16.07.2025, 18:00
Оқылды: 463

Айтарың бар ма, Алматы?! 

 

Жуырда Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Құбаев пен С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбай Алматы қаласына сапарлап қайтты. Қыдырып емес, жоқ іздеп. 

WhatsApp Image 2025-07-09 at 10.30.14 (1)

Жымпитыда ақын Абдолла Жұмағалиевтің туғанына 110 жыл толуына орай жинақ құрастырылып жатыр.

Музей директоры Алматыға үшбу жинаққа қосымша тың мәліметтер табу мақсатымен барды. Алмалы қала - албырт ақынның махаббат мелодияларын естіген шаһары, жастығын жалау қылып, Отанды қорғауға аттанған ыстық мекені.

Одан бөлек биыл Қазақстанның Халық жазушысы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығы аясында жоспарланған іс - шаралардың бір ұшы Алатаумен жалғасып жатыр. Алматының Абдолла мен Қадыр туралы айтары бар ма?!

Ендеше, сапаршылар Алматыдан қандай олжамен оралды?! Айнагүл Ойшыбайдың жолжазбасын оқиық.

Сапардың алғашқы күні Тимур Берікұлымен бірге қазақ әдебиетінің қара шаңырағы - Алматыдағы Жазушылар Одағының бас ғимаратына бардық. Басқарма мүшелерін таба алмадық, бірақ басқа қызметкерлер қолдан келгенше жөн сілтеп, көмек көрсетті.

Деректі фильмге керек болып қалар деп Одақтың іші сыртын түсіріп, кейбір мәліметтерді жазып алдық. Әрі қарай Абай даңғылы, 39 мекенжайындағы Орталық архивке бардық. Әрине архивке алдын ала жазылу жоғарғы жақтан қатынас қағаздардың қажет болатыны, уақыты мен өзіне сай ережелері мен тәртіптен ешкім аттап кетпейтіні белгілі.  Алайда директордың орынбасары Жылысбаева Мәрзия Ғаниқызы бір кездері батыс өңірінің тарихын көру мақсатында Сырым мен Қаратөбе аудандарында арнайы болған еді. Сапар кезінде біз де музейімізді көрсетіп жүз таныс жанға айналған едік. Кейін әлеуметтік желі арқылы бір бірімізді сырттай бақылап, қолдау білдіріп жүрдік. Сол жақындық, игі тілектестік алдымыздан шықты. Мәрзия Ғаниқызы өзі қарсылап, көптеген жұмысымызды тездетіп бітіріп берді. Архивте Абдолланың өзіне тиесілі тектік қордың болуы неғайбыл деп ойлап, біз қасында жүрген, жұмыстас рухтас болған тұлғалардың жазбалары арқылы іздеу салған едік.  Ойымыз дұрыс болып шықты. Алматы Орталық архивінен Мәриям Хәкімжанова апайдың  кезінде өз қолымен жазған 13 беттік естелігі табылды. Одан бөлек біз оқымаған Әбу Сәрсенбаевтың газеттегі біраз мақалалары мен басқа да газеттер табылды. Оның бәрін уақытын жеделдетіп қолымызға ұстатқан Мәрзия ханымға алғыс білдіреміз.

WhatsApp Image 2025-07-09 at 10.30.10

Келесі күніміз Абдолла аттанған әскери әскери комиссариаттты іздеуден басталды. А.Жұмағалиевтің майданға Алматыдағы Фрунзенский әскери коммиссариаттан кеткені жазылады, ол бүгінде Жетісай әскери комиссариаты болып өзгерген. Жабық әскери нысанның ішіне кіру қиын екен, бірақ жолымыз оңдап алдымыздан жерлесіміз шықты. Ақжайық ауданының азаматы екен.  сонда қызметте көрінеді. Бейтаныс жерлес көмектесіп, ішке кіргізіп, қолдарындағы бар материалдарды қарауға берді. Олар майданға Алматыдан кеткен, кейін ерлігімен ресми танылған жауынгерлерді,  Кеңес Одағының батырларын тізімдеп бірнеше кітапқа жазып қойыпты. Бірақ олардың арасында Абдолла Жұмағалиев мүлдем жоқ болып шықты. Ал басқа архивтік құжаттар, тіркеу журналдарын Астанаға көшіріп тастаған. Әскери комиссариаттан ауыр күрсініспен шықтық осылай тәмәмдалды. Ал, келесі іздеген ғимаратымыз ол Алматыдағы кітап палатасы болатын. Бұл мекемеге де екінің бірі кіріп, қағаз парақтай алмайды.  Сондықтан алдын ала ғылыми қызметкерлермен ақылдасып, арнайы хатымызды ұстап барған едік. Құдай оңдап, алдымыздан ақын Маралтай Райымбекұлының өзі шықты. Ақын Маралтай басшылықтың бірінші орынбасары болып қызмет етеді екен. Ол кісі сапарымыздың себебін сұрап, ізденісімізге қуанып, Абдолланы да іздейтіндер бар екен ғой, деп оралдықтарға ерекше ілтипатын білдірді.

Кітап палатасындағы көмекші қыздарына архивтегі қорларды қарап, көмектесуге бағыттады. Бірақ тағы да тығырық. Тарих Абдолла туралы сөйлемеуге серт еткендей.

***

Қадырдың да жоқшысы екенімізді ұмытпадық. Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығы аясында Сырым ауданында өтетін бірқатар шараларды ақылдасу үшін ақын атындағы қордың құрылтайшысы, «Катэк» фирмасының директоры Құндыз Шамахұлы Нупов мырзамен жолықтық. Қапшағай қаласында арнайы Ақжайық сауықтыру орталығын ашып, Қадыр ағамызға арналған кеуде тұғыр орнатып, Ақжайықтың ақын жазушыларын ардақтауда бірқатар игі істер жасап отырған азаматтың әр ісіне сүйсініп риза болдық. Күздегі өтетін ақынның тойына қолдан келгенше қолдау білдіретінін жеткізді. Одан бөлек Қапшағаай қаласындағы өзі ашқан «Асан – Әлі» қонақ үйінің жұмысын таныстырып, Жайықтың жайсаңдарына арнаған музей бөлімін көрсетіп, көзайым қылды.  Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демейме, жақсы адамдардың өмір жолдарын насихаттай жүріп, олар туралы қолдан келгенше қаржылай қолдап жүретін Құндыз Шамахұлындай азаматтар көп болғай дедік.

***

Бейсенбі өте қарбалас пен ізденіске толы  болды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасынан қорынан Абдолла Жұмағалиевке, Нығмет Баймұхамедовке, Рахметжан Малабаевқа қатысты сұраныстар бердік. Бұл жақта да жақсы адамдар алдымыздан басшылығы мен қызметкерлер алыстан келгенімізді ескеріп, тездетіп көмектесуге ықпал етті. Не таптық?! Рахметжан Сәрсенбайұлы мен Нығмет Баймұхамедовке қатысты өте көп ақпараттың бар екенін білдік. Олардың кей өлеңдерін, кітаптарының мұқабаларын, естеліктерін алдық. Ал, А.Жұмағалиевке қатысты оның мұғалімдік қырын ашатын шәкірттерінің естеліктерін таптық, сирек қордан жинаққа енбегендері де бар ақынның латын қарпімен жазған 1939 жылғы “Лениншіл жас” пен “Социалистік Қазақстан”газеттерінен өлеңдерін алдық. Жуырда ғана “Күлден шыққан гүл” атты поэтикалық трагедиясын жазған ақын Бауыржан Ширмединұлының да жоғы табылды. Ол іздеп жүрген ақын Қалижан Бекқожиннің «Албырт ақын мен қайсар қыз» туралы хикая атты бір беттік өлең балладасының баспасөздегі нұсқасын тауып, қанжығамызға артып алдық.

WhatsApp Image 2025-07-09 at 10.30.09

Көңілімізді толтырған тағы бір кездесу - Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми – зерттеу институтының кітапханасында өткенін айта кетейік. Онда біз ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, әдебиетші, ғалым, филология ғ.к Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ләйлә Жұматайқызы Мұсалымен кездесіп, танысып, сұқбат алудың сәті түсті. Тимур Берікұлының ортақ таныстары арқылы Ләйлә Жұматайқызының бір кездері Абдолла Жұмағалиевтің өлеңдерін зерттегенін білдік. Ортақ тақырыппен жарасым тапқан  тұста айтылар әңгіменің тиегі өзінен өзі ағытылары сөзсіз. Елдегі жағдаймен жіті таныс сырттай бақылап жүретін көз қарақты ғалым адамның жүрегінің бір түкпірінде біздің Абдолла атамыздың өлеңдеріне деген іңкәрлік, сүйіспеншілік жатқанын көріп қатты риза болдық.

Бұдан бөлек жерлес ағамыз Молдашев Ғұсман ағамыздың үйінде болып, музей қорына көптеген қолжазбалары мен кітаптарын алдық. Ғұсман ағамыз бен жары Зүбайда Өтешқызының Жымпиты елінен түлеп ұшып, Оралдағы белді екі оқу орнында ұзақ жылдар бойы мұғалімдік қызмет атқарып, педагогикалық зерттеу жұмыстарымен айналысып, бірнеше кітаптардың авторы екенін алдыңғы буын жақсы біледі деп ойлаймын.

WhatsApp Image 2025-07-09 at 10.30.11

Осы сапар аясындағы уақыттың тығыздығына қарамастан біраз жағымды жаңалықтардың жаршысы болып, қоржынымыздың толып қайтуына тікелей  біздерге қолдау білдірген Сырым аудан әкімдігі мен Батыс Қазақстан облыстық тарихи – өлкетану музейінің басшылығына үлкен алғыс білдіреміз.  Әр сапардың өз қайыры бар, музей қоры жүзден астам жәдігермен толықса, алдағы шығатын жинаққа тың деректерде көптеп қосылатын болады.

 

Айнагүл Ойшыбай, 

Сырым Датұлы атындағы

тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі, 

Жымпиты – Орал – Алматы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале