Батыс Қазақстан облысында футболдан жастар арасында алғаш рет ұйымдастырылған «MediaCup2025»турнирі өз жалауын көтеріп, тартысты кездесулермен жалғасуда.

Биыл тұңғыш рет қолға алынған бұл бастама өңір жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, аудандық және қалалық командаларға өз шеберлігін көрсетуге тамаша мүмкіндік беріп отыр.
Аталған турнирге 12 аудандық команда мен 4 қалалық еркін құрама қатысуда. Маусымның 27-жұлдызында турнирдің ресми ашылу салтанаты ұйымдастырылып, сол күні қатарынан екі матч өткізілді. Алғашқы кездесуде Бәйтерек ауданының жастары Сырым командасын 4:0 есебімен жеңсе, екінші матчта Шыңғырлау құрамасы №38 мектеп ұстаздарынан құралған команданы 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Айта кететін жайт, аталмыш турнир Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, “Жастар рухы” жастар қанатының Батыс Қазақстан облысы филиалының ұйымдастыруымен өтуде.