Переметный ауылында «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы аясында тренинг ұйымдастырылды.

«Мемлекеттік сатып алуға қоғамдық бақылау жасау» атты іс-шараның мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі ашықтық пен әділдікке қоғам тарапынан бақылау орнату тетіктерін түсіндіру болды.
Аталған тренингті заңгер, қоғам белсендісі Бауыржан Зәки жүргізіп, қатысушыларға қоғамдық бақылау жүргізудің тиімді жолдарын түсіндірді.

– Өзім төрт жылдан астам уақыттан бері қоғам белсендісі болып қызмет етіп келемін. Бұған дейін адвокат болып еңбек еттім, сол кезде Батыс Қазақстан облысының барлық ауданын аралап, Бәйтерекке де бірнеше мәрте келгенмін. Қоғамдағы әр азаматтың заң аясында белсенділік танытып, әділдік орнатуға үлес қосуды мақсат тұтамын. Еліміздің заңнамасы азаматтарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуға және қоғамдық бақылау жүргізуге толық мүмкіндік береді.
«Қоғамдық бақылау туралы» заң 2023 жылы қабылданып, былтырғы сәуірде күшіне енгенімен, әлі толыққанды жұмыс істей қойған жоқ. Себебі бұл бағытта белсенділік танытатын азаматтар аз.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңға да биыл бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Бұған дейін қарапайым халық мемлекеттік сатып алуға қатысты арыз бере алмаса, енді әр азаматтың мұндай құқыққа ие болуы – үлкен ілгерілеу. Мемлекет заң жүзінде барлық мүмкіндікті жасап отыр, ендігі іс-әрекет өздерімізден болуы тиіс. Егер азаматтардың құқықтық сауаттылығы артса, құқық үстемдігі орнайды, демократия нығаяды. Демократия – халықтың билікке сенім білдіруі, ал құқық үстемдігі – бейбітшілік пен қауіпсіздіктің іргетасы, – деген Бауыржан Зәки арыз-шағым, өтініш жазу мәдениетіне де ерекше назар аударып, олар нақты, дәлелді және заң нормаларына сай жазылуы керектігін атап өтті.

Содан соң қатысушылар қоғам белсендісіне көкейдегі сауалдарын қойып, жергілікті жерде орын алған мәселелерді де талқылады. Олардың арасында ауылдарда салынып жатқан жол сапасы, заңсыз алынған жер телімдеріне байланысты шешімдерге қатысты мәселелер де бар.
Тренинг барысында тыңдаушылар goszakup.gov.kz порталына және нысандарға мониторинг жасау, адвокация жүргізу, egov.kz, eotinish.kz, elicense.kz жүйелерін пайдалану, сондай-ақ мемлекеттік органдарға хат жолдау мен заң бұзушылықтарды талдау тәсілдерін де үйренді.
Салтанат Шоқан
Бәйтерек ауданы