6.11.2025, 11:15
Оқылды: 170

Ғасырдан да ұзақ күн

Алматы қаласына гастрольдік сапары аясында Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры «Жұбан» поэтикалық драмасын сахналады. Бұл ұжым 7-10 қазанда алматылықтарға театр репертуарындағы таңдаулы классикалық, әлемдік және заманауи драматургиядан үздік қойылымдарын және кішкентай көрерменге арналған ертегілерін ұсынбақ. Жұбан Молдағалиевтың туғанына 105 жыл  және  Нұрғиса  Тілендиевтің  туғанына  100 жыл толу мерейтойлары аясында алып келген спектакльдер де театр қоржынында бар.

a7ade7ab-e4e2-4077-93f1-8d1246caec80

«Жұбан» поэтикалық драмасының ауторлары: Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, драматург Мадина Омарова, қойылым режиссері: Гауһар Адай.

Спектакль қараңғы түнде шырылдаған телефон қоңырауынан, әлдебір адам мен Жұбан Молдағалиевтың телефон арқылы тіл қатысуынан басталады. Жазушылар одағына Колбин келмек екен. Сол жерде Жұбан Молдағалиев сөйлегені жөн. «Әлде айтарыңыз жоқ па?» дейді телефон сыртындағы дауыс. «Бар!» Бұл – Жұбанның кесімді шешімі.

155932c2-632

Ілгеріде София Молдағалиевадан сұхбат алғанымда осы қоңыраудан соң Жұбан ақын түн жарымына дейін көз ілмей баяндамаға дайындалғанын айтып еді. Түн жарымына дейін айтар сөзін жұптап, қағазға жазып шыққанын әңгімелеп берген. Түн жарымында жан жары Софияны оятып алып, баяндамасын оқып бергенін де сол сұхбаттан білгенбіз.

Міне, шымылдық ашылып,  Жұбан ақын, Жұбан қайраткер сахна алдында тіп-тік қалпында баяндамасын оқи бастайды.

«...өрт сөндiрушi машиналарды – су атқылағышты, арсылдаған иттердi, резiңке тоқпақтарды айлалы арандатудың құрбаны болған жас жiгiттер мен қыздарға қарсы ойланбастан асығыс ала жүгiрудi қостаймын десем, онда өз арымның алдында, сiздердiң барлығыңыздың алдыңда ақадал болмас едiм. ...Кейбiр басшы жолдастардың республикадағы қазақ жастарының жоғары оқу орындарындағы саны, айталық, орыс студенттерiнен көп екен дегенi – кiнәлағандай, тiптi, тиiстi министрлiкке ескертудей естiледi. Ал олар Қазақстанда көп болмағанда, қайда көп болмақ?».

9c94730f-6

Иә, Желтоқсанның ызғары жанын мұздатқан қазақ жастары жаппай нашақор, ішкіш атанып, түрмеге тоғытылған уақытта ұлттың жаралы жүрегін жазатын сөзді айтқан тұлғаның бірі Жұбан Молдағалиев еді. Спектакльде тас болып қатып қалған жүректерге сәуле түсірген сол сәт Жұбан (Мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаев) сөзінен де, оны ұйып тыңдап отырған кейіп танытқан бұқараның таңданыс қимылынан да айқын байқалады. Орайы келгенде айта кету керек, КСРО кезеңінің жиналыстарының бір сипаты осы қойылымда анық көрінеді. Ол біресе партада отырған тәртіпті баладай қатып қалатын, енді бірде  ду қол шапалақтай, тіптен дуылдата қол шапалақтай жөнелетін бұқараның қимыл әрекеті арқылы бізге бұрынғының мінезін ащы мысқылмен көрсетіп тұрғандай. Мінбердегі Жұбан сахнаға бірнеше қайыра оралады. Ара-арасында ақынның балалық шағы, жастығы, кейінгі өмірі сахналық қойылым арқылы ауысып, тіптен Жұбанның қайраткерлік тұлғасымен біте қайнасып кеткендей көрінеді. Келесі сахна Жұбан дүниеге келетін аштықтың азалы жылдарына жетелейді. Ұлды болғанына қуанған Молдағали («Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жасқайрат Валиуллиев) перзентіне мұра қылып қамшы қалдырғысы келген. Бірақ мал баққаннан шыққан биігіміз қане деп ұлттық құндылықты – ертоқымды мұра етіп қалдырады. Режиссердің ұтымды шешімінің бірі – қойылым аяқталғанда Жұбан ақын әрі ескерткіш, әрі ұлттық құндылықтың жалғасы есебінде осы ертоқымның үстінде келешекке көз тастап отырған қалпында көрінеді.

Жалпы сахнадағы музыка, түс, қимыл да көрерменді баурап, бұрынғының арзу-арманын, қасіретін, қырғынын көзбен көрсететіндей. Мәселен, аштықтың алапат жылдарында, Жұбанның алты айында көз жұматын әкесі Молдағалидың соңғы сәті тек бір адамның емес, тұтас ұлттың аштықта өзі жоқтаусыз, мәйіті көмусіз қалған, ақсөңке сүйектер жиыла-жиыла тас молаға айналып кеткенін көрсетеді. Адам бастарынан тұрғызылған мола тек Молдағалидың мазары емес, бізге белгілі, белгісіз қаншама жанның азалы тарихынан сыр шертіп тұрғандай, құны сұраусыз кеткен жандарға сахнада қойылған азалы ескерткіштей. Қойылымда көрерменді таңдандыратын тағы бір сахна: бала Жұбан мен ержеткен Жұбанның кездесер сәті. Мұны тұлғаның екіге жарылуы деп емес, өткен мен болашақтың кездесуі деп түсінген ләзім. Тымақ пен шапандағы жетімек бала Жұбанға (Рауан Таймас) заманауи үлгіде киінген, ақын, жаңашыл, есейген Жұбан (Құралбек Қатшаев) бетпе-бет келеді. Жұбанның қайраткерлік, ақындық қырына әсер еткен жанның бірі – анасы Зеріп («Парасат» орденінің иегері Нұрлыгүл Жұбатова). Қойылымның алғашқы бөлігінде Зеріп ана баласын бірде бесік жырын айтып тербетіп, бірде арқалап өсіріп, бірде байырғының ерлік жырын жаттатып, бірде сол заманның тақпағын жатқа айтқызып өлеңмен өсіреді. Аналық ақ тілегімен оқ пен оттан қорғаған сәті «мың өліп, мың тірілген» Жұбан ғана емес, тұтас ұлт та алмағайып кезеңдерден өлмелі жанын сүйретіп аман шығып, тіршіліктің жалына жармасып тіктелгенін түйсінуге болатындай.

Мен – қазақпын мың өліп,  мың тірілген.

Жөргегімде таныстым  мұң тілімен

Жылағанда жүрегім,  күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен  түн түрілген...

Бұл – қойылымның басты ұраны ғана емес, мың өлсе де қайта тіріле алатын ұлттың негізгі ұстанымы да іспетті. Поэтикалық драмада жеке актерлер де, топ та өлең жолдарын оқиды. Шынайы оқылған, ешбір жасанды дауыс араласпаған поэтика қойылымның  әрін  ашып  тұр.

Бірақ өмірдің мәні – өлмеуде ғана ма? Мұның анығын Зеріп ананың аманатынан ұғамыз: «Намыс пен жан таразыға тартылса, намысты таңда»... Бұл аманат Жұбанның өмірлік ұстанымына айналғанын қойылымның әр сәтіндегі, әр кезеңдегі оқиғалардан да байқаймыз. Сұрапыл соғыс жылдарында қан қызыл көйлектегі өлім мен соғыс жалыны арбағандардың арасында қалып, өлімнің әлдиіне емес, өмірдің жырына құлақ түрген ақын Жұбан бәрібір намыс туын желбіретеді. Оқ пен оттың арасында қалса да намыстың жалауын төмендетпейді. Иә, Жұбан Желтоқсанда айтты деген, біздің буынға дейін жеткен әңгіменің ішінде: «Мұндай сұмдықты көргенше, кешегі қырғын соғыста неге өліп кетпедім екен?!» деген де сөзі бар еді ғой! Иә, ол Отан деген қасиетті ұғымның амандығы үшін жанын жалдап, от пен оқтың ортасынан аман өтіп, өмір жырын жырлады. Бірақ тірі қалдым екен деп Желтоқсандағы сұмдықтың жайын айтпай, үндемей қалуы анасы айтқан: «Намыс пен жан таразыға тартылса, намысты таңда» деген аманатын ұмытқаны ғой! Ондайға Жұбан  жол бере ме?

Қойылымды тамашалап отырып, Желтоқсанның ызғары жанды жүдеткен жылдардың оқиғасына қайта ораламыз. Жұбан ақын, Жұбан қайраткер әлі мінберде сөйлеп тұр. Оның мінбердегі әр сөзі «ғасырдан да ұзақ күннің» де боларын түсіндіретіндей. Оның мінбердегі әр сөзі бір Жұбан ақынның ғұмыр жолын ғана емес, күллі ұлттың бір ғасырлық азабы мен мазағын, тозағын еске түсіретіндей. Тағы да сол Желтоқсан. Тағы да қолы бұғаулы өрімдей жастар. Оларды қоршаған қарауыл. Жастардың киімі енді қызыл реңкке боялған. Соғыстағы қан қызыл көйлектер енді Желтоқсан оқиғасы өткен алаңға ойысады. Ол дала мен бұл даланың айырмашылығы да, ұқсастығы да бар. Соғыс даласында бір жауынгер: «Совет әскері мені атпақ па?» деп таңғалатын сәті кездеседі. Өзі сол Отанды қорғап жүрген жауынгер, Отаны неге өзін оққа байлайтынын түсінбей дал болады. Желтоқсанда да дәл солай. Отаны өрімдей ұл-қыздарын аямай қызыл қанға бояйды. Отаны өрімдей ұл-қыздарын аяусыз сабап, түрмеге тоғытпақ...

Тағы да мінбердегі Жұбан  ақын. Жастардың арашашы­сы ғана емес, ұлттың сөзін сөйлеп, ұлттың жоғын жоқтайтын қайраткер Жұбан.

4c30ce3b-6b97

Баяғы, бала күнінде анасы Зеріп үйреткен Махамбеттің жырлары арқылы Махамбеттің батырлығы, өрлігі сүйегіне сіңген жүректі Жұбан. Оған дарыған батырлықтың түп тамыры, қандай қиын-қыстау сәтте де туының жығылмауының сыры, сынбас, мүжілмес рухының негізі бала күніндегі, жастық шағындағы, кейінгі ересек өміріндегі ұстанымдарымен астаса сипатталады.

Ақын жары София (Мәдениет саласының үздігі Жанаргүл Құрманғалиева) қойылым соңына таман көрінеді. Жұбанның қамқоршысы, жаққан  отын сөндірмеген жан жары Жұбанның костюмінде ақын туралы хикаяның соңын баяндайды. Бұл да режиссерлік ұтымды шешімдердің бірі екені анық.

Қойылым соңы үлкен ертоқым үстінде отырған Жұбанның сахналық көрінісі, сөзіміздің барысында айтқанымыздай, ұлттық құндылықтардың сақталуын, қазақ халқының биікке шығуын, кедергі-қарсылыққа мойымай ілгері ұмтылуын көрсетеді.

baf7211a-ab63-4e75-aff4-f2fa01b9c394

Республика күні жақындаған сәтте Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық  театрының бұл қойылымы еркіндіктің бізге толассыз төгілген қан арқылы жеткенін де қайыра еске салатындай. Егемендіктің басты құжатына қол қойылған сәт жақындаған сайын еркіндіктің құны сөзбен, іспен, әрекетпен келгенін дәлелдейтін осындай хикаялардың театр сахнасында, кинотеатр экранында да көп көрсетілгені де маңызды.

Қарагөз Сімәділ,

«Ana tili» газеті, №41

  1. 10. 2025
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале