Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында белгілі ақын, жазушы Мұнайдар Балмолданың «Көкжал туған» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Рухани жүздесуге зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазақтың қасиетті қара сөзін ұлықтаған Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы тағы бір тағылымды іс-шараның куәсі болды. Жиында сөз алған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов «Көкжал туған» кітабы – оқырманды ойландырып қана қоймай, ұлттық сананы биіктететін рухани дүние боларына сенім білдіріп, қаламгердің рухани құндылықтарды насихаттау жолындағы еңбегін жоғары бағалады. Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов пен тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев әлі сиясы кеуіп үлгермеген жаңа туындының оқырман жүрегінен лайықты орын аларына сенім артты.
Кездесу барысында ақын өз шығармашылығының арқауы, шабыт бастауы мен жаңа кітаптағы негізгі идеялар туралы ой бөлісті. Әдеби кеш еркін сұхбат, сырлы әңгіме сипатында өрбіді. Бұл жолы ел руханиятына жаңа леп әкелген «Көкжал туған» кітабы жөнінде аутор былай дейді:
– «Көкжал туған» екі томнан тұрады. Бүгін бірінші кітабының тұсаукесері. Бұл –
біздің өңірімізде өткен тарихи оқиғалардың желісімен тарихи құжаттарды тірілтіп жазған дүние. 1760 жылдардың аяғы 1771 жылдар шаңжорық кезеңі. Қалмақтардың Жоңғарияға көшуі, қазақ жері арқылы өтуі, сол кездегі орыс патша үкіметінің және Қытайдағы Цинь империясының саясаты әңгіме болады. Шығармадағы басты кейіпкер сол кездегі саясаттың құрбаны болған Айдар Еселбайұлы мен оның ұлы Байқасқаның өмірі, жаужүрек кейпі баяндалады, – дейді жаңа кітабы туралы әңгімелеген қаламгер.

Өнер мен әдебиетке қолдау көрсету – ұлт руханиятының дамуына қосылған елеулі үлес. Бұған дейін қаламгер өз оқырмандарына бірнеше роман мен жыр жинақтарын тарту етіпті.
Мәдени кештің шырайын кіргізген тағы бір ерекше сәт – ақынның сөзіне жазылған әндердің орындалуы болды. Көрермен қауым сол сәттерде поэзия мен саздың үйлесімінен туған рухани әсерге бөленді.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»