Орал қаласында өткен облыстық “Аспан астындағы музей қала” экскурсиялық бағдарлау жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың өлкетану білімі мен шығармашылық қабілеттерін айқындауға мүмкіндік берді. Аталған додаға Батыс Қазақстан облысының әр өңірінен келген үздік командалар қатысып, туған өлкенің тарихы мен мәдени мұраларын зерттеу бойынша өз білімдерін сынға салды.

Ал Бөрлі ауданының жас туристер командасы жарыс барысында ерекше белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсетті. Команда мүшелері өлкетану, экскурсиялық бағдарлау және подкаст дайындау бағыттарында өз білімдері мен шығармашылықтарын көрсете білді. “Бір ескерткіш – бір оқиға” подкаст байқауында Нариман Дарина үздік өнер көрсетіп, жүлделі II орынға ие болды. Оқушының жетекшісі – №4 жалпы орта білім беретін мектептің педагогі Ақнұр Серік.

Жалпы топтық есепте Бөрлі ауданының командасы жүлделі II орынды жеңіп алып, аудан абыройын асқақтатты. Команда құрамында Жас туристер станциясының үйірме тәрбиеленушілері: Радмир Камашев, Дильназ Бақтыгалиева, Арсен Темірбулат, Інжу Қаһарман, Айару Мұқанова, Айгерім Мұхтарқызы, Дарина Нариман бар. Команданы жарысқа дайындаған жетекшілер – өлкетану бөлімінің меңгерушісі Гулжиһан Абдирова және қосымша білім беру педагогі Алиса Мулдағалиева. Жарыс барысында жас туристер Орал қаласының тарихи ескерткіштері мен мәдени нысандарымен танысып, зерттеу және бағдарлау дағдыларын жетілдірді. Бұл сайыс жасөспірімдердің өз өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, командалық рух пен ізденіс қабілеттерін дамытты.
Анаргүл Шамбай,
Бөрлі ауданы