21.08.2025, 15:30
Оқылды: 498

«Қоғамдық кеңесті нәтижеге жұмыс істейтін диалог алаңына айналдырғым келеді»

Биыл облыстық  қоғамдық  кеңестің  IV  шақырылым  бойынша  жаңа  құрамы  өз  жұмысын  бастады.  Қоғамдық  кеңестің  төрағасы  Бауыржан Атауов  әр  ауданға  барып,  тұрғындардың  ой-пікірін  тыңдап,  олармен  пікірлесіп  қайтты.  Төраға  төңірегінде кеңес  мүшелері  де  болды.  Атауов  қоғамдық  кеңестің  бағыт-бағдары,  комиссиялардың  жұмысы, атқарылған  игі  істер  және  алдағы  жоба-жоспар  туралы  әңгімеледі.

Атауов

– Бауыржан Аяпбергенұлы, облыстық қоғамдық кеңестің мақсат-міндетін баяндап  өтсеңіз?

– Қоғамдық кеңестің басты миссиясы – билік пен халық арасындағы көпір болу. Егер бұл құрылым тиімді жұмыс істесе, қоғамдағы күрделі мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Біз заң бойынша барлық маңызды шешімнің алдын ала қоғамдық кеңесте қаралуын қадағалаймыз. Мәселен, бюджеттік бағдарламалар, жергілікті маңызы бар нормативтік-құқықтық актілер халық талқысына шығарылады. Бұл – қоғамның пікірін ескеруге арналған тетік.

Мен өзім төраға ретінде аймақты аралағанда адамдар қоғам белсенділеріне сенім артатынын байқадым. Олар кеңестен үстел басында шешім қабылдамай, шынайы ахуалды барлап көруді сұрайды. Біз соны мақсат еттік. Кеңестің жұмысы ресми хаттамамен шектелмей, ел ішіндегі ойды билікке жеткізетін ашық алаң болуы тиіс.

– Қоғамдық кеңес құрамында неше комиссия бар, олар қандай жұмыспен айналысады?

– Қазіргі таңда кеңес бес комиссиядан құралған. Бұл – жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жасалған қадам. Әр комиссия сала мамандарынан тұрады, олардың тәжірибесі сол саладағы мәселелерді терең талдауға мүмкіндік береді.

Қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жастар мәселесі жөніндегі комиссия (төрағасы – Элгун Джаналиев) жастардың белсенділігін арттыру, қоғамдық бастамаларды қолдау бағытында  жұмыс  істейді.

Тұрғындардың әлеуметтік мәселелері жөніндегі комиссия (төрағасы – Нұрлан Сәдір) денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қолдау бағыты бойынша бастамалардың жандануына ұйытқы болады.

Құқық қорғау құрылымдарымен ынтымақтастық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия (төрағасы – Манарбек Ғабдуллин) заң үстемдігін сақтау, әділеттілік орнату үшін маңызды.

Азаматтық қоғаммен іс-қимыл жөніндегі комиссия (төрағасы – Бауыржан Ғұбайдуллин) үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнатып, олардың ұсыныстарын жинақтайды.

Аумақтық даму және бюджет мәселелері жөніндегі комиссия (төрағасы – Бибігүл Қонысбаева) қаржының тиімді жұмсалуын, ауылдардың инфрақұрылымын бақылайды.

Кеңес құрамындағы отыз бір адам бір-бірімен тікелей жұмыс істей алмайды, сондықтан осындай комиссияларға бөлдік. Әр төрағамен жеке-жеке кездесіп, олардың жауапкершілігін  нақтылап  қойдық.

– Бүгінге дейін қандай мәселелер талқыланды, әкімдіктер мен мемлекеттік құрылымдар қаншалықты  ескерді?

– Қысқа уақыттың ішінде біз он екі ауданға барып, қоғамды толғандырған түйткілдерді тыңдадық. Әкімдіктер біздің бастамаларды ескерусіз қалдырған жоқ, бірақ бәрі бірден шешіледі деп айтуға болмайды. Мысалы, киіктің көбеюі бойынша халық жанайқайын жеткізді. Біз бұл мәселе жөнінде облысқа келген кезде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты құлағдар қылдық. Экология және табиғи ресурстар министріне және Мәжіліс депуттарына да ашық хат жаздық.

Жол сапасы да кеңестің бақылауында. Облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы мен мердігер ұйымдарды кеңес отырысына шақырып, жауап алдық. Әлеуметтік желідегі шағымдарды да назардан тыс қалдырмаймыз. Әлі де шешімін таппаған мәселелер бар, бірақ қоғамдық кеңес тарапынан бақылау үзілген жоқ.

– Өңір жұртшылығын алаңдататын күрмеулі түйткілдерді тарқатып  берсеңіз?

– Біріншісі – киік мәселесі. Бұл – халықтың күнделікті тіршілігіне тікелей әсер етіп отырған жағдай. Қазіргі кезде облыста киік саны 3,5 миллионға жеткені айтылып жүр. Олар егістік пен жайылымды таптап, шаруалардың еңбегін зая қылуда.

Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы аудандарындағы тұрғындар малынан айырылса, көшуге мәжбүр болатынын ашық айтты. Қазіргі уақытта  республика деңгейінде заң қабылданды. Соның нәтижесінде браконьер бабымен сотталған 900-ге жуық азамат  бостандыққа  шығуы  мүмкін.

Бұл іске белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да ерекше атсалысты. Белгілі бір деңгейде қоғамдық кеңес мүшелері осы мәселенің шешімін табуға үлес қосты деген сенімдемін. Енді киік мүйізін сақтау, саудалау, нарыққа өткізу бойынша қылмыстық іс қозғалғандарды жазалауға  арналған  заң  бабы  жұмсарды.

Екінші мәселе – жолдың сапасы. Халық күнде қатынап жүрген жолдың аз уақыт ішінде бүлінуіне наразы. Жүк көліктерінің шамадан тыс салмағы аутожолдарды жарамсыз етіп отыр. Біз жол сапасына жауапты құрылымдардың өкілдерін шақырып, «Неге бақыламайсыңдар?» деп сұрадық. Олар штат аз, техника жетіспейді деген уәж айтады. Бірақ бұл сылтау емес. Біз нақты шешім табу үшін ұсыныстар  әзірлеп  жатырмыз.

Үшінші мәселе – шекаралық аудандардағы мектептердің жабылу қаупі. Егер оқушы саны қырықтан аз болса, мектеп жабылады. Бұл ауылдың қаңырап бос қалуына әкеледі. Шекаралық ауылдарда адамдардың сиреуі стратегиялық тұрғыдан қауіпті. Сондықтан бұл мәселе де біздің бақылауымызда.

– Азаматтық қоғам институты ретінде қоғамдық кеңестің рөлін нығайту үшін қандай қадамдар жасалуы керек?

– Ең бастысы, кеңестің ұсыныстары қағаз жүзінде қалмай, нақты іске асуы керек. Біз жиын өткізіп қана қоймаймыз, әр шешімді билікке хат түрінде жолдаймыз. Азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру да маңызды. Әрбір тұрғын кеңестің отырысына қатысып, пікір айтуға құқылы. Бұл үшін ашықтықты қамтамасыз  етіп  отырмыз.

– Бауыржан Аяпбергенұлы, қоғамдық институттар көбейіп келеді. Ал облыстық қоғамдық кеңестің облыстық мәслихаттан не айырмашылығы  бар?

– Мәслихат – шешім қабылдайтын құрылым, ол заңды күші бар құжаттарды бекітеді. Ал қоғамдық кеңес – кеңесші құрылым. Біз де қаулықарар қабылдаймыз, халықтың сөзін құзырлы құрылымдарға жеткіземіз, талқылаймыз, ұсыныс береміз. Айырмашылығы – өкілеттілікте. Бірақ кеңестің рөлі мәслихаттардан бір мысқал кем емес. Көпшілік бізге сеніп, ой-пікірін ашық айтса, бірқатар ұсыныс бойынша атқарушы биліктің жұмыс істеуіне ықпал ете аламыз. Депутаттар округтеріндегі мәселелер-
ді көтерсе, біз облыс бойынша жалпыға ортақ кез келген істі талқылай аламыз.

– Қоғамдық кеңес мүшелерінің қанша пайызы жаңарды, орташа жасы нешеде, жалпы әлеуметтік ерекшелігі қалай? Партиялық құрамы  жөнінде  айтсаңыз.

– Төртінші шақырылымдағы облыстық қоғамдық кеңестің құрамы айтарлықтай жаңарды. Нақты айтқанда, кеңес құрамының 75 пайызы жаңарған. Бұл өзгеріс кеңес жұмысын жандандырып, жаңа бастамаларға серпін береді деген сенімдемін. Кеңес мүшелерінің орташа жасы – 40 жас. Қоғамдық кеңес құрамында қоғамдық бірлестіктердің, бизнес саласының, «AMANAT» партиясының, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының және «Respublika» партиясының өкілдері бар.

– Алдағы жоспарыңыз жөнінде  айтсаңыз?

– Комиссиялардың жұмысын күшейтіп, нақты ұсыныстарды билікке жеткізуді жолға қоямыз. Киік, жол, мектеп мәселелері күн тәртібінде қала береді. Сонымен қатар жастар саясаты, әлеуметтік қолдау, ауыл инфрақұрылымы да біздің назарымызда.

Қоғамдық кеңестің біліктілігін арттыруға көңіл бөлгім келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргіземіз. Қоғамдық бақылау тетігін жетілдіре түсеміз. Ең басты мақсатым – қоғамдық кеңесті халық сенетін, нәтижеге жұмыс істейтін диалог алаңына айналдыру. Қысқасы, қоғамдық кеңес қоғамның сөзін билікке жеткізетін нағыз «алтын көпір» болуы  тиіс.

 

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале