ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ардақ Аманкелдиев облысқа жұмыс сапарымен келді. Алғашқы күні Тасқала ауданының орталығында тұрғындармен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Жиында Ардақ Аманкелдіұлы денсаулық сақтау саласын дамытудың негізгі бағыттары жөнінде баяндады. Оның айтуынша, елдегі денсаулық көрсеткіштерінің жақсарғаны байқалады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша республикада өмір сүру ұзақтығы 75,44 жасқа дейін (2023 ж. – 75,09 жас), ал БҚО-да 74,17 жасқа дейін (2023 ж. – 74,08) өскен. Биылғы сегіз айда халықтың өлім-жітім көрсеткіші 3%-ға, облыста 5%-ға төмендеген. Ал нәресте өлімі 20%-ға, өңірде 5%-ға азайған.
– Соңғы кездері тұрақты қаржылай қолдаудың арқасында денсаулық сақтау жүйесінде оң динамика байқалады. Қаржыландыру үш есе өсті. Бүгінде халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің 80-нен астам түрі қолжетімді. Министрлік медициналық-санитариялық алғашқы көмектің тиімділігін арттыруға басымдық береді. Сол үшін емханалар мен амбулаториялар жұмысындағы тәсілдер қайта қаралады. Әсіресе, «Қолжетімді емхана» тұжырымдамасына баса назар аударылады.
Біріншіден, скринингтен өтетін нысаналы топтағылардың жасы 76 жасқа дейін кеңейеді. Бұл 1 миллионға жуық адам зерттеліп-қаралып, 4 миллионға жуық қазақстандық скринингпен қамтылатынын білдіреді. Екіншіден, заманауи жоғары сезімталдық тесттері (гликирленген гемоглобин, ТТЛП, триглицеридтер) созылмалы ауруларды 1,5-2 есе жиі анықтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, 50-76 жастағы ер адамдардың арасындағы ми қан айналымы бұзылуларының жаңа скринингі енгізілуде. Бұл дер кезінде инсульттің алдын алуға және өмірді сақтауға қажет. Төртіншіден, онкоскринингтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен (МӘМС) тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне (ТМККК) ауыстырылады. Осылайша сақтандырылмаған 300 мың азаматты қамтуға болады. Қатерлі ісіктерді ерте анықтау үшін аймақтық онкологиялық орталықтарда 17 сараптамалық эндоскопиялық орталық ашылды. Ерте диагноз қою 31,4%-ға дейін өсті. Қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін жарналар базасының жоғарғы шегі арттырылады. МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін арттыру ұсынылмақ. Енді жұмыс берушілер жарналарды 40 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспайтын сомадан, ал қызметкерлер 20 ЕТЖ-ға дейінгі сомадан аударатын болады. Осының нәтижесінде алдағы жылы МӘМС жүйесіндегі қаржы 200 млрд теңгеге жетеді. Мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелері 2027 жылдан бастап кезең-кезеңімен артпақ. Биыл 2% болса, 2037 жылға дейін 4,7%-ға дейін біртіндеп өседі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1 миллион адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылады. Олардың жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. 2027 жылдан бастап қаржыландырудың сақтандыру үлгісіне ба-сымдық беріледі. Денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығынның 35%-ы (1,3 трлн теңге) тегін медицина-лық көмек пакетінен, 65%-ы (2,4 трлн теңге) МӘМС пакетінен алынбақ, – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Аманкелдиев.
Министрдің орынбасары бұл салада жүргізіліп жатқан жұмыс ерте диагностиканы жақсартуға, тиімді ем-шаралардың қолжетімдігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысалы, облыста жасанды интеллектіні қолдана отырып, конформды 3D сәулелік терапия тәсілдерімен емдейтін инновациялық құрылғы бар. Бүгінде бұл құрылғымен 1290 науқас емделген. Қан айналымы ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту және интервенциялық кардиология қызметтерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін өңірде екі ангиография бөлімшесі жұмыс істейді. Бүгінде 261 жүрекке ота жасалған.
Ардақ Аманкелдіұлы сапалы медициналық көмек көрсетуде кадрлар да маңызды рөл атқаратынын айтты. Мысалы, облыста 160,25 штаттық бірлік дәрігер жетіспейді. Соңғы төрт жылда резидентурада оқуға республикалық бюджеттен 745 грант, жергілікті бюджеттен 58 грант және жалпы медицина мамандығына 329 грант бөлінген. Биыл өңірге 183 маман (дәрігер) келіп, жұмысқа орналасқан. Олардың 112-сі ауылдық жерлерде қызмет етеді.
Министрдің орынбасары айтып өткендей, соңғы жылдары қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасайтын әрекеттер көбейіп кетті. Сондықтан медқызметкерге күш қолданғандар үшін ҚР Қылмыстық кодексіне арнайы бап енгізу бойынша шаралар қарастырылуда. Бүгінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында елдегі медициналық ұйымдарда 152 полиция бекеті ашылған. Сондай-ақ медицина қызметкерлерін бейнежазбалармен қамтамасыз ету, орталық басқару орталықтарында «үрей» түймелерін және денсаулық сақтау мекемелеріне бейнебақылау камераларын орнату жүргізілуде.
Елдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мақсатында соңғы үш жылда 633 медициналық нысан салыныпты. Облыста «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасының аясында 50 медициналық-санитариялық алғашқы көмек мекемесінің құрылысы аяқталған. Оның ішінде 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 17 медициналық пункт және 12 дәрігерлік амбулатория бар. Бөрлі және Казталов аудандарында орталық аудандық ауруханаларды қайта құру жоспарлап отыр. Республикалық бюджет қаражатына 148 медициналық жабдық сатып алынған. 2026 жылы бес қымбат медициналық жабдық сатып алу жоспарлануда. Биыл республикалық бюджеттен жалпы трансферттер есебінен 5,7 миллиард теңгеге 98 медициналық жабдық сатып алынады. Күні бүгін 45 бірлік жабдық әкелінген. Ал 420,0 миллион теңгеге бес «Жедел жәрдем» көлігі алынған.

Кездесу барысында министрдің орынбасары Ардақ Аманкелдіұлы тұрғындардың сұрағына жауап берді. Мысалы, Тасқала аудандық ауруханасының қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрлан Мамбетов жыл басынан бері ауданға 7 жас маман келгенін айтты. Алайда оларға әлі қызметтік пәтер берілмегенін, мәселе қашан және қалай шешілетінін сұрады. Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов: «Мәселені аудан әкімімен бірлесіп шешеміз. Бұл – уақытша қолайсыздық. Себебі ауылға жұмысқа келген кез келген маманды баспанамен қамту – біздің міндетіміз. Биыл облысқа 183 медицина маманы келді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған жоқ. Әдетте 40-50 шақты ғана маман келетін еді», – деді. Сонымен қатар тасқалалық тұрғынның айтуынша, 2028 жылы Атамекен ауылындағы фельдшерлік пунктті күрделі жөндеу және 2029 жылы Шежін-2 ауылында фельдшерлік пункт салу жоспарланған. Алайда бұл меднысандар тозып тұрғандықтан, іс-шараларды таяу арада орындауға мүмкіндік бар-жоғын және бір себептермен жоспарды кейінге шегермеуді сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Шежін-2 ауылындағы құрылысты келесі жылы салуға қаражат жоқ екенін айтты. «2029 жылға дейін ғимараттың құламай, сапалы қызмет көрсетуіне барлық жағдай жасалады. Атамекенде медициналық нысан қажеттігі жөнінде естімедім. Бірақ бұл ауылдың тұрғындары ауылішілік жол қажет екенін айтып жүр. Бір ауылға бір жылда жол да, медпункт те салу мүмкін емес. Тасқала ауданының жағдайы өзге аудандарға қарағанда көш ілгері. Бұл ауданда электр желілерін жаңғырту басты мәселе боп тұр», – деді Тілепберген Ерсайұлы.
Тасқалалық Жұмакелді Қыдыровтың айтуынша, ДЦП (балалар церебалды параличі) диагнозы бар баласына тегін берілуі тиіс баклосан дәрісін Ресейден сатып алады. «Невропатолог дәрігер баклосан дәрісін тағайындады. Тегін берілуі тиіс дәріні бір жылдан бері Ресейден сатып алып отырмыз. Біз неге оны тегін алмаймыз? Тасқала ауданында тіркеуде тұрмыз. Бұл дәрі Оралдың өзін-де жоқ», – деді тұрғын. «Баклосан» бойынша мәселе бар екені рас. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында дәріні өндіретін «Польфарма» деген бір ғана мекеме тіркелген. Тасымалдаушылардан ұсыныс түспегендіктен, дистрибьюторлар дәріні сатып ала алмады. «СК фармация» дәріні өндіретін зауытқа тікелей хабарласып, дәрі-дәрмекті дистрибьюторларсыз сатып алу жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ мұндай мәселе туындамас үшін дәрі 25% қормен сатып алынбақ», – деп түсіндірді «СК-фармация» ЖШС БҚО бойынша өкілдігінің басшысы Руслан Айдарханов.
Вице-министр кездесуден соң тасқалалықтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Одан соң жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Татьяна Рудаметова облыста демікпемен (астма) ауыратындар ішетін симбикорд дәрісі неліктен тапшы екенін сұрады. Бұл сұраққа «СК-фармация» ЖШС өкілі жауап берді. Оның айтуынша, қант диабеті және астмамен ауыратындар көбейген. Алайда облысқа аталған дәрі-дәрмек жинақталып, жеткізіліп жатыр. Тек жаңадан ауырған науқастар арасында тапшылық болуы мүмкін деді. Министр орынбасарының сөзінше, жаңадан анықталған науқастар үшін жыл бойы қосымша дәрілер сатып алынуы тиіс. «Мой город» апталық газетінің тілшісі Ажар Хамитова Орал қаласындағы кардиологиялық орталық қашан салынатынын сұрады. «Жүрек-қан тамыр ауруларымен ауыратын және қайтыс болатын адамдардың саны өте көп. Бұл – маңызды әлеуметтік аурулардың бір түрі. Бұл науқастарға дер кезінде сапалы қызмет көрсету – біздің міндетіміз. Біз мәселені талқыладық. Жоспар бойынша жоба 2028 жылы басталады деген болжам бар. Бірақ бәрі
ҚР Бюджет кодексінің рәсімдері бойынша айқындалады. Десе де, мәселе министрліктің күн тәртібінде тұр, шешімін іздеп жатырмыз», – деп жауап қатты денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Аманкелдиев.

Министрдің орынбасары бұдан соң Тасқала аудандық ауруханасының және Бірлік ауылдық медициналық пунктінің қызметімен танысты. Сапардың екінші күні Орал қаласында медициналық қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Онда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы түсіндірді. Сонымен қатар облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен «Жедел жәрдем» стансасында болды.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»