3.10.2025, 9:30
Оқылды: 152

Екпе салдырмаған бала тағдыры не болады?

Жалпы иммунопрофилактика жұқпалы аурулардың алдын  алу  және  халық  денсаулығын  сақтау  үшін  аса  маңызды  екенін  қалың  көпшілік  жақсы  біледі.  Елімізде  екпе  туралы  Ұлттық  күнтізбе  жасақталған.  Ол  тізбе  бойынша  22  ауруға  қарсы  вакцина  бар.  Сол  вакциналардың  ішінен  тек  обаға  қарсы  вакцина  өзімізде  өндіріледі.  Ал  қалғаны  шетелден  сатып  алынады.    Ғаламтордағы  ақпаратқа  сүйенсек,  шешекке  қарсы  алғашқы  екпе  1796  жылы  жасалып,  екі  ғасырдан  соң  бұл  індеттің  жойылғаны  мәлім  болды.  Бұл  күндері  ондай  ауруға  қарсы  екпе  салынбайды.  Қазіргі  кезде  полиомиелит  пен  қызылша  ауруларын  жою  міндеті  алға  қойылған.  Ондай  ауыр  дерттерден  тек  вакцина  ғана  сақтайды. Алайда  кейбір  ата-ана  әлі  күнге  ұл-қызының  екпе  алуына  қарсы.  «AMANAT»  партиясы    облыстық  филиалы  жанындағы  отбасы  және  халықты  қорғау  мәселелері  және  білім,  денсаулық  мәселелері  жөніндегі  кеңестердің  бірлескен  отырысында    күрмеулі  түйткілдер  талқыланды.   

 7dc004cf-01be-4155-890f-4680dc5e050e

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың айтуынша, биылғы 8 айда профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіші ДСҰ ұсынған 66,4% деңгейден төмен, 63,2% болып отыр. Жаңа туған нәрестелерге перзентханада БЦЖ екпесін егу – 94,5% (міндетті 95%-дан төмен). Есепті мерзім ішінде 6 604 сәби дүниеге келді. Соның 6 243-іне БЦЖ вакцинасы перзентханада, 65-іне учаскеде жасалды. Бірақ 296 бала екпе алмады. Вирусты В гепатитіне қарсы вакцинация деңгейі – 94,3%, бұл да ұсынылған деңгейден төмен. В вирусты гепатитіне қарсы перзентханада 6 230, учаскеде 4 шақалақ екпесін  алды. Бір жасқа дейінгі нәрестелерді күл, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит және басқа инфекцияларға қарсы вакцинациялау көрсеткіштері 60%-дан 65% аралығында орындалған. Екі жасқа дейінгі бөпе-бөбектерді вакцинациялау көрсеткіштері қызылша, қызамық, эпидпаротит бойынша 65,8%, пневмококк – 50,5%, полиомиелит бойынша 58,3% болды. Алты жасар балақайларды ревакциналау АбКДС-5 – 53,4%-ға, қызылша – 53,4%-ға, 16 жастағы бозбала-бойжеткендерді күл, сіреспеге қарсы ревакциналау  53,0%-ға орындалды. 6 жастағы балаларды қызылша, қызамық және эпидпаротитке қарсы ревакциналау облыс бойынша қамту деңгейі 53,4% құрады.

– Аудандық деңгейде екпемен қамту көрсеткіштеріне келсек,  БЦЖ екпесімен қамту төмен аудандар: Ақжайық – 85,7%, Бөрлі – 92,9%, Жаңақала – 93,8%, Бәйтерек – 90,0%,   Теректі – 87,5%, Шыңғырлау  – 93,8% және Орал қаласында қамту 94,6%-ды құрады. В вирусты гепатитіне қарсы екпе алу көрсеткіші төмен аудандар: Ақжайық – 89,3%, Бөрлі – 93,8%, Жаңақала – 87,5%, Теректі – 93,8% және Орал қаласында – 94,3%. Пневмококк ревакциналау төмен көрсеткіштері: Ақжайық – 52,7%, Бөкей ордасы – 41,9%, Тасқала – 51,1%, Бәйтерек – 61,6%, Теректі – 60,6% және Бөрлі аудандарында – 62,4% және Орал қаласында – 56,4%. Полиомиелитке қарсы екпе Казталов, Қаратөбе, Теректі, Шыңғырлау аудандарынан басқа ауданда шекті деңгейден төмен.  Алты жасар балаларды қызылша және басқа инфекцияларға қарсы ревакциналау төмен деңгейде: Бәйтерек – 51,4%, Бөрлі  – 46,2%, Бөкей ордасы – 51,3%, Казталов – 57,1%, Ақжайық – 52,9%, Теректі – 62,2%, сонымен қатар Орал қаласында  –  48,1%. Жалпы облыста 6 жастағы балаларды күл, көкжөтел, сіреспеге қарсы ревакциналау 45,4% ғана орындалған, – деді Динара Жаңабергенова.

Қала бойынша барлық вакцинациялау бойынша көрсеткіштер мәз емес. Профилактикалық екпе жоспарының кемшіліктері бар. «Интертич» ЖШС жеке емханасы екпе жоспарын шамадан тыс артық орындаған. Бұл учаскедегі балаларды егудің дұрыс жоспарланбағанын көрсетеді. .Жаңабергенованың айтуынша, мұндай екпе жоспарын асыра орындаушылық «Юнисерв МО» ЖШС-ға да тән. Өңірде екпеден бас тартушы ата-аналардың қатары азаймай отыр. Өткен мерзім ішінде  профилактикалық екпелердің пайдасын насихаттауға бағытталған іс-шаралар жоспары жүзеге асырылған. Осы бағыттағы шаруалардың нәтижелі болуы үшін «AMANAT» партиясының   облыстық филиалымен бірлесіп ауыл-аудандарда ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

Орал қалалық №1 емхана директоры Шыңғыс Сәрсенғалиевтің айтуынша, екпе егу көрсеткіштері төмендеген. «Ата-аналардың көпшілігі вакцина сапасына күмәнмен қарайды. Әлеуметтік желіде осындай вакцинадан кейін ұл-қызымыз мынадай ауру болып қалыпты деген бейнежазбалар таралған. Сіздер баланың екпеден кейін ауру болмасына кепілдік бересіздер ме дегенді естиміз.  Жыл сайын түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргіземіз. Соның нәтижесінде бір-екі адам вакцина алушылар қатарына қосылады», – деген Ш. Сәрсенғалиев екпе салдырмаған балалардың ертеңгі тағдыры алаңдататынын, екпенің маңыздылығын қоғам болып   түсіндіру қажеттігін айтты.

Облыстық денсаулық  сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина кейбір аудандарды және нысаналы топ балаларын вакцинациямен қамту   көңілден шықпайтынын айтты. Биылғы 8 айда жалпы 4 568 адам екпеден бас тартқан.  Оның ішінде жеке көзқарасы бойынша  – 2 676, діни себеппен – 1 198, екпеге сенімсіздіктен –  573, интернет желісіндегі жалған ақпаратқа сену салдарынан 170 адам бас тартты.  «2025 жылдың 8 айында перзентханаларда тірі туған балалар саны – 6 604, оларды туберкулезға қарсы БЦЖ екпесімен қамту көрсеткіші 94,5%-ды құрады. Облыста босану бөлімшелеріндегі дүниеге келген сәбилерді екпемен қамту осы кезге дейін 95%-дан  түсіп көрмеген. Тек биыл ғана төмендеген. Ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Екпе салдырғанның пайдасын, егілгендердің ағзасына түскен  микроб, вирустардың өліп қалатыны, екпе алмаған баланың аса қауіпті ауруларға иммунитеті әлсіз болатыны түсіндірілуде. Бір жылдың ішінде туберкулезбен ауырған жағдай тіркелмеді. Вакцина алмаған шақалақ науқаспен байланыста болса, міндетті түрде ауырады. 2007 жылы вакцина жеткізу кешіккен кезде, бір нәресте қайтыс болды. Өйткені перзантханада екпе алмаған болатын.  Бұл – күрделі мәселе, бұған бейжай қарауға болмайды»,  – деді Айнаш Жұбанышқызы.  Басшының орынбасарының айтуынша, Тасқала ауданындағы Аманкелді ауылына барған сапарында сол ауыл мектебіндегі 13 мұғалім өздерінің қыздарына папиллома вирусына қарсы екпе егуден бас тартқан.  Дәрігерлер халыққа екпенің пайдасын түсіндіруде, бірақ одан нәтиже аз. Сондықтан вакцинаны егудің пайдасы жайында басқа да басқармалар түсіндіру жұмыстарын жүргізсе артық болмайды деген ойымен бөлісті.

Жиында қатысушылар тарапынан спикерлерге сұрақтар қойылып, тиісті жауап берілді. Екпеден бас тартушылар қалада көп екені белгілі болды. Ал ауыл тұрғындарының менталитеті басқаша, олар мұғалімдер мен дәрігерлерге сеніммен қарайтыны айтылды. «Вакцинаның сапасын кім тексереді және оған кім жауап береді? Мен өз балама екпе салудан бас тарттым. Өйткені екпе сапасына ешкім кепілдік бермейді», – деген бір қатысушының сауалына А. Ғұбайдуллина жауап берді. «Бұл жөнінде папиллома вирусына қатысты науқан кезінде нақты түсіндірілді. Сіздерге ақпарат жетпей қалған шығар. Ол вакцинаның өндірісшілері сараптамадан өткізіліп, тиімді өндіруші таңдалып алынды. Бірнеше сарапшы бірге шешім қабылдады. Республикадағы бас штаттағы мамандар қатысты. Былтыр БАҚ-тарда айтылғандай, 300 мыңнан артық штаммның ішінде адам папилломасын тудыратын үш штаммның қауіпті екені және екпе құрамында бар екені, қыз балаларда жатыр мойны папилломасын  туғызатынын, басқа мемлекеттерде ақылы түрде егілетіні айтылды. Біздің елде осы вакцинаны егу басталғанда көрші Ресейде ата-аналар осы екпені ақылы егуді сұрағандарын бірнеше жерде айттық. Осы мәселе жайында сіздерге бөлек жиналыста ақпарат беруді ұсынамын. Екпені мемлекет өз жауапкершілігіне алып, енгізіп отыр», – деді А. Ғұбайдуллина.

Басқосуда нәрестелер мен балалар өлімінің себептері туралы мәселе қаралды. А. Ғұбайдуллина  өңірде нәресте өлім-жітімінің төмендеуі байқалатынын баяндады.  2025 жылдың 8 айында көрсеткіш 1000 тірі туғанға шаққанда 6,07% (40 жағдай) болды. Ал былтыр – 6,34% (47 жағдай).   Есепті мерзім ішінде бала туу көрсеткіші 1200 балаға төмендеген.  Медициналық ұйымдар бойынша ең жоғары нәресте өлім көрсеткіштері Бөрлі аудандық ауруханасында, №1 қалалық емханада, Бәйтерек аудандық ауруханасында және Бәйтерек ауданының 2-ауруханасында тіркелген. Шақалақтардың өлімінің себептерінің 59,4%-ын перинаталды ақаулар, 18,9%-ын жазатайым жағдайлар, 10,8%-ын туа біткен даму ақаулары, 5,4%-ын жарақаттар, 2,7%-ын тері және 2,7%-ын неврологиялық аурулар құрайды.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлуді қажет ететін мәселелерге тоқталды. Оның бірі – Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен облыстық перинаталдық орталығынан жағдайы жоқ жүкті әйелдерге арналған пансионат ашу. Ретинопатия ауруымен ауыратын балаларға ретинопатиялық камера алуға және жағдайы ауыр нәрестелерге толық жабдықталған реанимобиль алуға қаржы бөлінсе деген ұсынысын айтты. Сонымен қатар келесі жылы балаларға арналған магнитті-резонансты томография (МРТ) аппаратын алуға  қаражат керек.

Жиынды отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрайымы Әзима Ғұбашева қорытындылап, айтылған ұсыныс-пікірлердің тиісті құзырлы  орындарға жолданатынын жеткізді.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале