26.08.2025, 11:00
Оқылды: 308

Жаңақала ауданы: Қамданыс қапы қалдырмайды

Жаңақала ауданында 519 шаруа қожалығы, 45 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 17 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Маусым айының есебі бойынша МІҚ саны 114729 бас (өткен жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда өсім 6,9 пайыз), ҰМҚ 201103 бас (өсім 5,1 пайыз), жылқы 50233 бас (өсім 14,2 пайыз), түйе 749 бас құрап отыр.

e876c917-647e-4778-874a-a4f7163a36c0

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева «Биыл шөп шығымы орташа. Ауданымыздың 9 ауылдық округінде мал азығын дайындау жұмыстары жүргізілуде. 1 бума шөптің құны 5 мың мен 9 мың теңге аралығында. Қызылоба ауылдық округінде шөпті шабу орнынан сатып алған жағдайда 1 бума шөп 5 мың теңге тұрады. Әзірге өзге аудандардан шөп тасымалданып жатқан жоқ. Резервуат және Ресей Федерациясына жалға берілген жер учаскелерінен 20 шақты шаруа қожалығы ауылдық округ әкімінің рұқсатымен мал азығын дайындауда. Лимандарда шөп өнімділігі 10-12 ц/га. Қырлықта (Жаңажол, Жаңақазан, Мәстексай, Көпжасар, Бірлік, Пятимар) шөп шығымы төмен. Әсіресе, лиманы және шабындығы жоқ Көпжасар округінде 1,2-1,5 ц/га. Құмның төрінде шөп шығымы орташа есеппен 3,2-3,6 ц/га. Күні бүгінде «Фурор-Сенокос» АШӨК Жаңақала ауылдық округіндегі 100 га жер учаскесіне судан шөбін егіп, өнім алуда. Шөп шығымы 10-12 ц/га. Ал «Айдар» ШҚ Қызылоба ауылдық округіндегі 200 га жерден дәл осындай амалмен нәтижесін күтуде. Күні бүгінде 51 шаруа қожалығы 94 трактормен мал азығын дайындау үстінде. Қатыстырылған орақ саны - 172.  Аудан бойынша тіркелген 749 трактордың 173-і жаңадан сатып алынғандықтан, техникалық байқаудан босатылып, 193-і (33,2 пайыз) байқаудан өткізілді. Осы жерде ауыл шаруашылығы техникаларының иелері тарапынан техникалық байқаудан өткізуге қатысу деңгейінің төмен екенін айта кеткен жөн.

Жаңақала ауданы әкімінің 2025 жылғы 28 наурыздағы №38 өкімі негізінде аудан бойынша шаруа қожалықтарының егістік алқаптарына киіктен келетін зардаптың алдын алуға қатысты қолдау көрсету жөніндегі жедел штаб құрылып, 2025 жылдың 15 сәуірі мен 1 тамызы аралығында егістік пен шабындық алқаптарының киікпен тапталуын болдырмау бойынша кезекшілік кестесі жасақталып бекітілді. Жаңақала ауданы бойынша киіктен қорғауды қажет ететін егістік жер учаскелерінің көлемі 300 га (2 жер учаскесі), шабындық жер учаскелерінің көлемі 48342 га (180 жер учаскесі), шабындық ретінде пайдаланылатын жайылым жер учаскелерінің көлемі 1500 га (15 жер учаскесі).  Соынмен бірге маусым айының 26 күні мал азығын дайындауға арналған арзандатылған жанар-жағармайды алу бойынша өтінім қабылдау gosagro.kz порталы арқылы басталған болатын. Алайда лимиттің аз болуы себебінен көптеген шаруа қожалықтары ала алмай қалды. Бұл мәселе жуық арада қайта есептеу жүргізіліп, өтінім қабылдау арқылы шешіледі деп күтілуде. Тағы бір мәселе арзандатылған жанар-жағармайдың 1 литрі 254 теңгеге болғанымен, оны аудан орталығындағы жанармай құю бекеттерінен алу мүмкіндігі жоқ болғандығы. Осы себептен жағармайдың өзіңдік құны жоғарылайды», - дейді.

357c695c-fd48-4886-a775-98c13d9c1f68

Пятимар ауылынан  отыз  шақырым қашықтықта орналасқан "Айтқали  Д" шаруа қожалығы 1997 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. - «Жесе азық, ішсе сусын, сатса пұл болатын төрт түліктен келер пайда шаш етектен. Тек малды баға білсең, бабын таба білсең, берекелі болады. Шілденің бел ортасына келдік,  әлі шөп шабуға кіріскен жоқпыз. Себебі соңғы жылдары қожалық жерінде шөп шығымы нашар. Ала таңнан  тұрып, іске кіріскенімізбен мал азығы мардымсыз болып тұр. Оған қоса көктем келіп, жер көктей бастағанда киіктер тапап,  біз секілді қарапайым шаруалардың мазасын кетіреді. Желден жүйрік жануардан келер кесел әлі  де азаймай тұр. Қолымыздан келгенше қос трактормен тынбай тірлік етудеміз», - дейді қожалық иесі, әке таяғын ұстаған Айбол Даниярұлы. Ал Саралжын елді мекенінде орналасқан «Боранбай» жеке шаруа қожалығының иесі Жәнібек Боранбаев та орақ, шалғысын дайындап, қысқы маусымға қамдануда. Тракторшылардың тапшылығын тілге тиек етіп, шөп шығымының өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жақсы екенін айтып өтті. Жауған жауынға шүкіршілік етіп, өнімді молынан жинауға үміті мол.

64213056-1b4a-449b-ba5a-dd933c261904

- Жуық арада дала жануары қырлық шабындықты отап кеткен болатын. Ол шабындыққа суды Қамыс Самар жайылмасынан алған болатынбыз. Қазір Самарда да су мардымсыз. Былтырғы ылғалмен шығып жатыр. Түсім шамалы. Биыл да Үкіметтен қолдау күтеміз. Сонымен қатар мал жайылатын жерді ақбөкендер меншіктеп алған. Шабындыққа шалғы салған шаруалар таласып-тармасып тірлік етіп, қысқы мал азығын қалай дайындарын білмей дал болуда, - дейді Мәстексай ауылының тұрғыны, аудандық мәслихат депутаты Қобылан Мұхамбетов.

Онсыз да жағдайы мүшкіл шабындықты дала жануары дал-дұлын шығарса, маңдай терлете еңбек етіп жүрген шаруагер ағайынның еңбегі еш кетпей ме? Табиғатты қорғау міндет, алайда адам еңбегін елеусіз қкалдыруға болмайды. Осы ретте мемлекет тарапынан киік пен шаруаның арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын нақты шешімдер қажет. Әйтпесе, «киелі киік – шаруаларға күйік» болып қала береді.

 

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале