатовтың айтуынша, аталған бекетте газ бар.

Данияр Болатов

Газ болғасын да, осы бекеттің маңайында шұбатылған кезек. Жәңгір хан көшесі – 64/4 мекенжайында орналасқан «МегаОйлОрал» жанармай құю бекетінде де осындай жағдай. Ал кейбір бекеттерде газ таусылған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бейімбет Мусиннің сөзіне сүйенсек,  бұл  мәселе  көп  ұзамай шешімін  табатын  көрінеді...

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

146df355-9655-45ae-9420-4d4b8b743e89

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале