10.09.2025, 22:00
Оқылды: 426

Жүктелген міндеттерді орындау – ортақ іс

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда маңызды құжатта берілген міндеттерді іске асыру барысы талқыланды.

feed3fec-4c51-4df6-b12a-3282b86b75d2
– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақ-стан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақ-стан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда елімізді әлеуметтік-экономикалық, цифрлық дамытудың басым бағыттарын белгілеп, бірқатар маңызды тапсырмалар берді. Атап айтқанда, өңірлерге қомақты жеке инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беру, көлік-логистиканы дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инрақұрылымын жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және тағы басқалары бар. Жолдаудағы маңызды мәселелердің бірі – инвестициялық саясатты қайта қарастыру. Президент тапсырмасына сәйкес инвестицияның негізгі бөлігі шикізат саласына емес, өңдеу өнеркәсібіне, шағын және орта бизнеске, жоғары технологиялық жобаларға бағытталуы қажет. Облыста инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былтыр инвестициялар көлемі 749,9 млрд теңгеге жетіп, оның 72,6%-ын немесе 571,5 млрд теңгесін жеке инвестициялар құрады. Алдағы 5 жылда 2,2 трлн теңгеге 73 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондықтан біздің облыс әлі де инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және инновациялық жобаларды қолдауға дайын. Жаңа технологияны, соның ішінде жасанды интеллектті енгізу еліміздің дамуында маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Жолдауда Үкімет пен жергілікті атқарушы құрылымдар жұмысының басты бағыттарын айқындап, алдымызға жаңа міндеттер қойды. Жүктелген міндеттерді орындау – бәрімізге ортақ іс, – деген өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы сөз кезегін баяндамашыларға берді.
e8fd9d61-47e2-4d44-bd24-a51fbfd93083
Алдымен сөз алған облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев Жолдаудағы жеті бағыттың үшеуіне – экономикалық жаңғырту, әлеуметтік мәселелерді шешу және саяси реформаларға тоқталды.
– Жолдауда Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновациялық технологияларды енгізу және цифрлық даму басым бағыттарға айналуы тиіс екені атап өтті. Президент Ұлттық қорды тиімді басқару үшін криптовалюталар мен цифрлық активтерді қамтитын цифрлық резервтік қор құруды ұсынды. Бұл – қаржылық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақталықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет тек шикізатқа тәуелді болмай, жаңа өндіріс ошақтарын ашып, ішкі нарықты дамытуға мүдделі. Машина жасау, IT, биотехнология, қайта өңдеу, экотуризм сынды салалар басты назарда тұр. Елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін тау-кен өндірісі мен логистика саласына басымдық берілді. Бұл ретте көлік-логистикалық хаб ретінде Қазақстанның Орта Азиядағы әлеуеті ерекше атап өтілді. Президент отандық өндірісті қолдаудың жаңа тәсілдерін енгізу қажеттігін айтты. Импортты алмастыру, ауыл шаруашылығын қолдау, отандық кәсіпорындарға нақты жеңілдіктер беру – осының айғағы. Батыс Қазақстан облысы да осы бағыттар бойынша дамып келеді. Облыс экономикасының негізін мұнай-газ секторы құрағанымен, қазір өңдеу өнеркәсібін дамытуға көңіл бөлінуде. Облыста бірнеше жаңа өндіріс орны ашылуда. Олардың қатарында металл өңдеу, азық-түлік өндірісі, құрылыс материалдарын шығару бар. Өткен 7 айдың қорытындысы бойынша облыстың өңдеу өнеркәсібі саласындағы өсім – 21,2%, – деді Мұрат Рахметұлы.
Ол газ-химия өндірісін дамыту – өңір экономикасын әртараптандырудың және тұрақты жұмыс орындарын құрудың тиімді жолы деп атап өтті. «Zhaik-PetroleumLTD» ЖШС Қытай инвесторының қатысумен құны 78,8 млрд теңгеге сұйық метанол өндіретін газ-химиялық кешенін салмақ. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Қазақстанды дамыту банкі» АҚ арқылы 58 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданған. Биыл қазан айында құрылысты бастау жоспарланған. Мұрат Рахметұлы мәслихат депутаттары мен партиялардың белсенді жұмыс істеуі, қоғамдық кеңестер, жастар ұйымдары мен ҮЕҰ-лардың саяси үрдіске белсенді араласуы қажет деп атап өтті. Ал М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев Президент тапсырмасы бойынша іске қосылған AI-Sana бағдарламасына тоқталды. Бағдарламаның мақсаты – жасанды интеллект саласында студенттердің, магистранттардың және докторанттардың ғылыми және қолданбалы құзыреттерін дамыту. Сондай-ақ DeepTech-шешімдер құруға бағытталған зерттеу Қазақстан экономикасының негізгі салаларына жасанды интеллектіні енгізу. Махамбет университеті бағдарламаға тірек жоғары оқу орны ретінде белсенді қатысуда. Жасанды интеллект саласындағы цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған бағдарламаға осы ЖОО-ның 4900-ден астам білім алушысы қамтылған. Биылғы оқу жылынан бастап барлық бакалавриат білім беру бағдарламаларына «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект» пәні енгізілген. Студенттері AI-Sana бағдарламасы аясында бес ЖИ-агент әзірлеуде.
– Университетте жасанды интеллектке қосылған FACE ID цифрлық жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе нақты уақыт режімінде мониторинг жүргізуге, қауіпсіз орта қалыптастыруға, білім алушылардың, оқытушылардың және қызметкерлердің оқу мен қызметке бару тәртібін жақсартуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық трансформацияға бағытталған бұл іс-шаралар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асырудағы университеттің алғашқы қадамдарын айқындайды, – деді ректор. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашевқа университеттермен бірлесіп, оқу орындарында осы цифрлық жүйені қолданысқа енгізу жолын қарастыруды тапсырды.
Кеңес отырысында сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Эльмира Өтешова, «АгроСервис-Батыс» ЖШС директоры Армат Бисенов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Рауан Құсайынов сөз сөйледі. Өңір басшысы Президенттің Жолдауын жүзеге асыру бойынша орынбасарларына, басқармалар мен құзырлы мекемелер басшыларына тапсырмалар берді. Мәселен, облыс экономикасының басым салаларына шетелдік тікелей инвестициялар тарту керек. Индустриялық аймақтың қазіргі жағдайына талдау жүргізіліп, түйінді мәселелерді шешу жолдары ұсынылуы тиіс. Елді мекендерді, оның ішінде шекара маңындағы аутокөлік өткізу пункттерін дауыстық байланыс және мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін байланыс операторларына антенна-діңгек құрылғысын салуға кезең-кезеңімен қаражат бөлінуі қажет. Облыс бойынша 2025-2027 жылдарға арналған агорөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасы аясында жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізіліп, оларды кешенді қолдау шаралары қабылданбақ.

Ясипа Рабаева
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале