Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев өңіріміздегі құрылыс және коммуналдық шаруашылық салаларының дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлерді облыс әкімінің алғыс хатымен және мерекелік төсбелгімен марапаттады.
–Құрметті әріптестер, баршаңызды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тарихтың жаңа бетін ашқан болатын. Еліміздің қалыптасуы мен нығаюы тұңғыш Елбасымызбен тығыз байланысты. Ширек ғасырда еліміз дамыған елу елдің қатарына кірді. Елімізбен бірге облысымыз да қарқынды дамып келеді. Батысқазақстандықтардың талмай еңбектенуінің арқасында тұрмыстың барлық салалары бойынша елеулі жетістіктерге жеттік. Өңірімізде 25 жыл ішінде 17 балабақша, 59 мектеп, сумен қамту нысандары, 102 денсаулық сақтау, тоғыз мәдениет және 11 спорт нысандары салынып, 150-ден астам елді мекен газбен қамтылды.
Облысымыз айтулы мерекені көптеген жетістіктермен қарсы алуда. Атап айтсақ, облыс орталығында мыңдаған тұрғын қоныстойын тойламақ. 2016 жылы жалпы саны 1500-ден астам пәтер тұрмыстық қолданысқа берілді. 300 орындық аурухана құрылысы аяқталды. Шыңғырлау ауданында 290 орындық балабақша ашылса, Орал қаласында Оқушылар және жастар сарайы ашылды. Жергілікті бюджеттен облыстық сот әкімшілік ғимараты қолданысқа тапсырылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай өңірімізде электр қуатын импорттау көрсеткішін азайту мақсатында бірқатар жұмыстар жасалды. Мәселен, 90-жылдары өңіріміздегі электр қуатының өндірісі сегіз-ақ пайызды құрап, қуаттылығы небәрі 30 МВт(МегаВатт)-қа жететін. Бүгінде импорттау арқылы келетін өнім үш пайызды ғана көрсетіп тұр. Соңғы жылдары іске қосылған «Қарашығанақ» газ турбиналық стансасы (ГТС) 160 МВт, Орал жол электр орталығындағы «Hitachi» ГТС-і 28 МВт, Зеленов ауданының Белес ауылы маңындағы «Орал» ГТС 100 МВт қуаттылығына ие. Аталмыш стансалар іске қосылып, еліміздің өзге аймақтарына арзан әрі экологиялық таза электр қуатын экспорттауға мүмкіндік беріп отыр. Біздің мақсатымыз тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқатын нығайтуға бағытталған. Құрылысшылардың жұмыстарына сәттілік тілей отырып, еліміздің даму жолында қосқан үлестері үшін алғысымды айтамын! - деді Бағдат Оразалдыұлы.
Айымгүл Төлеуғалиева
www.zhaikpress.kz