Ордада қарағайлы орман барын бәріміз білеміз. Тарихын хан Жәңгірге байланыстырамыз. Ал, осы игі істің басы-қасында тұрған Меңжан Папашев не туралы білеміз? Небары 33 жас өмір сүріп, Орда орманының жай-күйін зерттеп, қай терек, қай талдың Нарын топырағына бауыр басып кететінін тап басып білген, тіпті, ғылыми жұмыс жазған Меңжан Мұхамедәлиұлын дәл бүгін, орманшылар күнінде ескерусіз қалдыру кешірілмес күнә болар. Ендеше, назарларыңызға музей-қорықтан келген тағылымды дүниені ұсынамыз.

Бөкей ордасы шежірелі де терең тарихымен ғана емес, тамылжыған тамаша табиғатымен тәнті еткен қасиетті өлке, құтты мекен. Өлкемізге келген әрбір келуші кең құмды алқаптардың арасындағы мәңгі жасыл қарағайлы орманды көріп таңдай қағып тамсанбай кетпейді. Табиғи байлықтың сақталып, ұрпаққа жетуінде қаншама жанның өлшеусіз еңбегі бар. Сондай жанның бірі – Папашев Меңжан Мұхамедәлиұлы еді.Ол Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Орда ауылында 1900 жылы дүниеге келген. Руы –қазанқұлақ ноғай. Меңжанның әкесі Мұхамедәли Орда өңіріндегі ауқатты әрі еңбекқор адам болған.Оның Орда мен Басқұншақта алтын сататын дүкендері, Астрахан маңындағы Владимировкада мейрамханасы мен ағаш дайындау өндірісі болған. Орыс көпестері оны «Папаша» деп аталып кеткендіктен кейін ұрпағы Папашев тегімен жазылып кеткен.
Меңжан Мұхамедәлиұлы ауқатты жанұяда өскендіктен жақсы білім алуына мүмкіндік көп болды. Ол Ордада алғаш сауат ашады. Жеті баланың ішіндегі тұңғышы Меңжанды әкесі Мұхамедәли арнайы өзі апарып Астрахандағы орта мектепке орналастырған. Бірақ оның бала жүрегінде әр кез туған жері тұратын еді. Ордада орман шаруашылығының болуы, тынымбақтардың жасақталуы, Нарынның жасыл қарағайлы орманы кейіпкеріміздің болашақта орманшы болуға деген арманын ұштады.

Ол тамаша табиғаты бар жерде өскендіктен, өз өлкесінің табиғатын қорғап, дамыту мақсатын көздеді. Санкт-Петербург қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетіне түсіп, елге білікті маман болып оралады. Еңбек жолын 1920 жылы Астрахан қаласынан бастап, кейін Ганюшкиннен Ордаға дейінгі аумақтың инспектор-бақылаушысы қызметін атқарған. 1928 жылы Орда орман шаруашылығының директоры болып тағайындалады. Оның басқару, ұйымдастыру қабілеті орман шаруашылығының жұмысын алға жылжытты. Меңжан Мұхамедәлиұлының басты мақсаты – Нарын өңірін құм басып кетуден қорғау, Каспий теңізі жақтан жылжыған құмның бетін қайтару еді. Осы мақсатта ол қарағай мен түрлі ағашты ектірген. Орманда ағаш көшеттерін өсіріп қана қоймай, дамыту, будандастыру, ағаштың жаңа түрлерін шығару, егу оны қатты қызықтыратын. Басшылық жұмыста жүрсе де, уақыт тауып орманшылармен бірге шығып, егу жұмысына араласады. Қол еңбегі ғана емес ғылыми жағынанда зерттеу жұмыстарын жүргізген. Орда құмының ерекшелігі, оған қандай ағаштың түрлерін егуге болатыны, қай мезгілде егу керек, мұның барлығы оның туған жерге деген ерекше сезімінің көрінісі болды. Қолжазба еңбегі қазіргі таңда Хан Ордасы музей-қорығында сақтаулы. Қолжазба бір ғасырға жуық уақыт бұрын жазылса да қазіргі уақытың өзінде де маңыздылығын жойған жоқ. 1931 жылы Астраханда өткен орманшылардың бірінші конференциясына қатысқан М. Мұхамедәлиұлы өз тәжірибесімен бөлісті.
Өмірінің соңғы жылдарына дейін туған өлкесінің орманын қорғап, жасыл желекті көбейту ісіне өз үлесін қосқан, елге бергенінен берері көп асыл азамат Меңжан Папашев 1933 жылы ауырып өмірден өтеді.
Жұбайы Тотия отбасының берекесін сақтағанізгі жар еді. Екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлы Әмір – Ұлы Отан соғысына қатысқан. Күміс – сот саласында қызмет етіп, кейін хореографиялық бағытта еңбек еткен. Бақыт – Астрахан педагогикалық институтының «Тарих» факультетін бітірген. Зәйін – көлік жүргізушісіқызметінен еңбек жолын бастап, Мұратсай кеңшары құрылғанда директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілген.
Меңжан Мұхамедуәлиұлының немересіАқболат Зәйінұлы: «Атам туралы көп естім өстім. Әкем екі жасында жетім қалғанымен, отбасымыз әрқашан атамыздың еңбегін мақтанышпен айтып отыратын. Түп-тамырыңды біл, тарихыңды ұмытпа деп үнемі ескертіп жүрді», – деп еске алады.
Қазақта «Бір тал ексең, он тал ек» деген нақыл сөз бар. Меңжан Мұхамедәлиұлының өмірі – осы сөздің көрінісі.
Орман – ел байлығы, табиғат ұлт аманаты. Жасыл желекті орманымызға Нарын өңірінен шыққан талай тұлғалардың еңбегі сіңген. Ормандыкөздің қарашығындай сақтап, болашаққа мұра еткен бабалар аманатын жалғастыру ұрпақ парызы.
Алмагүл Забесова
Хан Ордасы музей-қорығының
жалпы тарихты ғылыми-зерттеу
бөлімінің экскурсия жүргізушісі