15.10.2025, 9:00
Оқылды: 69

Ғалымдар қой генетикасын зерттеуде

Облыстағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары елдегі 50 шаруашылықта өсірілетін түрлі қой тұқымдарының генетикасын зерттеуде. Бұл жобаға қазақстандық өзге ғалымдар да үлес қосуда.

қой1

«Қой тұқымдарын  есепке  алу  керек»

Осы жаңалықтың жай-жапсарын білу үшін ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ауыл шаруашылығы академиясының академигі, осы жобаның ғылыми кеңесшісі Балуаш Траисовты сөзге тартқан едік. Әрі өңірдегі қой шаруашылығы, қой тұқымдары жөніндегі мағлұматтарды да білгіміз келді. Бұл салада 49 жыл еңбек еткен азамат Шопан ата түлігін өсірудің қыр-сырына қанық. Ғалым қазіргі жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыс тарих қойнауына кеткен жылдармен тығыз байланысты дейді.

– 1967 жылы Қорғаныс министрі ауыл шаруашылығы министрлігіне биязылау жүнді қой тұқымын шығаруға  тапсырма берді. Сол кезде кеңес үкіметі жыл сайын шетелден 100 мың тонна биязылау жүн сатып алып жүрген. Оны алты миллионға жуық әскери қызметкерге киім тігу үшін пайдаланған. Арнайы мата өндірген. Жалпы дүние жүзінде биязылау жүнді қой тұқымын шығару үшін классикалық әдіс қолданылады. Аналығы таза биязы жүнді саулық, ал аталығы ұзын жүнді ағылшын қошқарлары болуы тиіс. Алайда облыста ондай тұқымды қой жоқ еді. Еділбай, қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы, прекос, рамбулье, цигай және кавказ қой тұқымдары болды. Қой жүні де әр түрлі. Түбітті, талшықты, қылшықты болып араласып кеткен. Сол кезде Тасқала ауданындағы Крупский (қазіргі Мереке) атындағы совхоздағы қой шаруашылығында қойларды бонитирлеу басталды, – деп есіне алды Балуаш Бақышұлы.

Бонитерлеу, яғни бағалау дегеніміз – тиісті сынып немесе индекс бере отырып, шаруашылыққа пайдалы белгілер кешені (тұқымдылығы, өнімділік сапалары, сыртқы тұрпаттық-бітімдік ерекшеліктері) бойынша малдың асыл тұқымдық құндылық деңгейін анықтау. Бұл жұмыспен Алматыдағы қой шаруашылығы институты мен ауыл шаруашылығы инстиуты (Жәңгір хан университеті) айналысты. Ғалым айтып өткендей, 1996 жылы Ақжайық етті-жүнді қой тұқымы бекітілді. Биязылау жүннің ұзындығы 11-12 сантиметрден төмен болмауы керек. Әр талшықтың жуандығы 58 сападан 48 сапаға дейін болуы тиіс. Яғни 58 сапа – 26 микрон, ал 48 сапа – 36 микрон.

Кеңес үкіметі құлап, совхоз-колхоз тарқаған шақта төрт түлік мал да жойыла бастады. Сол кезде сала мамандары Тасқаладағы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы қой шаруашылығында саулықтар мен қош­қарларды жинақтаған. 2011 жылы ғалымдар ақжайық қой тұқымынан екі аталық із бойынша патент алыпты. Біріншісі, БАЛИ – ұзын жүнді, екіншісі, БАҚ – іріленген ұзын жүнді қой. Бұл атауларды қой шаруашылығында ғылыми жұмыспен айналысқан ғалымдардың есімдеріндегі әріптерден құрастырған. 2013 жылы үшінші бекітілген қою жүнді аталық ізді ЗКАТУ-7082 деп  атапты.

Балуаш Бақышұлының айтуынша, қазір Қазақстанда 18 шақты қой тұқымы бар. Ал облыста еділбай қойы, қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы және Ақжайық қой тұқымы өсіріледі. 1900 жылы облыста 9 млн 800 мың мал өсірілген. Соның басым көпшілігі қой болған. 1919 жылы өңірде 2 млн 670 мың қой болса, 1921 жылы тек 372 мың қой қалған. 60-80 жылдардан 1990 жылдарға дейін қой саны 2 млн2,8 млн аралығында болған.

– Қой тұқымдарын есепке алу керек. Селекционерлер малдың сыртқы және ішкі тұрпатын, қан құрамын, терісінің қалыңдығын, жүнінің майлылығын зерттейді. Мұның бәрі селекцияға байланысты. Селекция (лат. selectio – «таңдау») – жануарлардың жаңа тұқымдарын, өсімдіктің сорттарын және микроағзалардың штамдарын құру және жетілдіру әдістері туралы ғылым. Біздің университет ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсына қатысып, грант ұтып алды. Жоба «Өнімділіктің әртүрлі бағытындағы қойлардың генетикалық ресурстарын жетілдіру, сақтау және ұтымды пайдаланудың заманауи селекциялық-технологиялық және молекулярлық-генетикалық әдістерін әзірлеу» деп аталады. Үш жылға жоспарланған жобаның мақсаты – әртүрлі тұқымдарға жататын қойлардың асыл тұқымды құндылығын аутоматты есептеу үшін ақпараттық модульдерді жасау және жетілдіру. Сондай-ақ отандық және шетелдік гендік қорларының әлеуетін пайдалану арқылы түрлі бағытқа жататын өнімділігі жоғары генотиптерді қалыптастыру. Зерттеу барысында қойдың әр тұқымына сипаттама беріліп, паспортталады. Қойларды күтіп-бағу, азықтандыру және төлдерін өсірудің тиімді технологиялары негізінде көп салалы интенсивті қой шаруашылығы кешенін құрудың ғылыми негіздері әзірленеді. Жобаның ғылыми жетекшісі – биология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Индира Бейшова.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстан үш жылдың ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек деді. Мұндай жаңашылдық ауыл шаруашылығында да болуы тиіс. 2008 жылы университеттің ғалымдары чип сатып алды. Бұл да цифрландырудың бір түрі. Мәселен, бұрын қойдың құлағын қысқашпен тесіп, темір немесе пластмасса сырға салынатын. Ал біз қойдың еті мен терісінің арасына шприцпен нөмір енгізіп жүрдік. Нөмір арнайы сканерлейтін құрылғымен қарағанда көрінеді. Ол есеп жүргізуге де қолайлы. Бұл әдіс қазір Президент айтып отырған цифрландырудың бір бөлшегі іспетті. Қазір мұндай нөмірлеуді кейбір шаруашылықтар пайдаланып жүр. Қазір ауыл шаруашылығы саласында мамандар тапшы. Жастар ауылдық жерге барғысы келмейді. Кеңес үкіметі кезінде комсомол жастар шопан бригадасы болды. Мектеп бітіретін балаларды мал бағуға жұмылдырды. Шопандардың балаларын байқауға қатыстырмай-ақ оқуға түсірді. Қазір бұрынғыдай оқу бітірген жастарға жұмысқа тұруға жолдама берілмейді. Аудан-ауылдардағылардың бәрі – жеке шаруашылықтар. Ал кім біреудің үйіне барып, жұмыс істегісі келеді? Мен қазіргі фермерлерге өзінің немесе тума-туысының балаларын шаруашылыққа қажет мамандыққа оқытыңдар деп жиі айтамын. Маман тапшылығын шешумен өздерің айналысыңдар деп жүрмін. Жастарды шаруашылыққа әкеліп, тәжірибеден өткізу керек. Бірақ бұл ұсынысты қолдамайды, – деді Балуаш Бақышұлы. Айта кету керек, жоғарыда айтылған жобаға 3 жылға 929,8 млн теңге қарастырылған (https://wkau.edu.kz).

зеленный_Страница_5

Инвестициялық жоба басталады

Қазақтың құйрықты қойларының ішінде еділбай қойларының орны ерекше. Олардың әр түрлі табиғи-климаттық жағдайларға тез бейімделуі – басты қасиеттерінің бірі. Еділбай – барлық қазақи қойлардың сапасын жақсартатын қой тұқымы. Республика бойынша етті-майлы, құйрықты қойларды асылдандыратын тұқымдық қор (генефонд) Жаңақала ауданындағы «Бірлік мал зауыты» ЖШС-ында сақталған. Осы шаруашылықтың директоры Қанат Ешимовтың айтуынша, бұл қой тұқымының төлдері жоғары салмақпен туылып, сүт еметін кезінде тез жетіледі. Ал 3,5-4 ай кезінде 32-42-45 келі тірілей салмақ жинайды. Сатқанда да тиімді. Еділбай қойы ХІХ ғасырдың аяғында Фурманов, Жаңақала, Казталов аудандарының жерінде табиғи іріктелу және халықтық селекция нәтижесінде шығарылған. «Еділбай қойы» деген ат қазақтың «Еділ бойының қойы» деген сөз тіркесінен шыққан дейді.

Қанат Мұхтарұлының айтуынша, серіктестік әр аймақтағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жыл сайын 1000-1200 бас 18 айға дейінгі асыл тұқымды қошқар, 500 бас еркек тоқты және 600 бас кәрі саулық сата алады. Биылдан бастап ұрғашы тоқтыларды саттыққа шығармайтын болған.

– Былтырға дейін ұсақ малға селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге субсидия берілді. Алайда қазір бұл қаражат берілмейді. Негізі, қолдан ұрықтандыру, құрал-жабдықтарды сатып алу, есепке алу шараларына, жалпы ғылыми жұмысқа қаржы керек. Үкімет субсидия арқылы шаруашылықтардың мал өсіруге деген қызығушылығын оятты. Ал қаражат болмаса, бұл жұмысқа сұраныс та азаюы мүмкін. Ақтөбе, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар облыстарымен салыстырғанда облыста қой шаруашылығының дамуы төмен. Себебі бізде жастар мұнай-газ саласына көбірек бет бұрып, вахталық  жұмысқа орналасып жатыр. Шаруашылықтар қой бағатын адам таппай жүр. Тракторшылар да жоқтың қасы. Сондықтан сиыр мен жылқы өсіргенді жөн көреді. Өйткені жылқыны тебінге, сиырды жайылымға шығарып жіберді. Ал қойды таңнан кешке дейін соңынан ілесіп жүріп бағу қажет. Олардың құрттайтыны, ауыратыны бар. Мезгілінде қырқу да керек. Былайша айтқанда бейнеті көп, – деді серіктестік директоры.

Қанат Мұхтарұлының айтуынша, «Бірлік мал зауыты» ЖШС-ында осы күзде немесе алдағы көктемде инвестициялық жоба іске асады. Соған сәйкес асыл тұқымды 10 000 бас саулық бағатын кешен салынбақшы. Сонымен қатар Словакиядан 3500 бас романов қой тұқымын сатып әкелу жоспарланып отыр. Бұл тауарлық ферма болады. Бір мезетте 12 000 жас малды бордақылайтын алаң салынады. Оның жанында ет комбинаты ашылады. Суармалы жерге екпешөп егіледі. Инвестициялық жобаға шамамен 12-13 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылып жатыр.

– Кейінгі жылдары жауын-шашынның аздығы, яғни қыста қардың аз түсуі, жазда жаңбыр жаумауы жердің тозуына соқтыруда. Қуаңшылықтан жердің тозып бара жатқаны алаңдатады. Қой шаруашылығының өзі жерді эрозияға ұшыратады. Шопан ата түлігі, біріншіден, шөпті тықырлап жейді, екіншіден, тұқайымен тапайды. Ауылдағы тұрғындар малының қараусыз жүруі, бағылмауы да қиындықтардың бірі. Біз жазда жайлауға көшеміз, сол кезде қыстақтың жеріндегі шөпті жекелердің ма­лы жеп қояды. Бұған ешқандай шара қолданылмайды. Мал азығын дайындау маусымында механизаторлар тапшы. Маусымдық жұмыстарда – қойды күйектен өткізгенде, сақманда уақытша жұмысшылар керек. Бірақ жұмыс күшін табу қиын. Осылардың өзі шаруашылықтың дамуына кері әсер етеді. Сосын агроқұрылымдарда зоотехник, агрономдардың да болмауы қиындық тудырады. Мен ұдайы көтеріп жүрген мәселенің бірі, яки ұсынысым – әр аудан-ауылдағы қой бағатын адамдардың және ауыл шаруашылығындағы тракторшылардың тізімін жасап, республикалық деңгейде дерекқор жасау. Сонымен бірге 25 жыл қой баққан шопанды және ұзақ жыл механизатор болғандарды ертерек зейнетке шығарып, зейнетақысына қосымша ақы қосса деймін. Осылайша  жұмысшы кадрларды ынталандырып отырмаса, жағдай қиын. Әйтпесе, бұл мәселенің бәрі шаруа қожалығына тиесілі, шешімін өзі табады деп ойлау дұрыс емес. Мәселе мемлекет тарапынан шешілмесе, болашақта қиындыққа әкеп тірейді деген қаупім бар, – деді Қанат Ешимов.

5435985552605312268

Демеуқаржы демеу болса...

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды саланың бірі – мал шаруашылығы. Primeminister.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, бұл сала аграрлық-өнеркәсіп кешенінің жалпы өнімінің шамамен 40%-ын құрайды (кесте). Жалпы елде мал мен құс саны да тұрақты көбейіп келеді, бірақ қой басы 3,7%-ға кемігені байқалады (21,1 млн бас). Вице-министр Аманғали Бердалин айтып өткендей, Қазақстан әлемнің 12 еліне қой етін экспорттайды. Тек былтыр 18,0 мың тоннаға жуық қой еті шетелге шығарылған. Өткен 7 айда экспортталғаны – 14,5 мың тонна.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының мәліметіше, облыста жыл басында 1 млн 177 мың бас қой тіркелген. Шопан ата түлігінің 60%-ы немесе 708 мыңы агроқұрылымдарда, ал қалған 469 мыңы – жеке қосалқы шаруашылықтардың иелігінде. Былтыр өңірде 7,3 мың тонна қой еті өндіріліп, өңір қажеттілігі толық қамтылған. Әзербайжан, Өзбекстан және Иран елдеріне 391 тонна қой еті, 4,0 мың бас қой экспортталған. Ал өзге өңірлерге 125 мың қой сатылған.

Бұл салаға көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік қолдау да аз емес. Мәселен, соңғы 10 жылда өңірдің қой өсіруші шаруаларына асыл тұқымды қой сатып алу шығындарын арзандату, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстар үшін мемлекет тарапынан 5 млрд теңгеге жуық субсидия берілген. Мәселен, 2022 жылы – 682,8 млн теңге, 2023 жылы – 688,9 млн теңге және былтыр – 1067,3 млн теңге. Бұдан  бөлек жеңілдетілген несие беру, 2023 жылдан бастап 2,5%-бен ірі инвестициялық  жобаларды қаржыландыру үшін СҚО тәжірибесін тираждау бағдарламасы бар.

Елде жыл сайын қой шаруашылығын дамытуға шамамен 15,0 млрд теңге субсидия бөлінеді. Демеуқаржы «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына» сәйкес беріледі. Қаражат асыл тұқымдық жұмыстарға және өнім сапасын арттыруға бағытталады. Осы ретте қой шаруашылығына бағытталған мемлекеттік қолдауларға тоқталып өтсек.

Асыл тұқымдық жұмысқа төленетін субсидиялар:

– отандық (бір басқа – 15,0 мың теңге) және импортталған асыл тұқымды аналық қойларды (бір басқа – 30,0 мың теңге), сондай-ақ импортталған асыл тұқымды тұқымдық қошқарларды (бір басқа – 150,0 мың теңге) сатып алу;

– асыл тұқымды ұсақ мал төлін өсіру кезіндегі шығындарды арзандату (бір басқа – 4,0 мың теңге);

– қойдың эмбриондарын сатып алу құнын арзандату (бір дана – 80,0 мың теңге);

– асыл тұқымдық орталықтардың, асыл тұқымды малдың ұрығы мен эмбриондарын сату жөніндегі дистрибьютерлік орталықтардың және тауар өндірушілердің аналық қой басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі техник-ұрықтандырушылардың және ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметтерінің құнын субсидиялау (ұрықтандырылған басқа 1,5 мың теңге).

Өнім сапасын арттыруға төленетін субсидиялар:

– бордақылау алаңдарына бордақылауға немесе ет өңдеу кәсіпорындарына союға өткізілген еркек тоқтылардың құнын арзандату (өткізілген бас үшін 3,0 мың теңге);

– осыған ұқсас бағыт, бірақ бордақылау алаңдарына және ет комбинаттарына еркек тоқтыларды қыс-көктем маусымдарында тапсырғаны үшін (өткізілген бас үшін 7,0 мың тг);

– жүнді қайта өңдеуге өткізілген – биязы, жартылай биязы, қылшық және жартылай қылшық жүннің құнын арзандату (өткізілген 1 келі жүн үшін 25-тен 200 теңгеге дейін).

Тоқтыларды бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына қыс-көктем маусымдарында тапсыруды субсидиялау биыл басталды.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин айтып өткендей, бұл шаруашылық жүргізуші субъектілерді жыл бойы біркелкі төл алуға және кейіннен жас төлді өсіруге ынталандыруға мүмкіндік береді. Өңдеуге тапсырылған жүн құнын арзандатуды субсидиялау жаңартылған. Сондай-ақ инвестициялық субсидиялау шеңберінде қой шаруашылығымен айналысатын фермерлерге қойларды бордақылайтын нысандарды құру, кеңейту, жүн дайындау пункттеріне жабдықтар сатып алу, қойдың терісі мен жүнін қайта өңдейтін кәсіпорындарды құру және кеңейту шығындарын 25%-ға дейін өтеу көзделген. Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал шаруашылығын сумен қамтамасыз ету шығындары да 50%-ға дейін өтеледі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялардан жеңілдетілген кредиттеуге кезең-кезеңімен көшуді қолға алған.

Тамыздың 1-інен бастап Аграрлық несие корпорациясы бордақылау алаңдарының айналым қаражатын толықтыру бойынша кредиттік өнімді іске асыра бастады. Кредит жылдық 5% мөлшерлемемен 12 айға беріледі. Ең жоғары қарыз мөлшері – 1,5 млрд теңге.

Agrocredit.kz сайтының жазуынша, несие бордақылауға арналған мал басын (ІҚМ/ҰҚМ), жанар-жағармай материалдарын, жем дайындау және үлестіру техникасы/жабдықтарына арналған қосалқы бөлшектерді, чиптер/құлақ белгілерін сатып алуға жұмсалады. Бұл ретте қарыз қаражатының кемінде 70%-ы бордақылауға арналған мал басын сатып алуға бағытталуы тиіс.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале