30.07.2025, 12:30
Оқылды: 845

Еңбегі де, есімі де ел есінде

Есімі көзінің тірісінде аңызға айналған Мүсір Иманқұлұлы Айтасов ауыл шаруашылығы саласының мәуелі бәйтеректерінің бірі еді. Бар саналы ғұмырын өзі еңбек еткен аймақтың ауыл шаруашылығын өркендетуге арнаған майталман Мүсекеңді бұлай айтпасқа әддіміз жоқ.

Зайыбы, белгілі қоғ
Сонау тарих қойнауына кеткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында ауданның Мәстексай машина-трактор стансасына келген жиырмадағы жас жігіт өмірінің ең бір өнімді, өзекті жылдарын жерұйығы Жаңақала жерінде өткізіп, өзі де жарық дүниеде Жаңақаланы жанындай жақсы көріп өтті.
Мүсекең 1935 жылы тамыз айында Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданының Мерген ауылында дүниеге келген. Әкесі Иманқұл, анасы Нәзира қарапайым шаруа баққан жандар еді. Жаңақала ауданының №12 Ұмтыл ауылында ата кәсіптері – мал шаруашылығымен айналысқан Иманқұл мен Нәзира сол кездегі жағдайға байланысты 1929 жылы Ілбішін (Чапаев, Ақжайық) ауданының «Советский степь» ұжымшарына қоныс аударғанмен, сол үйреншікті тіршіліктерінен қол үзген жоқ.
Жиырмасыншы ғасырдың ғазауат майданы Иманқұлдың отбасына да оңай болған жоқ. Отағасы ел қорғауға аттанғаннан кейін үй тауқыметі Нәзира мен шиеттей балаларына түсті. Сөйтіп, Мүсекең мектеп табалдырығын он жасқа толғанда аттады. Соғыстан қираған шаруашылықты қалпына келтіруге майдангер Иманқұл да белсене атсалысты. Енді ақ төсекте керіліп жатып ұйқысы қанбаған, қарындарын тойдырып, тамақ ішіп көрмеген жандар торғай шырылдағаннан қас қарайғанша шаруашылықтың жұмысына жегілді. «Қырсыққанда қымыран іріп» дегендей, 1951-дің қояны қалжырап жүрген жандарға оңай тимеді. Қысылтаяң кезеңде Иманқұл да отбасымен Жайықтың келесі бетіндегі «Қосшы» ұжымшарының Бақа ағаш мекеніне барып, мал қыстатты. Мүсекең қыстақтан жеті шақырым жердегі Аңқаты ауылынан жаяулап, жалпылап жүріп, жетіжылдық мектепті үздік тәмамдады. Ол кезде ауданның бірдебір шаруашылығында орта мектеп жоқ еді. Ал аудан орталығындағы орта мектептің жатақханасына төлейтін қаржы тағы жоқ. Сондықтан Мүсекең мектептегі оқуын доғарып, Оралдың ауыл шаруашылығы техникумына емтихан тапсырып, оқуға түсіп, студенттік ақысына жақсы оқығаны үшін үстеме қосылып, техникумды ойдағыдай бітіріп шықты. Өмірдегі сәйкестікке не дерсің, оқуын бітірер қарсаңда осында сырттай оқитын аңыз-адам Кенжебек Меңдәлиевпен танысты. Ал бұл таныстықтың кейін қызмет барысында көмегі көп болды. Сөйтіп, Мәстексай МТС-ында басталған сара жол Мүсекеңнің абыройын асқақтатқан, тағдырдың талайында талай рет ақсақтатқан дара жолына айналды.

c1969bd5-2aeb-434d-b2cd-abc7f410af
«...Жақсы адамдар жаныңызда жүрсе, жақсының сөзі жанға медет болар» дегендей, өмір сапарында Мүсекеңе жақсы адамдар аз кездеспеді. Солардың бірі – белгілі ұжымшар қайраткері Дүйсенбай Суханов. Көршілес шаруашылыққа келіп жүрген кезде Дүйсақаңның қырағы көзі жас жігітке жиі түсуші еді. Жиырманың үстіне енді шыққан жалындап тұрған жастың жа-нарындағы от Дүйсақаңның сезімтал жүрегіне сәулесін түсірді. Ақыры әріптесінен қолқалап жүріп, жас маманды өз қарамағына алды. Дүйсақаң Мүсекеңді балапандай баптады, қаршығадай қомдады, сосын шаруашылықтың жетекші буынының тізгінін қолына берді. Бұл шаруашылықта Мүсекең бас зоотехник қызметін атқарды. Осы қызметте жүріп, Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Кенжебек Меңдәлиевпен екінші рет кездесті. Албырт шағында абайламай көңілін қалдырса да, кең жүректі Кенжақаң Айтасовтың жолын айқара ашып, 1964 жылы «Бірлік» кеңшарының директорлығына жолдама берді. «Сыйға сый, сыраға бал» дегендей, Мүсекең де Кенжақаңның есімін ерекше ілтипатпен еске алушы еді. Ол кісінің іскерлігін, турашылдығын, кісілігін, аңғарымпаздығын «Кенжақаң бақсы ғой» деген бір ауыз сөзге сыйғызушы еді. Мүсекеңмен дәмдес болу, дидарласу, әңгіме-дүкен құру құрметіне ие болу өміріміздің шұғылалы шақтары болғанын несіне жасырайық.
Мүсекеңнің жады мықты еді. «Мен «Бірлік» кеңшарын қоянның «қырғынынан» қалған малмен қабылдап алдым. Сол кезде шаруашылықта 22000 қой, 1300 ірі қара, 800 жылқы болды. Арада сегіз жыл өткенде кеңшарды 56000 қой, оның саулығы – 26000, 4000 ірі қара, 1300 жылқы, 500 түйе малымен тапсырдым», – деп отырушы еді.
Мүсекең «Бірлік» кеңшарын биік белеске көтерді. Ол ең алдымен шаруа баққан жандардың жайын күйттеді. Оларды жақсы тұрғын үй, малға жайлы қора-жайлармен қамтыды. Орталыққа клуб, балалар жатақханасын қонақ­үй, тұрғын үйлер салғызды. Осы істе Мүсекеңе кеңшар партия ұйымының хатшысы Х. Мұғалбаев, бас зоотехник Қ. Төлешқалиев, бас мал дәрігері Ғ. Күнтудаев, бөлімше меңгерушілері О. Тілеубергенов, Қ. Жүсібалиевтер үлкен қолқанат болды. Аз ғана жылдарда Бірліктің берекеті еніп, шаруашылық шын мәнінде Еділбай тұқымдас қойдың Отанына айналды. Осы жылдарда тағдыр Мүсекеңді орыстың ұлы жазушысы М. Шолоховпен табыстырды. Екеуінің достығына шаруашылықта басшылық жұмыста жүрген азамат Ғапар Рамазанов дәнекер болған екен. Әйгілі жазушы өзіне Нобель сыйлығы берілгенін Жалтыркөл жағасында жатып естіді. Мүсекеңнің ұлы қаламгермен достығы шаруашылықтың өрлеуіне септігін тигізді. Дон даласында Бірліктің еділбай қойлары өссе, шаруашылыққа Шолоховтың көмегімен 10 жүк, бір жеңіл аутокөлік берілді.
1972 жыл, аудан тұрғындары үшін жүрекжарды жаңалығын ала келді. Осы жылдың наурыз айында он жыл үзілістен кейін аудан өз алдына шаңырақ көтерді. Ауданның басшылық құрамы жасақталғанда Мүсір Иманқұлұлы аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағалығына сайланып, партия сардары Сатқали Сапаровпен бірге жаңа аймақтың өркендеуіне атсалысты. Соқтықпалы, соқпақты жол Мүсекеңді өзі туып-өскен Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданының «Восход» кеңшарынан шығарған кезі де болды. Онда да өз мамандығын үйіріп алып кеткен Мүсекең көп ұзамай ауданның Ленин атындағы ұжымшарына төраға болып сайланып, басаяғы 2-3 жылда ұжымшарды алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналдырды.
Мүсекең орта жастан асса да, Жаңақала ауданының «Пятимар» жылқы зауытын дүркіретіп басқарды. Тәжірибелі басшы байырғы әдетіндей шаруа иелерінің жағдайын алдымен қолға алды. Шаруашылықта ірі қара саны өсті. Ет тапсыру жоспары жыл сайын артығымен орындалды. Тұрғын үйлер салу шаруашылықта артығымен жүзеге асты.
«Алақаны бар өмірдің шапалағы да бар» дегендей, Мүсекеңнің басына да баянсыз бақыт қонып, иесін жұтқан өмірді де, ақырзамандай өлімді де көрді. Көрді де көнді. Жастай қосылған жарынан, тағдыр қосқан зайыбынан, қос ұлынан айырылу Мүсекеңе оңай болды деп айтуға ешкімнің де ауызы бармас. Бірақ жасымас жігер, қайрақтай қайрат, өмірге деген құштарлық бәріне де төтеп бергізді. Шүкір, «Орнында бар оңалар» дегендей, немерелері мен жиендері өсіп-өніп келе жатыр. Ал Мүсекеңмен соңғы отыз жылға жуық өмірді бірге өткізген Балғаным Жантолықызы тағдыр тауқыметімен түскен жараны жазып қана қоймай, азаматтың маңдайына қонған бақ болғанына жұрты куәгер.

PHOTO-2025-05-30-15-21-11
Мүсір Иманқұлұлы табиғатынан сөзге шешен, әзілге ұста жан болды. Мүсекеңнің афоризмдері әлі күнге ел аузында жүр. Мүсір Иманқұлұлының елге сіңірген еңбегі лайықты бағасын алды. Ол Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар Достығы» ордендері, көптеген медаль, грамоталармен марапатталып, Ақ Жайық өңірінен алғашқы болып «КСРО-ға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері» атағын алған алды. Екі бірдей, Жаңқала, Ақжайық аудандарының құрметті азаматы.
Тоқсанның тұғырына Мүсекеңнің рухы көтеріліп отыр. Алқалаған әлеуметтің есінде есімі жүр. Ендеше елін сүйген, елі сүйген арда азаматтың аты елімен бірге жасай беретініне күмән жоқ.

Закария Сисенғали,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер
одағының мүшесі,
еңбек ардагері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале