Жаппай "көлеңкелі" ағын
Қытай автожасаушылар қауымдастығының деректеріне сүйенсек, соңғы бір жылда Қазақстанға қытайлық көліктер импорты екі есеге артқан.
2025 жылдың қаңтар-маусым айларында елге 77,6 мың көлік әкелінген. Бұл көрсеткіш Қазақстанды қытайлық көліктерді ең көп импорттайтын әлемдегі алғашқы он елдің қатарына енгізді.
Алайда мәмілелердің елеулі бөлігі ресми дилерлерді айналып өтіп, жеке "көлеңкелі" делдалдар арқылы жасалып жатыр.
Дәл осы жерде мәселелер туындайды. ҚР СІМ Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің дерегінше, 2024 жылдың өзінде қытайлық автокөліктер бойынша 63 шағым түскен. Бұл – көліктерге қатысты барлық арыз-шағымдардың шамамен әр оныншысы.
Қазақстандықтардың негізгі шағымдары: қозғалтқыш пен беріліс қорабының ақаулары, салқындату және электроника жүйесіндегі бұзылулар, көрсетілген сипаттамаларға сәйкес келмеуі.
Кей жағдайларда көлікті сатушыларға қайтаруға немесе олардың есебінен жөндетуге тура келген. Басқа істерде – сот арқылы немесе сотқа дейінгі шағымдар негізінде миллиондаған теңгені қайтарып алған.
- Ақтөбе облысында бір іс бойынша сот автокөлік иесіне 16 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуді міндеттеді (оның ішінде айыппұл мен моральдық шығын да бар).
- Павлодарда – өтемақы 11 миллион теңгені құрады.
- Батыс Қазақстан облысында тұтынушыға 7,1 миллион теңге қайтарылды.
- Атырау мен ШҚО-да жоспардан тыс тексерістер жүргізіліп, тараптардың келісімімен ақшалары қайтарылды.
- Қостанай облысында маркалардың ең кең түрі кездесіп, көбіне сараптама талап етілді.
Шағымдар саны бойынша көшбасшылар – Алматы, Қостанай облысы және Астана.
Басқа өңірлерде арыз аздау болғанымен, мұнда да тұтынушылар құқықтарын қорғау үшін күресуге мәжбүр.
Армандаған көлік – бас ауыртар мәселе
Алматы
Алматылық Арман делдал арқылы жаңа Chery Tiggo сатып алды. Көлікті бір айда әкелеміз деген, бірақ шын мәнінде үш айдан кейін жеткізілген. Бір апта өтпей қозғалтқыштағы "чек" жанды. Ресми дилер көлікті кепілді жөндеуге қабылдаудан бас тартты. Себебі ол "көлеңкелі" жолмен әкелінген. Ақыры Арман 1 миллионға жуық теңгені өз қалтасынан шығарып жөндеді. Кейін сот арқылы тек жартылай өтемақы ала алды.
Павлодар
Айгүл Instagram жарнамасына сеніп, BYD көлігіне алдын ала тапсырыс беріп, делдалға 18 миллион теңгеге жуық қаржы аударды. Бірақ көлігін мүлде алған жоқ: фирма жабылып, кеңсесі бос қалған. Кейін белгілі болғандай, "компания" небәрі 4 ай ғана жұмыс істеп, лицензиясы болмаған. Қазір істі полиция тергеп жатыр, алайда ақшаны қайтару мүмкіндігі өте аз.
Неге қазақстандықтар тәуекелге барады?
Бір жағынан, бұл – психология. TikTok пен Instagram-дағы делдалдар қазақстандық көрікті жерлердің аясында жаңа қытайлық модельдерді көрсетіп, "кеше ғана клиентке жеткіздік" деп сендіреді.
Осыдан кейін сатып алушылар 1,5 миллион теңге шамасындағы баға айырмасын көріп, "көлеңкелі»"нұсқаны таңдайды. Нәтижесінде жаңа көлік орнына құжаттары жасанды, кепілдігі жоқ әрі шекарадан өткенде тәркіленуі мүмкін проблемалы көлік алады.
Автосарапшы Эдуард Эдоковтың пікірінше, қытайлық көліктермен алданып қалған оқиғалардың басқа алаяқтық схемалардан еш айырмашылығы жоқ.
- Кез келген салада алаяқтар жеткілікті. Мейлі ол көлік болсын, телефон болсын, қаржылық қызмет болсын. Қазақстанда талай рет адамдарды телефон арқылы, несиелер немесе қаржы пирамидалары арқылы алдаған. Бұл жерде де жағдай сондай: әдемі суреттерге сеніп, "ертегідей шарттарға" алданып, ақшасын береді. Бірақ тегін ірімшік тек қақпанда ғана болатынын ұмытпау керек, – дейді ол.
Оның айтуынша, нарықта адал жеке компаниялар да, ашық алаяқтар да бар.
- Жеке делдалдар әрқашан болған. Олар ресми дилерлерге дейін жаңа модельдерді жылдам әрі арзан әкеледі. Бірақ мұның да екінші жағы бар: зауыттық кепілдік жоқ, сервис тек компанияның уәдесіне байланысты. Кейде орындайды, бірақ көбіне клиент өз мәселесімен жалғыз қалады, – дейді Эдоков.
Баға ма, әлде кепілдік пе?
Эдоковтың айтуынша, сатып алушылар үшін шешуші сұрақ көбіне осының төңірегінде.
Кейбіреулер: "Ресми дилерден алған қымбат, бірақ кепілдік бар", – дейді.
Басқалары: "2-3 миллион теңгені үнемдесем, қажет болса жөндеуді өзім төлеймін", – деп ойлайды.
Бірақ қозғалтқыш, беріліс қорабы немесе электромобиль батареясы істен шықса, шығын миллиондаған теңгеге жетуі мүмкін.
Егер бұл дилердің көлігі болса, жөндеу тегін жасалатын еді. Ал "көлеңкелі" жағдайда бәрі өз есебіңнен ғана жөнделеді, – дейді сарапшы.
Қытай көлігін сатып алғанда қақпанға қалай түспеу керек?
Маман мынадай кеңес береді:
- Жарнаманың бәріне сене бермеу;
- Компанияның кеңсесін, құжаттарын, заңды тұлғасын тексеру;
- VIN-код арқылы көлік тарихын қарау;
- 100% алдын ала төлем жасамау, кезең-кезеңімен есеп айырысу.
Егер 10–20 миллион теңге беруге дайын болсаңыз, мәмілеге пәтер сатып алғандай мұқият қараңыз: келісімшартты оқыңыз, құжаттарды тексеріңіз, компанияның кемі бірнеше жыл жұмыс істейтініне көз жеткізіңіз, – дейді Эдоков.
Мемлекет бақылауды күшейтуі тиіс пе деген сұраққа ол келесідей жауап берді.
Мемлекет әркімді қорғай алмайды. Егер адам өз еркімен жауапкершіліктен бас тартатын шартқа қол қойса, ешқандай сот көмектеспейді. Сондықтан бастысы – тәуекелді алдын ала ойлау. Қауіпсіздікті қалайсың ба – ресми дистрибьюторға бар, қымбатырақ, бірақ кепілдігі бар. Арзанын қалайсың ба – салдарын өзің көтеруге дайын бол, – дейді сарапшы.
Сапасыз көлік үшін төленген ақшаны қалай қайтаруға болады?
Сауда және интеграция министрлігі көлік сатып алуда мәміленің қауіпсіздігі көбіне иесінің өзіне байланысты екенін ескертеді. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті өндіруші мен модель жайлы толық ақпаратты қарауды, сатушының беделін тексеруді, басқа жүргізушілердің пікірлерін оқуды ұсынады.
Егер көлік сапасыз болып шықса, бірінші қадам – сатушыға немесе дилерге жазбаша шағым жолдау. Көп жағдайда бұл мәселені сотсыз шешуге көмектеседі. Егер 10 жұмыс күні ішінде жауап болмаса немесе сатушы келісуден бас тартса, КЗҚК аумақтық департаменттері кеңес беріп, талап арыз дайындауға жәрдемдеседі және тіпті сотта үшінші тарап ретінде өкілдік ете алады.
Көлік сатып алу – үлкен инвестиция. Егер ол күткендей болмай шықса, заң жүргізушінің жағында. Азаматтар құқықтарын неғұрлым жақсы білсе, уақтылы көмекке жүгінсе, жөндеуге артық шығындану қаупі соғұрлым азаяды, – деп атап өтті комитет.
Шағым жолдау немесе кеңес алу үшін "E-otinish" жүйесін немесе өңірлік департаменттерді пайдалануға болады.
Автокөлік иелеріне арналған "жедел желілердің" байланыстары министрлік сайтында жарияланған.
