15.07.2025, 15:45
Оқылды: 316

Аудандық аурухана ғимараты жаңғыртылуда

Шыңғырлау аудандық ауруханасы  1976  жылдан  бері  ауыл  тұрғындарына  жоғары  сапалы  медициналық  қызмет  көрсетіп  келеді.  Жуырда осы  ауданға  іссапармен  барғанымызда, күрделі  жөндеу  жұмыстары  жүріп  жатқан  мекеме  ұжымымен  кездестік.  Шыңғырлау  аудандық  аурухананың директоры Қылыш  Жазықбаевтың  айтуынша,  күрделі  жөндеу  жұмыстары  50%-ға  орындалған.   

Шыңғырлау ауруханасы (4)

– Біз қазір аудан-ауыл тұрғындарын емханада (уақытша) қабылдап жүрміз. Бүгінгі таңда аудандық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

2008 жылдан бері жөндеу көрмеген аурухананың кәріз, жылу, су және басқа коммуникациялары толық жаңартылмақ. Бұл үшін 1,3 млрд теңге қаражат жұмсалады, оның негізгі бөлігі – «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік инвестициясы. Қыркүйек айына таман жөндеу жұмыстары аяқталмақ, – дейді Қылыш Жолдыбайұлы.

Өлім-жітім төмендеді

Аудандық аурухана – ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсететін басты орталықтың бірі. Биыл ауруханаға 11363 адам тіркелген. 40 кереуетке арналған аурухананың жанында емхана  бар.

Аталмыш ауруханада 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Дәрігерлер мен мейірбикелер тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп, әрбір науқастың жағдайын бақылап, шынайы жанашырлықпен көмек көрсетеді. Олардың кәсіби шеберлігі мен адамгершілігі тұрғындардың ақ халатты абзал жандарға деген сенімін нығайта түсері анық. Өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауданға келген акушер гинеколог пен эпидемиолог мамандарға үйлер беріліп, көтермеақы төленіпті. Аурухана директоры Қылыш Жазықбаевтың айтуынша, кейінгі жылдары ауданда өлім-жітім саны 8-10 адамға дейін төмендеген.

– Біздің негізгі міндетіміз – тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету. Қазіргі кезде адамдар денсаулығына мән бере бастады. Жыл сайын профилактикалық тексеруден өтіп, өзінің саулығына жауапкершілікпен қарайтын тұрғындарымыз бар. Соңғы кездері жүрек-қантамыр аурулары тым көбейіп, жасарып кетті. Негізі ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген дұрыс. Ол

үшін адамдар салауатты өмір салтын сақтап, дәрігерге уақтылы қаралып, тексерістен өтіп тұру керек. Кез келген ауру ерте сатыда анықталса, емделуге мүмкіндік көп. Тіпті қатерлі ісіктің өзі ерте анықталса, уақытымен емделіп, қалыпты жұмысын жалғастыра беруге болады. Сондықтан жұмыс-жұмыс деп жүгіре бермей, дұрыс тамақтанып, денсаулыққа көңіл бөлген жөн, – дейді  ауданның бас дәрігері Қылыш Жолдыбайұлы.

«Тері саңырауқұлақ аурулары қайдан пайда болады?»

Шыңғырлау аудандық ауруханасының дерматологі Ұлжан Есболаеваның мәліметі бойынша қазіргі кезде балалар арасында терінің саңырауқұлақ ауруы көбейген. Көбіне спортпен айналысатын жасөспірімдер дерматологке жиі келеді екен. Негізі итмысықтан жұғатын жұқпалы ауру қазір жасөспірімдер арасында біріне-бірі  жұғып, көбейіп  кеткен.

– Терінің саңырауқұлақ аурулары – теріні, тырнақты және шашты зақымдайтын саңырауқұлақтан туындаған жұқпалы аурулар.  Маған келген жасөспірімдер «Спартакиадаға барып едім, содан жұқтырдым» деп айтып келеді. Сосын шыдай алмай, балаларға жаным ашып, аудандағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне  барып, мейірбикелермен сөйлестім. Ол кісілер «Біздің құзіретімізге кірмейді» дейді. Ұзын сөздің қысқасы, сұрағыма жауап таба алмадым. Негізі оқушылар спорттық жарысқа барар алдында дәрігердің толық тексерісінен өту керек. Денесінде жарасы,  қандай да кінәраты бар бала спорттық жарысқа жіберілмеуі тиіс. Өкінішке орай, бізде бұған мән берілмейді. Нәтижесінде ауруға шалдыққан бала үйдегі басқа бауырларына жұқтырып, отбасында қиындықтар туындап  жатады. Бұл – үлкен мәселе. Одан бөлек, тағы бір мәселе, ата-аналар тері ауруларына көп мән бермейді. Кейбірі менің тағайындаған дәрімді бермей, ветеринарлық майды қолданған жағдайлар да кездесті. Мал мен адамның ағзасын салыстыруға болмайды ғой. Жас ата-аналардың кейбірі дәрігердің кеңесінен гөрі, әлеуметтік желідегі немесе бөгде адамның айтқанын істегенді жөн көреді. Күнделікті көріп жүргендіктен, осындай жайттарға қарным ашады. Қазір тері саңырауқұлақ ауруларына қоса, битшеңдік, қышыма көп. Бұның бәрі жеке гигена тазалығын сақтамағаннан болады. Сондықтан ата-аналарды дәрігер кеңесін мұқият орындауға шақырамын, – дейді дерматолог Ұлжан  Кеңесқызы.

45 отбасы екпеден бас тартқан

Бүгінгі таңда аудандық аурухана заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталып, көліктер жаңартылған. Дәрігерлер тұрғындарды емдеуде жаңа технологиялар мен әдістерді пайдалануға тырысады. Шыңғырлау ауданында қан айналымы жүйесі аурулары – бірінші орында. Осы аурумен 2284 науқас тіркеуде тұр. МӘМС жүйесі бойынша сақтандырылмаған 305 тұрғын бар. Биылғы жылдың бес айында 1995  екпе жоспарланып, оның 1933-і орындалған.  Аудан бойынша 45 отбасы  екпеден бас тартып отыр.  Оның ішінде 18 сәби бір жасқа әлі  толмаған. «Екпеден бас тартқан отбасыларға санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандарымен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде», – дейді мамандар.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале