«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Сандуғаш Қиясбайқызымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі реформалар мен жаңашылдықтар, сондай-ақ медициналық қызметтің халыққа қолжетімділігін арттыру мәселелері туралы сұрап білген едік.

- Сандуғаш Қиясбайқызы, Мемлекет басшысы өз Жолдауында жасанды интеллектті пайдаланып, медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылаудың жаңа жүйесін енгізуді тапсырды. Қазір ӘМСҚ бұл жұмысты қалай жүзеге асырып отыр? Жаңа жүйенің ерекшелігі неде болуы мүмкін?
– Қазіргі таңда біз жасанды интеллект технологияларын медициналық көмектің сапасын бақылауда белсенді түрде пайдаланып келеміз. Бүгінгі күні жасанды интеллект негізінде медициналық көмек көрсетудің 14 стандарты өңделіп, 350-ден астам ақау мен тәртіп бұзушылықты анықтайтын алгоритмдер іске қосылды.
Олардың ішінде 45 алгоритмді жасанды интеллект автоматты түрде әзірледі, қазір олар сынақтан өтуде. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі дамыту үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірге медициналық көмек стандарттары мен клиникалық хаттамаларды жаңарту және толық цифрландыру жоспарлануда. Мұндай ауқымды процестерді денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесе отырып жүзеге асырған жөн деп санаймын. Қазір жасанды интеллекттің алгоритмдері енгізіліп жатқан сан алуан салалар бар. Олардың әрқайсысы өз ерекшелігіне қарай терең талдауды талап етеді. Жалпы алғанда, әлемде медициналық қызмет көлемінің, шығындардың және ақпараттық деректердің артуына байланысты денсаулық сақтау жүйесін автоматтандыру – басты басымдықтардың біріне айналып отыр.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Бюджет мүмкіндігі шектеулі жағдайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткеннің арқасында шығынды көбейтпей ұстап отыр» деп атап өтті. Президент айтқан осы тиімділік пен тұрақтылық Қордың қызметінде қалай көрініс табады?
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бүгінгі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық жүйенің маңызды буыны болып отыр. Президент атап өткендей, бюджет мүмкіндігі шектеулі жағдайда Қор шығындарды арттырмай, тиімділікті сақтап, жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етіп келеді. Мұны нақты мысалдармен түсіндіруге болады. Мәселен, Қордың негізгі қызметін алайық. ӘМСҚ – мемлекет пен азаматтар арасындағы қаржылық дәнекер. Яғни, азаматтар мен жұмыс берушілердің жарналарын жинап, сол қаражат есебінен халыққа көрсетілетін тиімді медициналық қызметтерді жоспарлап және сатып алады. Бұрын бұл функциялар тікелей мемлекет құзырында болса, бүгінде Қор сатып алу және мониторинг жүйесін нарықтық қағидаттарға жақындатты. Тиімді жұмыс істейтін емханалар мен ауруханалар көбірек тапсырыс алып, сапаны арттыруға ынталанып отыр. Екінші маңызды бағыт – бақылау және мониторинг тетіктері. Қор қызмет көрсетуші медициналық ұйымдарға тек қаржы бөлумен шектелмейді. Сонымен қатар, көрсетілген қызметтердің сапасын тексереді, әрбір қызметтің нақты көлемі мен құнына мониторинг жүргізеді, ем алушылардың шағымдарын талдайды және кері байланыс орнатады. Егер негізсіз немесе жалған қызмет анықталса, тиісті қаржы кері қайтарылады. Мысалы, ақпараттық жүйелер арқылы емханалардың көрсеткіштері – қабылданған науқастар, қойылған диагноздар, емдеу көлемі – онлайн режимінде бақыланады. Мұның барлығы бюджет шығынын көбейтпей-ақ, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде тиімсіз шығындар қысқарып, қызмет көрсету жүйесінің ашықтығы арта түсті. Азаматтардың сақтандыру арқылы сапалы және қолжетімді медициналық қызметке ие болу мүмкіндігі кеңейді. Жалпы тұжырымдай келе, ӘМСҚ бүгінде тек қаржы бөлетін құрылым емес, ол саладағы қаржының тиімді айналымын қамтамасыз етіп, сапаны реттейтін және азаматтардың құқықтарын қорғайтын денсаулық сақтау жүйесінің негізгі тірегі деңгейіне көтерілді.
– Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесі іске қосылғаннан кейін саланы қаржыландырудың орташа жылдық өсімі 23,8 пайызға жеткенін, 2 еседен астам ұлғайғанын хабарлады. Министр 2027 жылға қарай МӘМС қаражаты медицина саласының негізгі қаржы көзіне айналатынын айтты. Бұл қарапайым халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі қалай артқанын нақты мысалдармен түсіндіріп бере аласыз ба?
– МӘМС жүйесі іске қосылғаннан бері медициналық қызметтердің қолжетімділігі айтарлықтай жақсарды. Бүгінде тұрғындардың 84%-дан астамы сақтандырылған, ал бұрын ақылы болған КТ, МРТ, стоматология және қымбат жоғары технологиялық қызметтер тегін қолжетімді. МӘМС қаражатының артуына байланысты медициналық ұйымдар саны көбейіп, аймақтарда жаңа техника орнатылып, өңірлерде жаңа технологиялар дами бастады. Бұрын күрделі оталарды жасау үшін халық республикалық деңгейдегі медициналық ұйымдарға баруға мәжбүр еді. Қазір МӘМС аясында мұндай күрделі оталар облыстық деңгейде атқарылуда. Цифрландыру арқасында дәрігер қабылдауына жазылу және кезек күту уақыты айтарлықтай қысқарды. Мысал ретінде айтайын: созылмалы аурулары бар адамдар дәрігердің тұрақты бақылауында болып, тексерулер мен ем-шаралардан тегін өте алады. Жедел көмек қажет болғанда (инфаркт, инсульт, операция) ем мен оңалту МӘМС есебінен тегін ұсынылады. МӘМС арқасында «денсаулығым нашарласа, барлық қызмет үшін ақша төлеуге тура келеді» деген қорқыныш азайды, және адамдар өз денсаулығын қорғап, қажет кезінде сапалы медициналық көмекке ақысыз қол жеткізе алады.
– 2026 жылдан бастап ТМККК мен МӘМС пакеттерін бір пакетке біріктіру жоспарлануда. Бұл жаңалық қандай артықшылықтар береді?
– Сұрағыңыз өте маңызды. 2026 жылдан бастап ТМККК мен МӘМС пакеттері бірыңғай медициналық көмек пакеті ретінде біріктіріледі. Бұл – азаматтарға медициналық қызметтерге қол жеткізуді жеңілдетуге арналған маңызды қадам. Бірыңғай пакет бірнеше жағынан тиімді.
Біріншіден, жүйе қарапайым әрі түсінікті болады. Қазір екі пакет бар: бірінде шұғыл және әлеуметтік маңызды көмек көрсетілсе, екіншісінде жоспарлы және кеңейтілген қызметтер бар. Көпшілік қай қызмет қай пакетке кіретінін білмей шатасуы мүмкін. Ал бірыңғай пакет енгізілгенде, азамат «сақтандырылғаным бар ма, жоқ па?» деп алаңдамай, барлық негізгі медициналық көмекті бір жерден ала алады.
Екіншіден, қаржы тиімді жұмсалады. Бірыңғай пакет арқылы қайталанатын шығындар азайып, бірдей қызметке екі бөлек қаржы бөлудің қажеті болмайды.
Үшіншіден, теңдік қамтамасыз етіледі. Жаңа жүйе барлық азаматтарға, табысына немесе тұрған жеріне қарамастан, негізгі медициналық қызметтерге бірдей қолжетімділік береді. Бұл әсіресе ауылдық жерлер мен әлеуметтік осал топтарға пайдалы.
Төртіншіден, басқару мен бақылау жеңілдейді. Қазір екі пакет бойынша есеп жүргізу, мониторинг және бақылау бөлек жүргізіледі. Бірыңғай пакет бәрін қарапайым әрі ашық етіп, қызмет көрсету сапасын қадағалауды оңайлатады. Бірыңғай медициналық көмек пакеті – «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін жүйе. Кім болса да, қай жерде тұрса да, қажет болса, сапалы медициналық көмекке жеңіл және ақысыз қол жеткізе алады.
– Президент әлеуметтік саясатқа басымдық беріп келеді. Осы тұрғыда МӘМС жүйесінде осал топтарды қорғау бағытында қандай жаңалықтар бар?
– МӘМС – ортақ жауапкершілік қағидатына құрылған жүйе, бірақ ол ең алдымен әлеуметтік әділдікке негізделген. Мемлекет бүгінде 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтарды жарна төлеуден толық босатқан. Олардың ішінде балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, студенттер және көп балалы аналар бар.
2026 жылдан бастап әлеуметтік әл-ауқаты төмен, «Д» және «Е» санатындағы азаматтар жергілікті бюджет есебінен сақтандырылатын болады. Отбасының цифрлық картасы мәліметіне сүйенсек 25 214 жуығы әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) деңгейлеріне жататын азаматтар болып табылады. 2026 жылдан бастап аталған азаматтарға және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға жергілікті бюджет есебінен жарна төленбек.
Сонымен қатар, 2025 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап барлық онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан баршаға тегін өткізіліп келеді. Бұл әрбір адамға, әсіресе осал топтағы азаматтарға, ауруларды ерте сатысында анықтап, уақтылы емдеуге мүмкіндік беріп отыр.
– МӘМС жүйесінен уақытша шығып қалған азаматтарға жеңілдік қарастырылған ба?
– Иә. Бұрын азаматтар уақытша төлемеген жағдайда, үш айдан соң сақтандыру мәртебесінен айырылатын. Енді бес жыл бойы үздіксіз төлем жасаған азаматтар алты айға дейін мәртебесін сақтай алады. Бұл – уақытша қиындыққа тап болған адамдарға жасалған маңызды қолдау деп санаймын.
-Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында қанша медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде?
Батыс Қазақстан облысында бүгінде 55 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде, оның ішінде 18 жеке меншік және 37 мемлекеттік мекеме бар. Бұл ұйымдар өңір халқының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Медициналық ұйымдарға тіркелген тұрғындар саны – 691 858 адам, оның ішінде ауылдық жерде тұратындар – 251 174. Бұл көрсеткіш ауыл халқының да медициналық қызметтерге тең дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айқын дәлелдейді.
МӘМС – бұл тек төлем жүйесі емес, қазақстандықтардың денсаулығына салынған маңызды үлес. Әрбір азаматтың жауапкершілігі артқан сайын, медициналық қызметтің сапасы да соғұрлым жақсарады. Біздің негізгі мақсатымыз – әрбір азаматтың уақтылы және толық көлемде медициналық тексеруден өтуін, сондай-ақ сапалы әрі тиімді медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Сымбат Жаңабергенқызы,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының
бас сарапшысы