24.07.2025, 16:30
Оқылды: 541

Қазақстан мектебінің ғимаратын қалай сақтаймыз?

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің назарына!

...2008 жыл. Талдыбұлақ ауылдық округі. Жүйткіген жылтыр көліктер қырқадан ышқына көтерілді. Бораған шаң Қазақстан ауылына қарай беттеп келеді. Жолдың бойы жайқалған егін. Алтын масақтар жанынан өткен әкім – қараларға сәлем беріп тұрғандай.

PHOTO-2025-07-23-16-25-10

Қазақстан ауылындағы мектеп ашылмақ. О заманда, бұ заман, округ орталығы емес, оның шағын бөлімшесіне зәулім мектеп салынады деп кім ойлаған? Ауылдың алтын қазығы – мектеп. Бәлкім, Талдыбұлақ мектебінің жанынан интернат салмай, шалғайдағы ауылға мектеп салу туралы шешім қабылдағанда шенділер соны, яғни мектепті болашақта ауылдың байланар қазығы болар деп болжаған шығар, кім білсін? Білім үйінің кіреберісі шарлармен көмкеріліпті. Балалар мектептің босағасы арқылы болашаққа аттанбақ...54 оқушы, 14 педагогпен ақ кеме білім теңізіне бет алып бара жатқан.

Міне, арада 16 жыл өтті. Жарқын жоспарлар, үлкен үміттердің бәрі мектептің маңдайындағы шармен бірге көкке ұшып кеткендей.

Қазақстан мектебі жабылды.  Ғимарат қазір 8 бүлдіршін үшін ғана ашық тұр.

Алғашқы қоңырау мен соңғы қоңыраудың арасы неге жақын болды?  Бүгін осыны талдап көрмекпіз.

80 оқушының орынында - 8 бала.

Қазақстан ауылындағы мектептің басына бұлағайлы күн бұған дейін де туған. Көптеп – көлемдеп, оқушылар саны реттеліп, айқай – қиқумен оқу жылын бастап кетіп жүрген. Ақыры, парталар бос қалды.

Аудан орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылындағы жалпы білім беретін  Қазақстан бастауыш мектебі 2024-2025 оқу жылы басында Ұлттық білім дерек қоры базасы бойынша  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 614 бұйрығының 97 тармағына шағын жинақты мектептердегі бала санына сәйкес келмеуі байланысты Сырым ауданының білім беру бөлімінің 2024 жылы 1 қыркүйекте. №247 бұйрығы негізінде жабылды.

Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов мырзадан мектептің соңғы 10 жылдағы статистикасын сұратқанбыз. Қуанатындай көрініс жоқ. 2019-2020 оқу жылы –мектепте 13 бала, 2020-2021 оқу жылы  8 бала, 2021—2022 оқу жылы 7 бала, 2022-2023 оқу жылы 6 бала білім алған. Ал, 2023-2024 оқу жылында мектепте 1-4 сыныптар аралығында  5 бала бір сыныпқа біріктіріліп, оқытылған.  Оның 2 оқушысы бастауыш сыныпты Қазақстаннан аяқтады. 2023-2024 оқу жылында мектепте 2 бастауыш пәні мұғалімі қызмет атқарды. Бүгін дәлізде мұғалімнің тақасының дыбысы естілмейді. 2024-2025 оқу жылы мектептің тақтасына «Бірінші қыркүйек. Білім күні» - деп жазылған жоқ.

Кешегі оқу жылында Қазақстан мектебінде орналасқан шағын орталықта 1 тәрбиеші қызмет атқарды, 8 бала тәрбиеленді. Биыл ше?

Әрине, дардай мектептің дәурені ұзаққа бармағаны жанды ауыртады. Мектеп қана емес, ауылдың да ыдырауына себеп болған біріншісі және ең негізгі фактор – жол. Ой мен қырат күз бен қыста асу бермес белге айналады. Ұзақ жылдарға созылған қуаңшылық та егінмен айналысып, елді ұстап отырған шаруашылықтардың аяғын шалды. Бүгінгі күй – біз баяндағандай. Мектептің ауызына қара құлып салынуы әбден мүмкін.

«Қазақстан бастауыш мектебі»  коммуналдық мемлекеттік мекемесі әуел баста 80 балаға есептеліп салынды. Бір қабатты кірпіш ғимараттың жалпы аумағы 1786 шаршы метр. Шағын орталық қызметін тоқтатса, Қазақстандағы мектептің ғимараты қандай мақсатта пайдаланылады? Бір ауылда жабылған мектеп ғимараты жеке қолға өтіп, мал қораға айналғанын көріп, жүрегімізді ұстағанбыз. Қазақстандағы білім үйінің жағдайы нешік болмақ.

Колледждің тынысын ашпай ма?

Біздіңше, мектеп ғимаратын Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының арнайы бұйрығымен Сырым ауданындағы Сырым колледжінің теңгеріміне берген дұрыс. Осылайша, біріншіден білім үйінің құзірет - мәртебесін сақтаймыз, екіншіден колледждің өндірістік – тәжірибелік жұмыстарының тынысын ашар едік. Үшіншіден – Қазақстан ауылында жарығы жанып тұратын бір әлеуметтік нысан өмірін жалғастырады.

Сырым колледжіндегі өндірістік оқыту ісі қалай жүріп жатыр? Колледжге тәжірибе алаңы керек пе? Осы сұрақтарды директор Рауан Талғатұлына қойдық:

- Иә, студенттердің оқу мен тәжірибені ұштастырғаны аса маңызды. Сырым колледжінің «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі» мамандығы бойынша білім алатын студенттері меморандум негізінде «Сайнов А» шаруа қожалығының базасынан өндірістік тәжірибеден өтеді. Соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі мамандығы дайындалмауына байланысты өндірістік тәжірибе өтпеді. Қазіргі күні кәсіптік білім беру ұйымдарында дуалды оқыту жүйесі енгізілді. Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз оқушы оқу процесінің 40 пайызын теорияда, 60 пайызын өндірістік мекемеде немесе алаңда практикалық жұмыста өткізу керек. Бұл жүйенің негізгі эффектісі-бітіруші түлектің жұмысқа орналасуы. Алайда түлектердің бәрін жұмыспен қамту қиынға соғып отыр, – дейді директор.

Егер, Қазақстан негізгі мектебін колледж теңгеріміне беріп, студенттер үшін өндірістік тәжірибе базасын ұйымдастырсақ ұтар едік. Біріншіден, Қазақстан елді мекенінің айналасында егінмен айналысатын іргелі шаруашылықтар, пішен дайындайтын қожалықтар бар. Далалық жұмыстар – нағыз мектеп.

Екіншіден – мектеп ғимаратында жатын орындарға бейімдейтін кабинеттер мен тұтас корпустар, асхана, бос уақыттарын өткізуге арналған спорт залы мен акт залы дайын тұр. Болашақ фермерлер таңмен ерте тұрып, сергіту жаттығуларын жасап, асханадан тамақтанып, даладағы жұмысқа аттанып кетсе, түстен кейін бөлмелерінде тынығып, кешкілік ойын – сауық бағдарламаларына қатысса, еңбек тәрбиесі деген осы емес пе?

Негізі, колледждің өзінде ауылшаруашылық техникалары болуы да міндетті.

- Сырым колледжі ауылшаруашылық бағытындағы колледжге жататындықтан колледж базасында ауылшаруашылық техникалардың болуы міндетті және база жаңарып тұруы қажет. Колледждің техникалық базасы соңғы рет 2012 жылы жаңартылған, қазіргі таңда техникалар ескірді, заман талабына сай агромашиналар қажет – ақ. Әлемде ғылыми үдерістің қарқынды дамуын ескеретін болсақ қазіргі таңда әлемдік бренд John Deere компаниясының жоқ дегенде бір тракторы колледж ауласында тұруы тиіс. Шөп шабуға және егін егуге керекті агрегаттарды танып, білуі тиіс студенттер. Техникалардың күтімін қылу үшін шеберхана (ангар) және құрал-жабдықтарқажет болады. Бұл олардың жұмыс жасау мерзімін ұзартуға септігін тигізеді, - деп сөзін толықтырды колледж директоры.

Байқағандарыңыздай, мәселені мәселе қозғап жатыр. Қазір бізді «Қазақстан мектебінің ғимаратын алдағы уақытта қалай тиімді пайдаланамыз?» - деген сауал мазалайды.

Жақсы маман шығару үшін жақсы база керек

Айтпақшы, Сырым колледжінің директоры Рауан мырза:

- Болашақта ауданда сұранысқа ие темір жонушы, құрылысшы, ветеринария, тігінші мамандықтарын ашу жоспарда тұр.Жаңа мамандық ашуға лицензия алу үшін сол мамандық бойынша материалдық-техникалық базамыз, мамандық бойынша кітап қоры жеткілікті болуы керек, осы бағытта көптеген жұмыстар қажет болады. Тәжірибе алаңы ретінде колледжге 500 га жер телімін сұрап аудан әкіміне хат жазылды, жақын арада олда шешімін табады. Жалпы өндірістік алаңның оқушылардың қауіпсіздігіне орай жақын жерде болғаны ыңғайлы. Бау-бақша шаруашылығы бойынша колледж жатақханасының ауласына кішігірім жылыжай жобасы жасақталып жатыр, – деп жоспарымен бөлісті.

Біздің ұсыныс колледждің жоспарымен үндесетін секілді.

Бұған қатысты Сіз не айтасыз?

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале