23.10.2025, 10:30
Оқылды: 282

Ғасыр жасаған әже

Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылының тұрғыны Мария Хазешова әжей қаңтар айында 100 жасын тойлады.

eb60f9ca-be84-476c-9f21-90805fe351d0

Ол қазір немере бала-келінімен, бес шөбересімен бірге тұрады. Жаңақала ауданына барған сапарымызда 100-ден асқан әженің батасын алайық деп арнайы соқтық.  Алдын ала келетінімізді білетін әжей бізді күтіп жүр екен. Бетімізден сүйіп, «Жаңақазандағы жаман кемпірді іздеп келгендеріңе рақмет, айналайындарым!» деп құшағын жайып қарсы алған әже бізді төргі бөлмеге бастады.  Күн сайынғы тірлігіне шүкір айтып, тәубесінен жаңылмаған кейуананың әңгімесі де әсерлі.

«Құдайдан ел-жұртымды, ұрпағымды аман ете көр. Қазақстанымыз гүлденіп, дами берсін. Елімізге бар жағдайды жасап жатқан, ат үстіндегі азаматтар аман болсын» деп күнде жатарда Құдайға тілегімді айтып жатамын» деген әже жақында ғана дүние салған үлкен ұлын ойлап қамығып жүргенін де жасырмады.

Кейіпкеріміз Мария Хазешованың 76 жастағы үлкен ұлы мезгілсіз дүниеден өтіп, әженің ұлын жерлеп, қырқын өткізіп келіп отырған бойы екен. Қилы заман мен ауыр кезеңдерді бастан өткеріп, бір ғасырдан астам ғұмыр кешіп отырған қария өткен шақты ұмытқан емес.

«Жас кезімізде қиындық көп болды. Киім жоқ, тамақ жоқ, жылап жүрген күндеріміз аз болған жоқ. Қазір бәрі бар. Керемет, ертегі сияқты заман ғой. Бірақ шүкіршілікті ұмытпау керек. Бір қонақта  отырып, «Балалар мал сатып  жатыр, жас кезіңде бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» дегендей, қазір шүкір дәулеттімін» деп мақтанып, айтып қалдым. Содан көп уақыт өтпей 76 жастағы ұлым ұйықтап жатып оянбай қалғанда «Артық айтып қойдым ба?» деп Құдайдан кешірім сұрадым...» деген кейуананың сөзінен-ақ оның жан дүниесіндегі кіршіксіз тазалықты аңғарғандай болдық.  Осы орайда әжейден «Құдайға кіршіксіз сенесіз, Намаз оқисыз ба?» деп сұрадық.

«Құдайға сенемін. Ел-жұртым аман болсын деп тілеймін. Кейде артық айтып қойып жатсам, «ақ Құдай мені кешір» деп кешірім сұраймын.  Қазақстанға тыныштық пен бақ-береке тілеймін!» деген Мария Хазешқызы балалық шағын еске алды.

Әжей соғыс басталғанда 14-15 жаста еді.  Соғыс басталғанын ауыл аспанында ұшып өткен ұшақтан түскен қағаздардан білген оқушы қыз сол кезде ел тағдыры шешіліп жатқанын түсінбеген де шығар...

– Мектепте мұғалім болып жүргендердің бәрі дерлік майданға кетті. Ауыл мектебінде мұғалім қалмағандықтан, бізді педучилищеге оқуға жіберді. Үстімізде бүтін киім де жоқ. Аш-жалаңаш жүрген кезіміз. Бізге аз уақытта бастауыш сынып мұғалімі деген куәлік берді, ауылдағы мектепке жұмысқа тұрдым» деп жас кезін еске алды әжей.

Соғыстан кейінгі жылдары да тұрмыс бірден оңалып кете қоймағаны белгілі.  Киім-кешек, тамақ тапшылығы, тұрмыстың қиындығының бәрін де бастан өткерді. Жұбайы майдангер, соғыстан оралғанда денсаулығы да, мінезі де оңай болмағанын еске алады:

–  Жұбайым соғыстан жараланып келген. Ол да мұғалім. Екеуміз Айдархан ауылындағы мектепте таныстық. Қатты ашуланса, қалшылдап құлап қалатын еді, жарықтық.  Бірақ мен оның қиындау мінезіне соғыс көрген, қан көрген адам ғой деп сабырмен, түсіністікпен қарадым. Келін болып түскен жерімде көп адам болды. Ата-енем өте жақсы адамдар еді. Мені жалғыз баланың әйелі деп мәпелеп, аялап ұстады. Олар менің атымды атамай, Мәкен деп еркелететін. Ата-енемді арулап, өз қолыммен соңғы сапарға шығарып салдым. Кейде осы жасқа келіп отырғаным, сол кісілердің фатихасы шығар деп ойлаймын.  Төрт ұл, үш қызды дүниеге алып келдік. Бала-шағалы болған соң мектепте жұмыс істеу мүмкін болмады. Отағасының қасы мен қабағына көп қарадым. Сол кісі қонаққа бар десе бардым, барма десе барған жоқпын. Кейде кешкі тамақты ылдым-жылдым тез дайындап жатсам, «Бір жаққа барғың келіп жүр-ау, дайындап болған соң жүре бер» десе, балаша  қуанып кетуші едім. Қазір немере-шөберелерімнің қызығын көріп, улап-шулап отырғаным сол қартымның арқасы, – дейді өмірлік қосағын сағынышпен еске алған әжей.

Бүтіндей бір әулеттің берекесі, бірнеше буынның анасы атанған әжей немере-шөберелерінің санын айтқысы келмейді. Қолындағы бес шөбересінің алды 11-сыныпты бітірсе, кенжесі үшке енді толыпты. Ізгіліктің иесі, шүкіршілікті серік еткен кейіпкерімізге «Өзіңіз келін ретінде көрегендік танытқан екенсіз. Өз келіндеріңізбен қандай қарым-қатынастасыз?» деген сұрақты қойдық.

– «Бір босағадан екінші босағаға келген соң, оған бейімделу оңай емес. Сондықтан келіндерімді бар мейіріміммен жақсы көремін. Өзім жаман ене болдым деп ойламаймын. Қолымдағы немере келінім суға түсіріп, тырнағымды алып, бетімнен сүйіп жүреді. Бес уақыт тамағымды береді, қан қысымымды өлшейді. Менің жағдайымды жасап, баладай мәпелеп, бағып отыр. Өзім ешқашан келіндерді әуреге салмаймын. Барға шүкір етіп, солардың тілеуін тілеп отырамын, – дейді әжей.

Балаларының, немере-шөберелерінің қамқорлығын көріп отырған кейуана, әсіресе кенже қызын ерекше жақсы көретінін жасырмады. 40 жасында дүниеге алып келген қызы да қазір алпыстан асқан. Жаңақазан ауылында тұратын кенже қызы мүмкіндігінше күнде келіп, анасының жағдайын біліп тұрады екен. Біз көпті көрген әжеден ажырасудың көбейіп кеткенін алға тартып, «Отбасын сақтау үшін не істеу керек?» – деп сұрадық.

–  Ажырасу көбіне салғыласып ұрысудан басталады ғой. Негізі, біреуі ашуланғанда, екіншісі салғыласа кетпей бәсең болуға тырысуы керек. Тіпті болмай бара жатса, сыртқа шығып, біраз ашуыңды басып жүріп кел. Келгесін жұбайыңды жұмсақ дауыспен шай дайындап шақыр. Ақымақ болмаса, ол да түсінеді. Осындай қарапайым нәрселер жетіспейді жастарға. Отбасы ойыншық емес. Оны барынша аялап сақтау керек. Ол үшін шыдамды, сабырлы болған дұрыс, - дейді ғасыр жасаған әже.

cd379fe5-de70-42d9-b184-5c42dcf0b4d4

Күнде таңмен жаттығу жасап, күбірлеп Құдаймен сөйлесіп, дұға жасайтын Мария әжей қара өлең айтудың шебері екен.

– Кезінде  жасымызда-ау қарыштадық,

Құрбымен  қатар  өскен қалыспадық.

Жүз деген  жас көшкен бұлттай келіп қалды,

Жастығым артта қалып, алыстады, – деп өлеңдеткен әже бізге ақ батасын берді.

Бейбіт өмірдің қадірін жүз жасаған әжеден артық ешкім білмейтін болар. Әр сөзінде елдің тыныштығын, ел басқарған азаматтардың, ел-жұрттың амандығын аузынан тастамай айтып отырған кейуананың өмірі – тарих, сабыры – сабақ, тірлігі – тәлім. Жүз жасаған кейіпкеріміз секілді ақ тілеулі әжелеріміздің қатары көбейе бергей!

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале