Бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты – билік құрылымдары мен халық арасында ашық әрі тиімді диалог орнату, қоғам сеніміне ие болу және жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерге дер кезінде жауап беру. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 8 қыркүйекте жариялаған Жолдауында айрықша тоқталып өтті. Осы орайда Бөкей ордасы ауданының әкімі Өңірлік коммуникациялық қызмет алаңында БАҚ өкілдерімен кездесіп, аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндады.

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов баспасөз мәслихатында өңірдегі жол құрылысының қазіргі ахуалына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, ауданның экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудың негізгі тетігі – ауыл арасындағы жолдардың жайкүйін жақсарту. «Аудан бойынша аутомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 385 шақырымды құрайды. Оның ішінде 124 шақырымы – республикалық, 116 шақырымы – облыстық, 145 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді», – деді аудан басшысы.
Спикердің мәліметінше, Өнеге-Бисен-Сайқын республикалық маңызы бар жолдың 103 шақырымына асфальттың бірінші қабаты толықтай төселіп, бүгінде екінші қабатын салу бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. «Қалған 15 шақырым жолда асфальттың екінші қабатын төсеу жүргізілуде. Жыл соңына дейін бұл жоба толық аяқталып, тұрғындар сапалы жолмен қатынау мүмкіндігіне ие болады», – деді ол. Сонымен қатар облыстық маңызы бар Бисен-Жаңақала жолының алғашқы 30 шақырымдық бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылы басталғанымен, биыл мердігер тарапынан айтарлықтай жұмыс жүргізілмеген.
– Аудан орталығы мен шалғай елді мекендерді байланыстыратын кірме жолдарды жөндеу де назардан тыс қалған жоқ. Хан ордасы ауылына кіреберіс 21 шақырымдық жолдың бүгінде 11 шақырымына асфальт жабыны төселіп, қалған бөлігі бойынша жұмыстар қазан айында толық аяқталмақ. Мұратсай ауылының 18 шақырым кірме жолына да күрделі жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда 10 шақырымына асфальт төселіп, қалған бөлігіне негіз дайындау, ПГС және қиыршық тас төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жоба да биыл толық аяқталады. Ауылішілік жолдарды абаттандыру да жүйелі қолға алынды. Биылғы жылы аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, Сайқын ауылындағы бұрын аяқталмай қалған 11 көшенің жолын жөндеуді бастадық. Бүгінгі күнге дейін 7 көшеге асфальт төселді, қалған көшелердің негіздемесі дайындалуда. Бұл жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Хан ордасы мен Бисен ауылдарының көшелеріне жол салу бойынша конкурс өткізіліп, мердігерлер анықталғанымен, республикалық бюджеттен қаржының уақтылы түспеуіне байланысты жұмыстар кешеуілдеген. Қазір Хан ордасы ауылының ішкі көше жолдарының құрылысына бастапқы қаржы бөлініп, мердігер жұмысқа кірісіп кетті. Осы жылы басталған тағы бір маңызды жоба – Мәмбет және Жәрмеңке ауылдарының кірме жолдарын жақсарту. Тамыз айында басталған ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында екі ауылға да қиыршық тас жол салынуда. Бүгінгі күнге дейін Мәмбет ауылына баратын 4 шақырым жол толықтай төселді. Ал Жәрмеңке ауылына баратын 13 шақырым жолдың 45 пайызы орындалды. Жалпы жұмыстарды 1 қазанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді баяндамашы.
Ауданның әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуда ауыл шаруашылығы саласының орны ерекше. Бөкей ордасы ежелден мал өсіруге қолайлы мекен саналады, сондықтан бұл салада кәсіп ашуға да, өндіріс көлемін ұлғайтуға да мол мүмкіндік бар. Брифинг барысында аудан әкімі ауыл шаруашылығындағы негізгі көрсеткіштер мен алдағы жоспарларға тоқталып, саланың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Оның сөзінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аудан бойынша ауыл шаруашылығының барлық санатында мал басының өсімі байқалады. 2025 жылдың сегіз айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 8 миллиард 884 миллион теңгені құраған. Қазіргі таңда ауданда 567 шаруа қожалығы мен 6 кооператив жұмыс істеп келеді. Оның ішінде 52 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіруге маманданған.
– Соңғы айларда асыл тұқымды мал басын көбейту бағытында да елеулі жұмыстар атқарылды. Биылдың өзінде 9 шаруа қожалығы 539 бас қазақтың ақбас қашарын сатып алған. Бұған қоса жыл соңына дейін «Игнат» шаруа қожалығы Беларусь мемлекетінен 400 бас абердин-ангус тұқымды ірі қара малын әкелуді жоспарлап отыр. Мал қыстату науқанына дайындық та жүйелі жүргізілуде. 2025-2026 жылдың қысқы кезеңіне 209,1 мың тонна мал азығы қажет болса, бүгінгі күнге дейін оның 189,6 мың тоннасы дайындалды. Бұл – жоспардың 90,7 пайызы. Шөп дайындаумен 210 шаруа қожалығы айналысып жатыр. Қажетті көлемді толық қамтамасыз ету үшін жұмыстар қарқынды жалғасуда. Айта кетейін, ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды бағыттардың бірі – мал азықтық дақылдар егу. Биыл 2 шаруа қожалығы 820 гектар жерге судан, қара бидай және еркекшөп егіп, алғашқы өнімдерін алған. Бұл тәжірибе өз нәтижесін беріп, басқа шаруашылықтардың да қызығушылығын тудырып отыр. Күзгі кезеңде тағы екі шаруа қожалығы Мұратсай көлінің маңында 200 гектар, бір шаруашылық Тайғара ауылдық округінде 200 гектар жерді жыртып, көктемде егістікке дайындауды жоспарлауда. Жергілікті халықты табиғи бау-бақша өнімдерімен қамту да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Мұратсай және Бисен ауылдарында тұрғындар 4 гектар жерге қарбыз, қауын, асқабақ егіп, өз ауылдарымен қатар, көршілес елді мекендерді де сапалы өніммен қамтамасыз еткен. Сонымен бірге Бисен және Сайқын ауылдарында кәсіпкерлер жылыжай шаруашылығын дамытып, көкөніс өнімдерін тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынып отыр. Бұл бағытта да оң нәтижелер байқалады. Мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру үшін мемлекет тарапынан субсидиялау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. 2025 жылдың сегіз айында аудан шаруаларына 492 миллион теңге субсидия төленген. Материалдық-техникалық әлеуетті жаңарту аясында биылдың өзінде 168 дана ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 50 трактор және 118 түрлі техникалық құрал сатып алынған, – деді ол.
Аудан кәсіпкерлері ірі жобаларды жүзеге асыруда да белсенділік танытып отыр.
Өткен жылы Ерқанат Сатыбалдиев есімді шаруа сыйымдылығы 1000 басқа арналған бордақылау алаңын іске қосқан болатын. Биыл оның қуаттылығы 3 мың басқа дейін кеңейтілді. Жылдың соңына дейін тағы екі шаруа қожалығы Бисен және Темір Масин ауылдық округтерінде мал бордақылау алаңдарын салуды жоспарлап отыр. Ветеринарлық қызметтің сапасын арттыру мақсатында жүйелі шаралар қабылдануда. Темір Масин және Ұялы ауылдық округтерінде жаңа ветеринарлық пункттердің құрылысы аяқталып, осы айдың соңында пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек жер мәселесі – аудан тұрғындарының жиі көтеретін басты сұрақтарының бірі. Әкімнің айтуынша, биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдаланған үш шаруа қожалығынан 1000 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Жалпы көлемі 1500 гектарды құрайтын төрт жер телімі конкурсқа шығарылды. Ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған осы жұмыстар ауданның экономикалық дамуына тың серпін бермек. Жайылым тапшылығын жою, мал азығы қорын нығайту және асыл тұқымды мал басын көбейту бағытындағы жоспарлар толық жүзеге асқанда, өңірдің аграрлық әлеуеті едәуір артып, ауыл тұрғындарының табысы да тұрақты өсетіні сөзсіз.
Инвестиция – экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басты қозғаушы күш. Брифинг барысында аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны мен негізгі көрсеткіштерді жариялап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның сөзінше, 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша аудан бюджеті 6 миллиард 833 миллион теңгені құрады. Жылдық жоспар 1 миллиард 155 миллион 543 мың теңге болса, осы күнге дейін кіріс түсімі 946 миллион теңгеге жеткен. Аудан экономикасына құйылған инвестиция көлемі де айтарлықтай артқан. 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі есеп бойынша жалпы инвестиция көлемі 5 миллиард 440 миллион теңгені құрап отыр.
– Жыл басынан бері шағын және орта бизнес саласында жалпы сомасы 285 миллион теңгеге 15 жеке инвестициялық жоба іске асты. Оның қатарында жылыжай құрылысы, құс шаруашылығы, шағын маркет пен қоғамдық жуыну орны, қонақүй, наубайхана, ағаш өңдеу цехы, көлік жуу орталығы, бау-бақша егу және біржылдық, көпжылдық шөп өсіру сынды жобалар бар. 2025 жылдың аяғына дейін жалпы құны 5 миллиард теңгеге жуық 40-тан астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде ауданда тапшы болып отырған мал сою алаңдарының құрылысы, жол бойындағы қызмет көрсету сервистері, көпжылдық және біржылдық екпе шөп өсіру сынды ірі бастамалар бар. Аталған жобалар аясында 70-тен астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Шағын және орта бизнес – қоғамның тұрақты дамуының тірегі. Қазіргі таңда ауданда 1 137 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл салада 2 452 адам еңбек етеді, бұл ауданның экономикалық белсенді тұрғындарының 16 пайызына тең. Ағымдағы жылдың сегіз айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 280 миллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш шағын және орта кәсіп иелерінің белсенділігін айқын көрсетіп отыр. Мемлекеттік қолдау құралдарының арқасында ауыл кәсіпкерлері жаңа мүмкіндіктерге ие болып отыр. Соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы ерекше сұранысқа ие. 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарлама ауыл тұрғындарына шағын несие алып, өз кәсібін бастауға жол ашты. Қазіргі таңда жобаға қызығушылық жоғары. Несие ұйымына 44 адамның құжаттары тапсырылды. Оның ішінде 8 адам несие алды, 31 адамның жобасы мақұлданды, ал 5 адамның құжаттары тексерілуде, – деді әкім.
Ауданда 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ресми түрде жұмыс іздеуші ретінде 833 адам тіркелген. Бұл – белсенді халықтың (7 865 адам) 10,5 пайызын құрайды. Баршаға белгілі, ауданда ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар жоқ. Соған қарамастан, тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері 355 жаңа жұмыс орны ашылып, оның 109-ы тұрақты, 246-сы уақытша орындарды құрады. Әлеуметтік қолдау бағытында да нақты істер атқарылған. Брифингте баяндалғандай, биылғы жылдың басынан бері 76 отбасындағы 378 адамға 12 млн 763 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, толық төленді. Сонымен қатар бизнесті қолдау және шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 17 адамға қайтарымсыз гранттар берілді. Жас мамандарды ауылға тарту жұмыстары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жалғасуда. Осы бағдарлама арқылы 14 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін 129 млн теңге көлемінде несие қарастырылса, 38 маманға жалпы сомасы 393 мың 200 теңге көтерме жәрдемақы төленген.
– Халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі – баспанамен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 327 адам тіркелген. Биыл әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлер құрылысы қарқын алуда – 5 ауылда 29 пәтер салынуда. Бұл бастама кезекте тұрған отбасыларды кезең-кезеңімен баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Электр желілерінің тозуы – тек ауданымыз үшін емес, республика көлемінде де өзекті әрі қомақты қаржыны қажет ететін мәселе. Қазіргі таңда аудан аумағындағы электр желілерінің 88 пайызы тозған. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, 470 бағана мен 17 шақырым электр желілері жаңартылды. Хан ордасы ауылындағы электр желілерін толық реконструкциялау жобасы іске асырылуда. Жоба аясында ауылдың барлық бағаналары мен желілері түгел ауыстырылып, толық қалпына келтіріледі. Аудандық бюджет есебінен Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан көшесіне жаяу жүргіншілер жолы мен арықтар салу жұмыстары да жүзеге асты. Кіші елді мекендерде де инфрақұрылымды жаңарту жалғасуда. Мәселен, Мәмбет ауылында ауылішілік су құбырларын тарту бойынша конкурс өткізіліп, мердігер анықталды. Жұмыстар облыстық бюджеттен қаржы бөлінгеннен кейін басталады. Сондай-ақ Шоңай ауылынан «Молодость» шекара өткізу пунктіне дейін (20 км) электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба аясында сол бағыттағы шаруа қожалықтарының қыстақтары да электр жарығымен қамтылатын болады. Қазіргі кезде 335 бағана орнатылып, жұмыстың 80 пайызы аяқталды. Жобаны қазан айында толық аяқтау жоспарланған, – деді Нұрлыбек Жасқайратұлы.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»