24.07.2025, 18:00
Оқылды: 277

Мемлекеттік тілде еркін сөйлеу – азаматтық мәдениеттің айқын көрінісі

Орал қаласындағы  Ғарифолла  Құрманғалиев  атындағы  облыстық  филармония  сахнасында  рухани  кеңістікке  сәуле  түсірген  тағылымды  шара  өтті.  «Мемлекеттік  тіл  –  мемлекеттік  қызметте»  атты  облыстық  байқау  мемлекеттік  қызметшілердің  тілдік  сауатын  сынға  салып  қана  қойған  жоқ.  Аталмыш  дода  елдің  ертеңін  тілмен  байланыстыратын  сана  манифесіне  айналды.

Ана тілі – ұлттың тірегі, мемлекеттің негізі. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, оның шынайы қоғамдық қатынас тіліне айналуына серпін беру – стратегиялық маңызы зор міндет. Осы тұста мемлекеттік қызметшілердің тілді еркін меңгеруі – елдік мақсаттардың тірек тұсы. Олар күнделікті қызмет барысында тек ресми құжатпен шектелмей, халықпен тіл табысудың, жұртпен жанасудың тетігін де тіл арқылы жүзеге асырады. Демек тіл – олардың кәсіби құралдарының бірегейі, қызметінің шынайы сипаттамасы. Облыс көлемінде ұйымдастырылған бұл байқаудың басты мақсаты да осы ұстанымды нақты іске айналдыру, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы тілдік  мәдениетті  көтеру.

Бұл жолғы байқаудың маңыздылығы – қатысушылардың тілдік білімінен бөлек, азаматтық ұстанымы, ұлтқа жанашырлығы, мәдени өресі мен тарихи зердесінің таразылануында. Сайыс төрт бағыт бойынша ұйымдастырылды – өзін таныстыру, ел мен елдікке қатысты тақырыпта ой толғау, жағдаяттан шығу тәсілін ұсыну және көркем шығармадан үзінді оқу. Көрермен назарына ұсынылған әр бөлім – ресми сипаттан ада, жүрекке жетер шынайылықпен өрілді. Қатысушылар ел тарихының бел-белесін тарқатып, тіл тағдырына алаңдайтын сана мен  пайымды  паш  етті.

WhatsApp Image 2025-07-22 at 10.26.50 (1)

– Тіліміз – халқымыздың жан дүниесі, рухының айнасы, өткені мен бүгіні арасын жалғаған алтын арқау. Қазақ тілі – бір ұлттың ғана емес, біртұтас мемлекеттің тұғыры, елдік мұраттардың діңгегі. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді тек білу жеткіліксіз. Оны қызметтің, басқарудың, шешім қабылдаудың, қоғаммен қатынас орнатудың басты құралына айналдыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Қазіргі заманда мемлекеттік қызметші – ел мүддесіне еңбек ететін тұлға, халық пен биліктің арасындағы сенім көпірі. Осындай жауапты миссияны абыроймен атқару үшін мемлекеттік тілде еркін сөйлеу – кәсіби деңгейдің, азаматтық мәдениеттің, елге деген жанашырлықтың айқын көрінісі. «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты бұл байқау – тілді құрмет тұтатын, ұлттың мұңын мұрат еткен азаматтардың басын қосқан тағылымды алаң. Қатысушыларға шабыт, көрермендерге рух, әділқазыларға салиқалы шешім тілеймін. Ана тіліміздің абыройы асқақтап, әрқайсымыздың жүрегімізден орын алсын! – деді шараның ашылуында сөз алған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев.

Аудандық әкімдіктер мен ішкі саясат бөлімдерінің өкілдері – негізінен әкімшілік және ұйымдастырушылық бағыттағы жұмыспен айналысатын мамандар. Бұл байқау оларға күнделікті қызмет шеңберінен шығып, мемлекеттік тілді шығармашылық тұрғыда қолдануға мүмкіндік берді. Сахнаға шыққан қатысушылар өз өңірінің атынан сөз сөйлеп, тілге деген қарым-қатынасын, дүниетанымын, ойлау және баяндау қабілетін көрсетуді мақсат тұтты. Сырым, Бөкей ордасы, Жәнібек, Тасқала, Теректі, Бәйтерек, Ақжайық, Казталов аудандарынан келген үміткерлер байқау талаптарына сай өнер көрсетті. Әрқайсысының сахнадағы тәжірибесі мен дайындық деңгейі әртүрлі болғанымен, барлығын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосу деген ортақ мақсат біріктірді.

Әділқазылар құрамына назар сала отырып, байқаудың кәсіби деңгейіне, әділ бағасына, шынайы нәтижесіне сенім артпау мүмкін емес. Қазылар алқасында – мемлекеттік қызмет жүйесін терең білетін, тіл саясатына бейжай қарамайтын, бұқаралық ақпарат кеңістігінде ұлт руханиятын биікке көтеріп жүрген тәжірибелі мамандар шоғырланған. Олардың қатарында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаиров, Батыс Қазақстан облысы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл Айман Хайруллина, облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің  бас редакторының орынбасары Нұртай Текебаев, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Света Ғаниева, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Айдарбек Ақболатов  болды.

Сахнаға шыққан үміткерлер алғашқы кезеңде өздерін таныстырып, тілге деген көзқарасын білдіруге тырысты. Әр қатысушы таныстыры-лым барысында жеке болмысын ашуға, қазақ тіліне деген қарым-қатынасын көрсетуге талпынды. Кейбірі дайын сөзге жүгінсе, енді бірі еркін сөйлеуге ұмтылды. Жалпы алғанда, бұл бөлімде қатысушылардың тілдік машығы мен сахнадағы өзін ұстау мәнері әрқилы көрінді. «Елтаным» кезеңінде қатысушылар Тәуелсіздік шежіресін парақтап, ұлт көшін алға сүйреген тұлғалар жайлы сөз қозғады. Ал «Сөзтаным» бөлімі – шешендікке сын. Мұнда қызмет барысында жиі кездесетін кейістік жағдай ұсынылып, олардан тиімді шешім күтілді. Біреуі тұрғынның өтінішіне кешенді жауап беріп, екіншісі күрделі әлеуметтік мәселеге тілдік-психологиялық тәсілмен келуге тырысты. Сайыстың соңғы «Өнер сайысы» бөлімі қатысушылардың көркем сөзге деген құрметін аңғартты.

WhatsApp Image 2025-07-24 at 16.32.55 (1)

Байқау соңында әділқазылар алқасы шешімін жариялады. Қатысушылар әр кезеңде өз дайындығы мен тілге деген қатынасын көрсетуге тырысты. Кәсіби тұрғыда салмақты сөз саптаған, ой жүйесімен ерекшеленген үміткерлер озып шықты. Бірінші орын Бөкей ордасы ауданындағы Саралжын ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Мирхат Бадировқа бұйырды. Екінші орынды Жәнібек ауданы Тау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Алтынгүл Дамас иеленді. Үшінші орынға бірден үш қатысушы лайық деп танылды. Олар – Теректі ауданындағы Ақжайық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айбек Әбілқалым,  Ақжайық ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Мұхтарұлы, Сырым ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің жетекші маманы Назира  Серікбаева.

Мұндай іс-шаралар тілдік ортада қызмет атқаратын мамандардың әлеуетін танытып, мемлекеттік тілге деген көзқарасын нақтылай түседі. Тілді меңгеру – азаматтық жауапкершілік пен кәсіби мәдениеттің белгісі. Қазақ тілін сенімді қолдану елге деген құрметті білдіреді. Осындай байқаулар тілге деген көзқарасты іс жүзінде көрсетіп, оны күнделікті қызметте қолдануға жол ашады.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале