Жаңақала ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан аудан әкімінің кубогы өтті. Әр ауданда дәстүрлі түрде өтетін жарысты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Jastar» спорт клубы ұйымдастырды.
Аталған турнирге Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Ақжайық, Бөрлі, Бөкей Ордасы, Тасқала, Теректі және Жаңақала аудандары әкімдіктерінің командалары қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында БҚО волейбол федерациясының президенті, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев, Теректі ауданы әкімінің орынбасары Дархан Әбдірашитов, Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кеңесары Нұршинов сынды мәртебелі меймандар қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша: I орын – БҚО әкімдігі, II орын – Ақжайық ауданы, III орын – Бөкей ордасы ауданы үздіктер қатарын түйіндесе, жеке ойыншылар арасындағы үздіктер: Үздік байланыстырушы – Есенаман Стамғазиев (Бөрлі ауданы), үздік ойыншы – Асланбек Бауен (БҚО әкімдігі), үздік тосқауыл қоюшы – Дәурен Дауленов (Бөкей ордасы), үздік шабуылшы – Батырлан Баянов (Ақжайық ауданы) ие болып, үздік шыққан командалар мен ойыншылар дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жарыс достық пен әріптестік байланыстарды нығайтумен қатар, мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты насихаттауға серпін берді.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы