22.09.2025, 18:00
Оқылды: 325

Режиссер Теменов Жәңгір хан университетінде болды

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне танымал режиссер, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов келді.

DSC07253

Университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов бастаған ұжым өнер иесін ыстық ықыласпен күтіп алды. Режиссердің жоғары оқу орнына келудегі мақсаты – көрнекті тарихи тұлға Жәңгір ханға қатысты деректермен танысу. – Біз «Жәңгір ханның жаңғыруы» деп аталатын тарихи-деректі фильм түсіріп жатырмыз. Фильмнің бұлай аталуының да өзіндік себебі бар. Өкінішке орай, Жәңгір ханды қазақстандықтар толық білмейді. Өз елінде, өз жерінде мұндай тұлғаны танытпай жүрген – өзіміз ғана, – дейді Талғат Досымғалиұлы.

Ел тарихына қатысты осындай олқылықтардың орнын толтырып, Бөкей ордасының соңғы ханының атқарған істерін деректі фильм арқылы жаңғыртуды мақсат еткен режиссер Т.Теменов түсірілім тобымен бірге Батыс Қазақстанға үшінші рет ат басын бұрып отырғанын білдік.

Облыс орталығы – Орал қаласында, өңіріміздегі Бөкей ордасы ауданында болған режиссер саяси істердегі және оқу-ағарту саласы бойынша белсенділігімен тарихта қалған Жәңгір ханға қатысты деректер жинақтап, сұқбаттар алып, зерттеп-зерделеуде.

Жәңгір ханның есімін иеленген университетке арнайы келген режиссер Талғат Досымғалиұлы Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейіндегі құнды жәдігерлермен танысты.

БҚАТУ баспасөз қызметі   

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале