22.07.2025, 22:00
Оқылды: 268

Облысымызда 687 ата-ана вакцинадан бас тартқан

Облыста  эпидемиологиялық  ахуал  салыстырмалы  түрде  тұрақты,  аса  қауіпті  аурулар  –  оба,  сібір  жарасы,  туляремия,  тырысқақ,  құтыру  және  конго-қырым  геморрагиялық  қызбасы  тіркелмеген. 

WhatsApp Image 2025-07-17 at 12.05.25

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова мәлімдеді. Оның айтуынша, облыста санитариялық қадағалау тұрақты түрде жүргізіліп  келеді.

– Биылғы алты айда өңірде аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Жіті ішек инфекциясы бойынша 88, сальмонеллез бойынша 11, дизентерия бойынша 1, менингокок инфекциясы бойынша 1, бруцеллез бойынша 18 және эхинококкоз бойынша 27 жағдай тіркелді. Барлық науқас оқшауланып, байланыста болған адамдар тексерістен өтті. Эпидемияға қарсы шаралар уақтылы жүргізілді. Аурулар көбіне санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталмауы салдарынан туындайды. Әсіресе жаз мезгілінде ішек инфекциялары мен бруцеллез сияқты зоонозды аурулар өршуі мүмкін, – дейді департамент басшысы.

Облыс бойынша 687 ата-ана баласына екпе салдырудан бас тартқан. Оның ішінде 443 жағдай – діни көзқарасқа, (65%), 226 жағдай – вакцинаға сенімсіздік (33%), 18 жағдай – басқа себептерге  байланысты (2%).

– Ата-аналарға жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 139 балаға вакцина салынды.

Бұл – санитариялық-ағартушылық жұмыстың маңызды көрсеткіші. Қалған ата-аналармен жұмыс жалғасуда. Біз үшін әр баланың иммундық қорғанысы – тұтас қоғамның қауіпсіздігімен тең, – дейді Д. Олжабайқызы.

Маман тұрғындарды жеке бас гигиенасын сақтауға, азық-түлікті дұрыс өңдеуге және балалардың жоспарлы вакцинациясынан бас тартпауға шақырады. «Біздің міндет – аурудың асқынуын күтпей, алдын алу.

Бұл – заң жүзінде де, моральдық тұрғыдан да әр азаматтың жауапкершілігі», – деп атап өтті  эпидемиолог.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале