22.08.2025, 17:05
Оқылды: 753

Еңбекпен есейген азамат


Ауылдың берекесі – еңбектен тайынбай, туған жердің тіршілігіне сүбелі үлес қосып келе жатқан қарапайым еңбек адамдары. Еңбек – өмірдің мәні, тіршіліктің тұтқасы. Адал маңдай терін төгіп, бір кәсіпті өмірлік серігіне айналдырған жандар қандай құрметке де лайық.

photo-output
Солардың бірі – 1968 жылы  қазіргі Ақтау ауылында дүниеге келіп, 1985 жылы трактор тізгінін ұстаған, бүгінде ауылдық округ әкімі аппаратында 20 жылдан бері жүргізуші болып қызмет атқарып келе жатқан Тілеген Қазымов.

Жастайынан техникаға жақын өскен ол туған ауылында өзіне сеніп тапсырылған әрбір істі тиянақтылықпен, жауапкершілікпен орындап келеді. Ардақ ауылдық округінің әкімі Руслан Тасименов: "Еңбек адамы ұғымы кең мағынада қолданылатын ұғым. Қарапайым жүргізуші бола тұра, ауыл өміріндегі сан алуан қоғамдық істерге де белсене араласып, әріптестер арасында сыйлы, тұрғындар арасында беделді. Тек жүргізушімін демейді өрт кезінде де, көктемгі суда да, қыстың боранында да көмектесуге әзір. Жауапкершілікпен еңбек етуде",- деп атап өтті.

Бұл азаматтың тектілігі мен еңбекқорлығы ата-анасынан дарыған. Әкесі – бүгінде 80 жастан асқан ақсақал. Қария жасына қарамай, аудан орталығында ауылішілік такси қызметінде жүр. Сонымен қатар темірден түйін түйген шебер ретінде танылған. Бұл – қажымас қайрат пен өмірге деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісі.

Анасы Роза Қазымова көпбалалы ана ретінде ұрпағына еңбекқорлық пен адалдықты тәрбиелеп келеді. Бұл өнегелі тәрбиені бүгінгі күні ұл-қызының отбасы жалғап отыр. Жұбайы Алтынай Төлеуішқызы ауылдағы "Қарылғаш" балабақшасында тәрбиеші. Кішкентай бүлдіршіндерге мейірім мен білім беріп жүрген бала жанының бағбаны.Еңбек адамы Тілеген Қазымов: "Қарапайым жұмысшы болу ұят емес, жалқау болу – ұят. Халқымызда еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді? деген бар. Жүргізуші болу да оңай емес,бұрынғыдай жол жоқ, қара балшық, күннің аптап ыстығында, қыстың қытымыр аязы мен боранында көлік жүргізу қиын болып, жолда қалған уақыттар да кездесті.Өзіңіз білесіз, қазір жолдар дұрысталуда. Сондықтан жастарға еңбектің қадірін айтудан жалыққан емеспін",-дейді. "Еңбек ер атандырады" деген әдемі тәмсілдің мағынасы да Тілегендей еңбек адамына айтылса керек-ті. Расында еңбек етіп, маңдайы терлегеннің әр заманда да жұлдызы биік болады. Өйткені, ол айналасына мейірімін төге білуімен, адалдығымен, еркін ойлайтындығымен, еңбекті ұйымдастыра білуімен ерекшеленеді. "Міне, біздің өкшемізді басқан Тілеген Қазымов өзінің адал еңбегімен елдің алғысын арқалаған жан. Әрдайым көмекке әзір, машинасы мұнтаздай таза, ісіне адал,ұқыпты",-деп әріптесі Мұхаматқали аға да ағынан жарылды.

Бүгінде Тілеген мен Алтынай ұлдарын үйлендіріп, келін түсірген бақытты отбасы. Еңбектен бақыт тапқан бұл отбасы ауылдастары үшін үлкен өнеге. Тілеген Сағынбайұлы жас кезінен-ақ қарапайым тіршіліктің өзінде үлкен жауапкершілік, еңбекқорлық, өз ісіне деген сүйіспеншілік болу керектігін дәлелдеді. Тәрбиесі мен тұрмысы, адамдық келбеті мен қарапайым өмірі арқылы құрметке бөленіп келеді.

Ата-анасының ақ тілеуімен техниканы тізгіндеген, өз ісіне жанашырлықпен қарайтын және оны бар ынта-жігерімен орындайтын Тілеген Сағынбайұлының қарапайым еңбекпен кешіп жүрген қоңыр тіршілігі осындай.

                                                                                                      Светлана Ешматқызы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале