Таяуда Жайық қалашығы тарихи-мәдени музей-қорығында өңіріміздің жетекші тарихшылары бас қосып, жаңа мекеменің алдағы жоспарларымен танысты. Жиында ортағасырлық шаһарды ғылыми тұрғыдан зерттеу мен оны заманауи туристік нысанға айналдыру мәселелері талқыланды.

Музей-қорық директоры, тарих ғылымдарының магистрі Мирболат Ерсаев баяндама жасап, жобаның негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, алдағы уақытта археологиялық қазбаларды жалғастыру, қалашық аумағын абаттандыру, заманауи цифрландыру технологияларын енгізу және туристік инфрақұрылымды дамыту көзделуде.
Жиынға қатысқан ғалымдар XIII–XIV ғасырларға жататын көне Жайық қаласының тек өңірлік емес, жалпыұлттық деңгейде маңызы зор екенін атап өтті. Олар бұл мұра ел тарихын терең тануға жол ашып қана қоймай, саяси-экономикалық тұрғыда да аймақтың әлеуетін арттыра түсетінін жеткізді.
Кеңесте ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов, сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаттары Самат Құрманалин, Жаңабек Жақсығалиев, Мұрат Қалменов, Әлфия Байбулиснова, Алтынай Журасова, Есқайрат Хайдаров, Жәнібек Исмурзин, Жасқайрат Ерназаров және Райса Абдрахманова сынды белгілі ғалымдар мен өлкетанушылар бас қосты.
Бүгінде Жайық қалашығы Қазақстанның киелі орындарының қатарына енгізілген. Қазіргі Орал қаласының түп негізі болып саналатын бұл көне шаһарды облыстық тарих және археология орталығының ғалымдары 2001 жылы Атырау-Ақсай мұнай-газ құбырын тарту кезінде кездейсоқ тапқан еді. 2002 жылы Карл Байпақовтың бастамасымен қазба жұмысы жүргізілді. Оралдан небары 12 шақырым жердегі тарихи орын әлі күнге дейін зерттеліп келеді.

ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков Жайық қалашығының мән-маңызына тоқтала келе:
– Бүгінгі басқосу – тарихымыздың жаңа кезеңі. Жайық қалашығына байланысты дербес орталық құрылып, оған өңірдің бетке ұстар тарихшылары жиналды. Бұл – кездейсоқ емес. Себебі көне шаһарды зерттеу үшін арнайы мекеме, бірлесе жұмыс істейтін тарихшылар мен археологтар қажет. Жайық қалашығының тарихи маңызын жіліктеп айту артық шығар: бұл мекен қазақтардың ежелгі мәдени, рухани, экономикалық орталығы болғанын дәлелдейді. Біз әзірге оны XIV ғасырға жатқызамыз, алайда ол бұдан да ертерек пайда болуы мүмкін. Кезінде облыс археологиясының "королі" атанған марқұм Ғаяз Қушаев екеуміз жүргізген зерттеу кезінде мұнда оғыз дәуіріндегі Теке қаласының болғаны туралы тоқтамға келген болатынбыз, – деді.
2024 жылы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасымен "Жайық қалашығы" тарихи-мәдени музейі құрылып, жаңа мекеме жұмысын бастады. Штатқа 28 қызметкер қабылданып, жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында нысанға қажетті қаржыны кезең-кезеңімен бөлу туралы шешім қабылданған.

– Қазіргі таңда 300 гектар жер бөлініп, оны қоршау және визит-орталық салу мәселелері қарастырылуда. Жобада тарихи мұрамен қатар өңір туризмін дамытуға бағытталған нысандар бар. Атап айтқанда, ботаникалық бақ, шаңғы жолдары, ипподром және мерекелік шараларға арналған сахна салу жоспарланған, – деді музей-қорық директоры Мирболат Ерсаев.
Жайық қалашығы тарихи-мәдени музей-қорығын ашудағы басты мақсат – көне мұраны жан-жақты зерттеп, ғылыми негізде насихаттау. Сонымен бірге жаңа орталық аймақтың туристік инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек. Ғалымдар бұл бастама Жайық өңірін ғана емес, бүкіл Қазақстанды танытатын маңызды мәдени жобалардың біріне айналатынына сенім білдірді.
Жанерке Мерекеқызы,
zhaikpress.kz