31.10.2025, 13:00
Оқылды: 308

«Төбесі ортасына түскен үйде қалай тұрамыз?»

Жақында редакцияға Орал қаласының Ақ отау көшесіндегі 17-ші үйдің  тұрғындары хабарласты.  Апатты деп танылған  екі қабатты  үйде  ілдәлап тұрып  жатқан  пәтер  иелері  жартылай  қираған  қабырғалар мен сыз  тартқан  төбелер  астында  тұру  мүмкін  еместігін  айтады. Апатты үйдің екінші қабатындағы №8 пәтердің  иесі Аида Сағынғалиева  (1-суретте) бұл  үйді  анасы мен  інісіне арнап  алып  берген. 

DSC06506

–  Үйді сатып алған кезде жарын тегістеп, аздаған жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Анам мен інім пәтер жалдап жүрмесін, өздерімен-өздері тұрсын деп, қаражатым осыған жеткесін сатып алып бердім. Қасымыздағы №8 мектеп-лицей құрылысы біздің үйге де әсер етіп, онсыз да әзер тұрған қабырғалар одан сайын жарылып кетті. Ол мектепке су құбырын тартқанда, су, септик құбырлары жарылып, төмендегі пәтерлерге су кетті. Біздің дәретханадағы унитаз төменгі қабаттағы пәтерге құлайын деп тұр.  Үйдегілер әжетханадан су жіберсе төменге ағып, көрші апа мені сотқа берді. Ал шын мәнінде екі үйге де ортақ құбырлар жарылғандықтан, су жоғарыдан төменге кетіп тұр. Апатты үйде қорқынышпен ұйықтаған да қиын. Анам мен інім үйдің төбесі құлап, басымызға түспесе екен деп қорқынышпен өмір сүріп жатыр. Үйіме алып кетейін десем, енем бар, отбасым бар, бір шаңырақ астында шағын қоныста тұрамыз. Анам да қысылып-қымтырылады бізге келуге, – дейді  жағдайды  баяндаған Аида.

DSC06495Апатты үйдің бірінші қабатында тұратын Лиза Қошпанованың жасы 65-те. Пәтері тұруға жарамсыз. Ол кісінің үйін біз де көзімізбен көрдік. Қазір тұрақты мекені жоқ, жалдамалы пәтерде тұратын  қызының үйінде, туыстарында уақытша қонақ болып жүр.  Қай үйге барса да, үстінен шыққан жағымсыз иіс үшін жақындары қабылдай  бермейді.

– Осыдан төрт-бес жыл бұрын Жаңақаладан көшіп келіп, қызым колледжде оқитын болған соң, өз үйіміз болсын деп осы үйді сатып алдық. Төрт миллион теңгеге алған үйіміздің нақты құны несиемен 7 миллионға дейін шығып кетті. Қазір зейнетақым түгелімен осы қарызды төлеуге кетіп жатыр. Одан бөлек, су кетсе сантехник шақырамыз. Оның бәрі ақылы. Үйдің төбесі түсіп, көк тарақандар қаптап кетті. Күн сайын соны жуып, әбден шаршадым. Айналамыз да қоқыс, күлімсі иіс. Сыртқа шығып, есік алдына таза ауа жұтуға да еш мүмкіндік жоқ. Жыл жарым бұрын бұл үйде тұру мүмкін болмағандықтан, кілттеп кетіп қалдым. Таза үйде қашан рақаттанып өмір сүреміз екен? – дейді әбден шаршаған Лиза апай.

Екі қабатты үйге кірген сәттен-ақ күлімсі иіс қолқаны қабады. Бірінші қабаттағы Лиза апайдың үйі шынымен адам тұратын жер емес екен. Үңірейген төбелер, жарылған қабырғалар, әбден шіріп кеткен су құбырлары...

DSC06483

Екінші қабатта тұратын Венера Құбаеваның (2-суретте) пәтерінің төбесі ортасына опырылып түсіп кеткен. Ол бұл үйді 1999 жылы қараша айында сатып алған. Шаңырағында бір ұл, бір қыз өсіп, өзі де осы жерде өмірінің ең қиын да маңызды сәттерін өткізді. Жолдасы ерте қайтыс болған. Анасы да осы үйде  тұрған. Қазір ол ұлымен жатақхананың бір бөлмесінде тұрып жатыр  екен.

– Бастапқыда төбеден тамшы тамып тұратын. Бірақ соңғы жылдары жағдай ушығып кетті. Төбенің бір бұрышы дәл қасыма опырылып түсті. Ана төбе үстіме түскенде аман қалмайтын болармын. Қайта Құдай мені мықтап сақтады. Содан баламыз екеуміз бұл үйді тастап кеттік. Төбесі ортасына түскен үйде қалай тұрамыз? – дейді Венера апай.

DSC03036 (1)

Бірнеше жылдан бері тұрғындар өз мәселесін өздері шешіп келеді.  Жыл жарым бұрын «Сапарстрой-Азия» ЖШС құрылыс компаниясы келіп, құжаттарды жинап, жиналыс өткізген. «Төрт үй орнына жаңа үй салынады деген уәде берілгелі біраз уақыт өтті. Бірақ нақты іс басталар емес», – дейді тұрғындар.

Әкімдік не дейді?

Орал қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Данияр Оспановтың айтуынша, Ақ отау көшесі №13, 14, 16, 17-үйлерге қатысты арнайы үшжақты меморандум жасалған.

Құрылыс компаниясы, әкімдік және тұрғындар арасында келісім бар. Реновациялық бағдарламалар аясында ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа көпқабатты үй салынады. Сүрілген үйдің тұрғындары жаңа пәтерлермен қамтамасыз етіледі. Қазір ең басты мәселе – жерді тіркеу. Ол үшін тиісті қаулы да шықты. Бірақ республикалық базаға құжат енгізу барысында техникалық ақау шықты. Бұл – әкімдіктің емес, орталық базаның құзырындағы мәселе. Сөйте тұра жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ меморандум аясында, құрылыс компаниясы тұрғындарға уақытша тұратын пәтерлерді жалдап беруге міндетті. Құжаттама бітіп, үй сүріле бастағанда тұрғындарға пәтер жалдап беретін болады.

Құрылыс компаниясы не дейді?

Яашар Зейналов, «Сапар-строй-Азия» ЖШС-ның коммерциялық директоры:

– Қазіргі уақытта біз Ақ отау көшесіндегі №13, 14, 16 және 17-үйге қатысты құжаттарды дайындаудамыз. Бұл үйлерді бұзу және олардың орнына жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салу бойынша меморандумға қол қойылған. Алайда қазіргі таңда бірқатар қиындықтарға тап болдық. Аталған үйлерде кондоминиум тіркелмегені анықталды. Біз бұл үйлердің тұрғындарымен келісіп, жер телімін рәсімдеу және кондоминиум құру жұмыстарын бастадық. Жерге мемлекеттік акт қажет. Бұл құжаттарсыз әрі қарай ешқандай әрекет жүргізу мүмкін емес. Жұмыс барысында аталмыш жер телімінің тіркелмегені белгілі болды. Біз оны кадастрлық картадан алып тастап, электронды сипатта 13, 14, 16 және 17-үйге ортақ жер телімін бөлуге өтінім бердік. Яғни екі өтінім – әрқайсысы екі үйден. Біз облыс әкімінің қаулысын қолымызға алдық. Бірақ сол кезде «Egov» жүйесінде ақау орын алып, өтініміміз кері қайтарылды. Заң бойынша өтінім тек электронды түрде берілуі керек. Бізде әкім қаулысы болса да, жүйедегі ақауға байланысты мемлекеттік акт алуға өтінім бере алмадық. Кейін бізге бұл жағдайдан шығу үшін әкімнің бұрынғы қаулысын жоюға және қайтадан жаңа өтінім беруге кеңес берілді. Біз солай жасадық. Әкім қаулысын жою туралы өтінім бердік, ол қабылданды. Енді қайта өтінім беру үшін кадастрлық картадан бұрынғы жер телімінің сызбасын алып тастауымыз қажет. Бұл біз өзіміз берген сызба болатын. Алайда екі айдан астам уақыт өтсе де, ол сызба базадан әлі күнге дейін алынбады. Біз кадастрлық картадан бұл жер телімін алып тастасақ қана қайта өтінім беріп, әкімнің қаулысын алып, мемлекеттік актіні тіркеп, әрі қарайғы жұмыстарды жүргізе аламыз. Құжаттармен байланысты осы мәселе бізге үлкен қиындықтар туындатып отыр. Қазіргі уақытта құрылыс маусымы аяқталуға жақын. Қыста біз үйлерді бұзуды да, құрылыс жұмыстарын да жүргізе алмаймыз. Осыған байланысты бүкіл жоба келесі жылдың көктеміне шегеріліп отыр. Өйткені жерді қазу керек, ал қыста қар, жаңбыр, су жиналып, құрылыс сапалы болмайды. Қазіргі басты кідіріс – кадастрлық картадан жер телімін ала алмау. Мерзімдер қайта-қайта шегерілуде. Соңғы мерзім – 20 қазан. Осы мәселеге байланысты біз мемлекеттік мекемелерге жүгіндік, бірақ шаруа шешілмей тұр. Айта кету керек, 13, 14, 16 және 17-үйлер апатты жағдайда деп танылған. Қорытынды құжаттар қолымызда. Әсіресе 17-үйдің жағдайы өте нашар екенін білеміз. Бірақ біз заң аясында жұмыстанудамыз.

DSC03034

Түйін

Дәл қазіргі сәтте Ақ отау деп әдемі ат берген көшенің  тұрғындары әр күнін қорқынышпен өткізуде.
«Қай күні төбе құлап, астында қаламыз?» деген уайым оларды әбден жүдетіп жібергенге ұқсайды. Төбесі ортасына түскендер амалсыз туыстарын паналаса, барар жері жоқтар апатты үйде амалсыз өмір сүруде. Ақ отау №17-үй тұрғындарының тағдыры – тек апатты үйдің ғана емес, жүйелі шешімдерді қажет ететін әлеуметтік мәселенің айғағы. Мемлекет пен құрылыс компаниялары арасындағы келісімдерге қарамастан, қарапайым адамдар әр күнін қауіп-қатермен өткізуде. Тұрғындардың басты тілегі – уәденің орындалуы. Олар  қауіпсіз әрі адамға лайықты өмірді қалайды. Ал бұл – әрбір азаматтың Конституциялық құқығы.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале