31.10.2025, 12:00
Оқылды: 76

Негізгі капиталға салынған инвестиция 4%-ға өсті

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен инвестициялық штабтың  отырысы  өтті.  Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ірі жобаларды  жүзеге  асыру  және  инвестициялық ахуалды  жақсарту  мәселелері талқыланды.

жп акша Әлішер Уалитханов (1)

Өңір басшысы өз сөзінде экономикалық өсімнің негізгі тетіктерінің бірі инвестиция тарту екенін атап өтті. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізген Нариман Төреғалиев бизнесті дамытуға және инвесторларға қолайлы орта қалыптастыруға ерекше назар аударылып отырғанын айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылу шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек» деді. Президент өңдеу өнеркәсібі саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды.
Биыл маусым, тамыз, қазан айларында облыс делегациясы Қытай және Чехия елдеріне барып, экономикамызға инвестиция тарту мәселесі бойынша бірқатар ірі компаниямен келіссөздер жүргізіп, алдын ала келісімдерге қол жеткізді. Осы бағытта облыста көптеген шаруа тындырылды. Біздің басты міндетіміз – инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Әр жоба нақты нәтижеге бағытталып, мемлекеттік қолдау шараларымен сүйемелденуі тиіс, – деді  өңір  басшысы.

Әкім Қытай Халық Республикасына жасалған сапар нәтижесінде 14 компаниямен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылғанын атап өтті. Инвестицияның жалпы көлемі – 132 млрд теңге. Бұл келісімдер машина жасау, құрылыс индустриясы, медицина, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында жаңа өндірістер құруға жол ашады. Атап айтқанда, аймақта газтурбиналы электр стансасын салу, құрғақ құрылыс қоспалары мен аутоклавты газдалған бетон өндіру, вакуумды шыныдан есік-терезе жүйелерін жасау, гидрооқшаулағыш материалдар өндірісін жолға қою сияқты  жобалар  іске  аспақ.

Отырыс барысында БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев облыс экономикасына тартылған инвестициялар көлемі жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 483,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға артқан. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,7 есе өсіп, 1093 млн АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада Алматы және Астана қалаларынан кейінгі 3-орынды иеленіп отыр. Өңдеу өнеркәсіп саласына бағытталған инвестициялар – 2,2 есе, ал көлік және қоймалау саласында 1,6 есеге артқан.

Жиында қала мен аудан әкімдері және облыстық басқарма басшылары атқарылған жұмыстармен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Штаб отырысын қорытындылаған Нариман Төреғалиұлы орынбасарларына, басқарма басшыларына және аудан әкімдеріне нақты нәтижеге бағытталған   жұмысты  күшейтуді  тапсырды.

– Әр жоба – облыс экономикасының дамуына қосылатын үлес. Сол себепті олардың орындалуы қатаң бақылауда болуы тиіс, – деді  аймақ  басшысы.

Осы күні өңір инвестиция тарту ісінде оң серпін көрсетіп, аймақтық экономиканың тұрақты өсіміне бағытталған жүйелі саясат  жүргізіп  келеді.

 

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале