30.10.2025, 11:00
Оқылды: 207

«Таяғына сүйеніп қалғушы еді...»

Осы, күні кеше Ақжайықтың Чапаев ауылында шырайлы шара өтіп, айта жүрердей басқосу болды. Біздер, журналистер әдетте мұндай жиындарға «еңкейген қариядан бастап, еңбектеген сәбилерге дейін қатысты» деп желдіртіп жібереміз ғой. Шынында да оған жасы тоқсанға келсе де еңкеймеген қариядан бастап, желкілдеп келе жатқан жастарға дейін қатысты.

WhatsApp Image 2025-10-28 at 10.02.03 (1)

Орал қаласынан кезінде Борекеңді көре қалған, иық түйістіріп қатар жүрген бүгінде ақсақалдар санатына дендеп енген ардагерлер келгені де жиын салтанатын асырды. Аталмыш шара кезінде тек Ақжайық (ол жылдарда Чапаев) ауданы ғана емес, облыстың, республиканың маңдайалды жұлдыздарының бірі болған шопан Сансызбай Боранбаевты еске алуға арналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы жылы» деп жариялаған бұл мерзімге 85 жылдығы тұспа-тұс келген ерен еңбектің бозымы Боранбаевты еске алуға аудан әкімі Мұрат Сердалин мен оның орынбасары Зәйлім Мәжитова қатысып, бастан-аяқ жүрді. Сансызбайдай еңбек ерін еске алу шарасына оның ұрпақтары да мұрындық болғанын айта кетуіміз керек. Алқалы жиынның мінберінен алғаш сөз алған аудан әкімі «Ағамыздың еңбегі өшпес өнеге, оған жерлестерінің  құрметі шексіз» дей келіп, «Сансызбай ағамыз өткен жолдан ой түйіп, тағылым алуымыз керек» деп, бүгінгі жас еңбеккерлерге қарата ордалы ойын өрбітті. Сансызбай Боранбаевтың сонау жұлдызды шақтарында қасында болып, жанкешті еңбектің ауыртпалығын бірге көтерген, қиындықты тең бөліскен жары Жаңыл Едіресқызының иығына камзол жауып, гүл шоғын ұсынды.

Сонымен алыс-жақынға сауын айтып, айта жүрердей жиын өткізетіндей Сансызбай Боранбаев деген кім? Әуелі, былайғы ағайынға таныстырып алайықшы. Кейін Ақжайықтың ақ иық азаматына айналып, еңбек бәсекесінде шамшырағы жанатын Сансызбай Қадешұлы Боранбаев 1940 жылы Орда ауданы, Талап ауылдық кеңесіне қарасты Көсем ұжымшарында жарық дүние келбетін көріпті. Өсіп-өніп, кейін оң-солын танып, азамат болып атқа мінгенде сол туған жеріне өмір бойына «Қайран, Ордам-ай...» деп көкірегі қарс айырылатын көрінеді. Өйткені сол кіндік кескен жерінен полигонның пәлесінен он екі жасында еріксіз еңіреген елмен жер ауып кете барған ғой... Туған жерден күшпен айырылып, сол кеткеннен есі кеткен елмен көшіп келіп, табан тіреген жері Чапаев ауданы, (қазір Ақжайық қой) Киров ұжымшары болыпты. Әкеден қалған жеті қиықтың бірі, облысты айтасыз, республикаға белгілі тарихшыларымыздың санатындағы Бақтылы қызы еске алатынындай: «Ұстазым Мәрия Дабысова есеп шығара алмай қиналғанымда талай рет сенің әкең мектепте жақсы оқып еді» деп ұрсатынындай, Борекең сабаққа алғыр болған. Бірақ тағдыр оның алдағы өмірінің басқа арнамен ағуына, білім емес, мүлдем басқа салаға бастапты. Сөйтіп, әкесі Қадеш ауыр дерттің тырнағына ілігіп, фәни тірліктің бар қызығы «Қош, аман болға» бұрылғанда баласы Сансызбайға әрі қарай оқып, мамандық алу жайына қалады. Ендігі күнде анасының, шикі жас іні-қарындасының тағдырына алаңдап, қара жұмысқа кірісіп кетеді. Кеңестік заманның «наны жүріп тұрған» колхоз дейтін ұжымына кіріп, колхозшы атанады. Қолдап жұмыс істеді, трактор айдады, егін орағы кезінде комбайнға отырды. Қандай жұмыс істесе де қамшы салдырмады, қатарының алды болды. Бара-бара мал шаруашылығына ойысып, сиыр бақты.

Енді Сансызбай шопанның сонау бір кездердегі жұлдызды жылдарына шолу жасайықшы. Ол кезінде меринос (қазекең оны ақ қой деп те атайды) қой бақты. Бұл өзі қаракүл қойымен салыстырғанда бағым-күтімі ауыр, әсіресе қозысы әлсіз болып келетін, енесін еміп, ілесіп кеткенше ерекше бағуды талап ететін түлік. Осы қойды баққан Сансызбай Боранбаев 1974 жылдан бастап, сол кездегі социалистік жарыстың көрігін қыздырып, жүз саулыққа әуелі 130 қозы ілестіреді. Кеңшар, аудан бойынша алдыңғы орындардан көріне бастайды. Мемлекетке жүн, ет тапсыру жоспарын асыра орындайды. 1976 жылы «Тоғызыншы бесжылдықтың жеңімпазы» атанды. Сол жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін тақты. 1980 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне арнайы шақырылып, сол Мәскеуден ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алып келді. Бұл жылдарда Сансызбай ағамыз жүз саулыққа 167-ден қозы алып, бөрікті алшысынан киді. Аудандық, облыстық кеңестердің депутаттығына сайланып, халықтың аманатын арқалады. Алғабасқа көгілдір отын мен ауыз су (кейін Жаңажол мен Тегісшіл елді мекендеріне ауыз су) тартылуына Сәкеңнің себепкер болғанын ауылдастары жақсы біледі.  1985 жылы Сансызбай Боранбаев ерен еңбегі үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1988 жылы Мәскеуде өткен коммунистердің Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясына делегат болып сайланып, қатысты. Өз еліміздің «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленгенін де айтқанымыз жөн.

*   *   *

Ал, осылайша жұлдызы жарқыраған Сансызбай Боранбаевтың соңында бүгінде кәсібін ұстаған кім қалды деген сұрақтың төбесі қылтиған сияқты. Ол туралы да баяндайық. Осыдан он бес шақты жыл бұрын Ақжайық ауданына кезекті бір іссапарға шыққанда «Сансызбай ағамыздың соңында кімдер бар екен?» деп іздеу салғанбыз. Шүкір, бар екен. Әуелі шырайлы шаңырақтың киесіндей болып, Сансызбай ағамыздың жұбайы Жаңыл апамыз аман-есен «Айналайындар, қош келдіңіздер!» деп алдымыздан шықты. Сосын әке таяғын аманаттап алған ұлдары Дарын қарсылады бізді. Жұбайы Айда екеуі қаладағы сыңғырлаған баспанасын, «Ақниет» мектеп-гимназиясындағы жұмыстарын қалдырып, әкелері құрған «Қадеш» шаруа қожалығының тізгінін қолға алған. Шүкір, шаруасы шырайлы. Тағы бір айта кететіні – күні кеше Оралымызда «Қой шаруашылығы – 2025» халықаралық форумы өтті. Сонда Сансызбай ағамыздың есімін Ақберен деп өзі қойған немересі алғысхатпен марапатталды. Ол – студент, болашақ мал дәрігеріне оқып жатыр.

Сол барысымызда Жаңыл апамыздың біраз әңгімесін тыңдап едік.

– Екеуміз де жетімбіз, сонау 1961 жылы үй болдық. Алғашында сиыр бақтық. Тым жақсы бақтық, бірақ күндердің күнінде «сиырды тек коммунистер бағуы керек» деген әңгіме шығып, амалсыздан оны қойып, бір отар қой алдық, – дейді. Міне, сол қой малы Сансызбай ағамыз бен Жаңыл апамызды даңқты жылдарға бастап, еңбектегі бақтарын ашқан екен.

Енді тағы  кешегі Ақжайықта өткен еске алу шарасына оралайық. Тап осы жиында Сансызбай ағамыздың қызы тарихшы-ғалым Бақтылы Сансызбайқызының әкесіне арнап, құрастырып шығарған «Ардақты әке жөнінде сөз» атты кітабының тұсауы кесілді. Естеліктер жинағы аудандық, Алғабастың ауылдық, сондағы Тегісшіл ауылындағы кітапханаларына тарту етілді. Жиынның делебесін аудан әкімі Мұрат Сердалин қаққаннан кейін естеліктерге кезек келді. Бағана сөзіміздің басында «бұл шараға еңкейген қария да қатысты» деп едік қой. Ауданның қадірменді қариясы, осы жақында ғана төбе жас 90-ның төріне шыққан Лұқпанов Ғилаж атамыз әңгімесін әріден қозғады. Олай ететін де жөні бар, Ғилақаң ауданда бөлімшелер басқарған, «Алғабас» кеңшарында 11 жыл бас зоотехник болған, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының тізгінін ұстаған, шаруашылық директоры, ауылдық кеңестің төрағасы сияқты талай жұмыстар атқарған, Сансызбай Боранбаевты бес саусағындай білген.

– Кей жылдары қыс қатты болып, малшылардың екі аяғын бір етікке тығатын. Ондайда шөп те құнарсыз, малдың жағдайы нашарлап кететін. Сондай жылдардың өзінде Сансызбай малдан шығын бермеді. Өз ісіне мығымдығын, еңбекқорлығын айтып, түгендеуге тілім жетпейді. Мен бас зоотехникпін, қой төлдету кезінде үй көрмей кетемін, малшыларды аралаймын. Аралағанда, күтпеген жерден барамын.  Кейбір малшылар түске дейін ұйықтап жатады. Сондайда қашан барсам да Сансызбай қорада жүреді... Таяғына сүйеніп, қалғып отырған үстінен талай шықтым. Ал, мына Жаңыл да енесі алмай кеткен төлді саулыққа теліп, бұл да қорада жүреді. Жас төлдерді бөлек-бөлек қоршауға қамап қояды ғой. Жаңылдың да қоршауға сүйеніп, қалғып отырғанын көре қалдым. Құдай біледі, сол еңбектері жанды ғой екеуінің. Сансызбай ауданның, қатар жүрген біздің мақтанышымыз болды. Облыс пен республикадан асып, Мәскеуге дейін барғанын айтайық! – деп Ғилаж ақсақал біраз тебіренді. Одан әрі соғысқа аттанып, сол жақта қалған әкенің ұлы, бүгінде ол да ауданның мақтанышы, жасы 90-ға қарай кеткен Нәсіпқали Қайырқомов «Біз Сәкеңнің соңынан ердік, өзімізге үлгі тұттық, мына Жаңылдың қозыны баптауы, енесінің бауырына салып, бір-бірлеп емізуін өз көзімізбен көрдік, таң қалушы едік...» десе, Сәкең мен Нәсіпқали ағамыздың құрдасы, ақын-журналист Айтқали Нәріков «Сансызбай – есімі Ақжайық өңірінің тарихында қалған ер» дей келіп, өлеңін оқыды. Тағы бір қадірменді ақсақал Ғибатолла Тілебалиев «Ол естігенін еске түйіп есейген, көргенін көңілге тоқып өскен азамат» десе, ақын Сағынтай Бисенғалиев, «Ауыл партиясы» БҚО филиалының аппарат басшысы Ғайса Қапақов, облыстық мәслихат депутаты Мирболат Құрманғалиев, мемлекет, қоғам қайраткері Меңзипа Жұматова және басқалары еңбектің дарабозын еске алып, жүрекжарды лебіздерін арнады. Осы жиында Сансызбай Боранбаевтың атына аудан орталығынан бір көшені беру туралы ұсыныс айтылды. Бұл ұсынысқа аудандастары қол соғып, өздерінің қосылатындарын білдіріп жатты.

Қартының тек мал бағып қана қоймай, тері илеп, одан ат әбзелдерін жасап, қолы қалт еткенде аңшылық құрып, түлкі, қарсақ, қасқыр аулайтынын, бір қозы далада қалып қойса, балаларды шетінен «атқа қондыратынын», өзі де іздеп, ол қозы табылғанша тыным таппайтынын еске алып, Жаңыл апамыз да толғанды. Сансызбай ердің перзенттерінің тұңғышы, мал дәрігері Аманкелді, ғалым-тарихшы қызы Бақтылы сөйледі. Шараны ұйымдастырып, оның ойдағыдай өтуіне мұрындық болған аудан әкімі Мұрат Сердалинге, орынбасары Зәйлім Мәжитоваға ризашылықтарын да ұмытпады. Ауданның мәдениет саласы басшыларына, қызметкерлеріне, сонау Оралдан арнайы келген ардагерлерге, жалпы жиналған жұртшылыққа алғыстарын арнады.

Жоғарыда Сансызбай ағамыз Мәскеуге Бүкілодақтық партия конференциясына барды дедік қой. Сонда біздің облыстан барған ат төбеліндей делегаттарды сол кездегі облыс басшысы Нәжімеден Есқалиев бастап барыпты. Мәскеу бұларды қошеметтеп қарсы алып, ең қадірлі «Россия» мейманханасына орналастырады. Бірер күннен кейін Сансызбай ағамыз: – Нәжімеден, тынысым тарылды, у-шудан құлағым тұнды, кеудені керіп, тыныш демалатын жер тауып берші, – дейтін көрінеді. Облыс басшысы бір сөз айтпай, сол бойда Мәскеудің шетіндегі оңаша саябағы бар мекенге апарады. Сәкең болса, ол жерде малдас құрып отырып алып, арасында көк шөпке аунап, «Айхай, шіркін, ауа қандай!» –  деп мәз болыпты. Далада туып, ен даланы жайлап қалған дала перзенті қара орны Тегісшілін, даласын сағынған шығар... Еңбек адамының жанын түсінген Нәжімеден Есқалиев те нағыз азамат екен  дегізгендей.

WhatsApp Image 2025-10-28 at 09.57.36

Сансызбай Боранбаевты еске алу шарасы осылай өтті. Оған жиналғандар «Боранбаевтың атына бір көшені байлайық» деп бәтуаласты. Несі бар, облысымызда қой бағып, мемлекеттік сыйлыққа ие болғандар саусақпен санарлық. Арамызда жоқ болса да азаматтың есімін ардақтап, даңқты шопанның атына көше беріліп жатса, оған Сансызбай Боранбаев әбден лайық қой. Аруағының алдында да, ұрпақтарының алдында да жерлестерінің жүзі жарқын болар еді...

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале