14.11.2025, 11:15
Оқылды: 158

Азаматтың ақ жолы  

15 қараша – Бұрғылаушылар күні

Кеуделері сыңғырлаған медальдарға толы бұл азамат бөлмеге кіріп келгенде, таңғалып қалғанымыз рас. Алғашқы сұрағымыз: «Орал өңірі» газетінде «Сіз туралы бұрын жазылды ма?» болды. «Жоқ!» Біз сөйтіп олқылықтың орнын толтырайық деп, әңгімеге кірістік. Бізді бірер күн бұрын бұрғышы Ермұхамбет Дәулетовпен «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалының директоры Балтабек Махуұлы сырттай таныстырған еді. Әңгімеміз жосылып жүре берді. Жанарымызды арбап, назарымызды аудара берген медальдар Ерақаң бізге таяла отырғанда  тағы сыңғырлап қоя берді. «Ерақа, алмаған марапаттарыңыз қалмапты ғой...» - дегенде мәз болып күлді. Күлкісінде марапаттарына деген мақтаныш та, өзінің бұрғышы деген мамандығына құрмет те бар еді. Әңгіме тиегі ағытылды.

 WhatsApp Image 2025-11-13 at 13.46.47

Жылдар өте облысымыздың таңдаулы мұнайшы-бұрғышыларының қатарына қосылатын, қатардағы қарапайым бұрғышыдан кейін басшылық жұмыстарға шығандап көтерілетін Ермұхамбет Дәулетовтің өмірімен жақынырақ таныстық. Ол бұрынғы Зеленов ауданының Цыганов ауылында өмір есігін ашқан. Орта мектепті Орал қаласында бітіріпті. Сабаққа алғыр бозбала кішкентай күнінен ұшқыш болуды армандайды. Орынбордың азаматтық авиация училищесіне барып, конкурстан өтпей қалады. Әу баста сол училищеге маңдай бұрғанда әкесі Аймағамбет ағамыз кәдімгідей ренжіп:

- Балам-ау, саған жерде жүрген жарамай ма, аспанда не шаруаң бар? - депті. Айтақаңның сөзінің жаны бар. Ол кезде әкесі облысқа ғана емес, республикаға аты белгілі даңқты бұрғышы еді. 1952 жылдан бастап, Орал роторлық мұнай барлау экспедициясында жұмысшы, бұрғышының көмекшісі, бұрғышы болып істеген. Бара-бара 6-разрядты бұрғышы ретінде талай мұнай-газ көздерін ашуға зор үлес қосты.

Сөйтіп, барлық саналы ғұмырын бұрғышы жұмысына арнаған Аймақаң қырық жылдай еңбек етіп, 1984 жылы зейнет демалысына шыққан. Ағамыз сол кездегі Чапаев ауданының Еңбек ауылында дүниеге келген еді. Соғыстан кейінгі жылдарда Кеңес әскері қатарында үш жыл азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін мұнай-газ көздерін іздестіруге кіріскен ғой. Замандастарының айтуы бойынша өзі жолдастыққа өте адал, бауырмал, еңбекқор болған. Ұжымда, отбасында, туыстары мен достарының арасында асқан сыйлы, абыройлы екен. Ол кезде қандай еңбек ұжымы болмасын социалистік жарыс деген еңбек бәсекесі бұрқ-сарқ қайнап жататын. Аймақаң болса, сол жарыстардың бәрінде де маңдайы жарқырап озып келіп отырған. Оның еңбек еткен жылдарында алған Құрмет грамоталарында есеп жоқ. Озаттардың Құрмет тақтасынан суреті түспейді екен. 1967 жылы Қазақстанда тұңғыштардың бірі болып, «КСРО жер қойнауын барлаудың үздігі» белгісімен, 1971 жылы «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталады. «Еңбек ардагері» деп аталатын медальдан бастап, талай марапаттарға ие болған. Жұбайы Зояш екеуі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Тағы бір мақтанарлығы, ұлдарының дені әке жолын жалғастырып, мұнай-газ саласында еңбек етуді қалапты. Үлкен ұлы Ерсайын Орал ауыл шаруашылығы  институтын бітіріп, ұзақ жыл сол өзі оқыған институтында ұстаздық етті. Бүгінде зейнеткер. Қызы Бәтима Мәскеудің сауда институтын бітіріп, сауда саласында қызмет атқарып, зейнетке шықты. Мұхамбетқали атты бір ұлы Орал мұнай-газ геологиясында бұрғышы. Аманғали деген баласы «Везерфорд» компаниясында оператор болып жұмыс істейді.

Жоғарыда Ермұхамбет «Ұшқыштың оқуына барамын, ұшқыш боламын» дегенде Айтақаң: «Айналайын-ау, аспанда не құның бар, жерде жүрсең жарамай ма», - деп ренжігенін айтып едік қой. Әкенің айтқаны айдай келді. Баласы Кеңес әскерінің қатарында азаматтық борышын өтеп (1974-1976 ж.ж.) келгеннен кейін ұшқыш болу арманымен хош айтысып, Орал мұнай-газ барлау экспедициясында 1978 жылға дейін еңбек етті. Әке көңілі орнына түсті, ұлына қатты риза болып, арқасынан қаққаны әлі күнге есінде. Мектеп бітірген бойда дизелист, бұрғылаушының көмекшісі, бұрғылаушы болып еңбек жолын бастап кеткен еді. Сондықтан әскерден келгесін ешқайда алаңдамай,  сол жұмысына қайта кіріскенде Аймағамбет ағамыздың қуанғанын көрсеңіз...

Ермұхамбет мұнайшы болуға мықтап бет бұрды. Әуелі, Мәскеудің И. Губкин атындағы мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтының даярлық курсына қиналмай түсті. Сөйтіп, бір жылдан кейін оқуға қабылданып, оны 1984 жылы бітірді. Осы жерде бір қызық жәйт болды. Институтты жақсы бағамен бітіріп жатқан Дәулетовті оқу орны диплом қорғардан сәл бұрын, алдын ала Мурманскінің  теңіз геология басқармасына жұмысқа жолдап қойыпты.  Бұл жаңадан ашылып жатқан кәсіпорын екен.   Ермұхамбет жолдама туралы әкесіне баяндап, телефон соқты. Әкесі шошып кетті:

- Балам, Мурманск қайда, жердің шеті, теңіздің түбі ғой. Ауылға қайт, сен іздейтін мұнай мен газ Қазақстанда, тіпті өзіміздің Орал облысында да жетеді. Мұнайды Мурманскіде теңіздің астынан іздегенше, өзіміздің атамекенімізге келіп, жердің астынан іздесең болмай ма?..

Көп ұзамай бұл мәселеге Орал мұнай-газгеология бірлестігінің бас директоры Сухан Мақсотұлы Камалов араласты. Сол, сол-ақ екен Ермұхамбет үшін Мурманскінің ауылы алыстай берді.

- Шынын айту керек, ол кезде жаспыз ғой, жалындап тұрған. Шетімізден романтикпіз. Жолдама солай болды деп, Мурманскіге тартып та кетуім мүмкін еді. Егер солай кете барсам, бүгінде қайда жүретінімді бір Құдай білсін, - дейді Ерақаң миығынан күліп.

Иә, сәтін салғанда, жолдаманың ретін келтіріп, өзіміздің Оралға оралыпты. Орал мұнай-газ барлау экспедициясына жұмысқа тұрды. Он жыл бойында бұрғылау шебері, аудандық инженерлік-техникалық қызмет (РИТС) бастығының орынбасары, аудандық инженерлік-техникалық қызмет басқармасының басшысы, терең бұрғылау бөлімінің басшысы сияқты қызметтерді абыроймен атқарды. Ермұхамбет басқарған сала қай жерде де, қай уақытта да озаттардың көшін бастап, инженер Дәулетовтің есімі мұнайшылардың арасында кеңінен белгілі болды.

- Тағы қандай қызметтерде болып, нендей жұмыстар атқардыңыз? - деп Ерағаңды әрі қарай әңгімеге тарттық.

- Қайсыбірін айтайын, талай жұмыстарды атқардық қой, - дейді бұрғышы, инженер, басшы болған Дәулетов. - Бүгінде атағы дүние жүзіне белгілі Қарашығанақтың қойнауын зерттеуге, мұнай мен газдың қорын іздеп, анықтауға қатысқанымды баса айтқым келеді. Одан кейін Южно-Гремячинский, Новенский, Тепло-Токаревский учаскелерінде барлау жұмыстарын жүргізуде бастан-аяқ болдым. Әсіресе, Қарашығанақ девон геологиялық кен орнында 6250 метр тереңдікте (девон астындағы) бұрғылауға қатысқанымды ұмытпаймын, мақтан етемін. Одан соң 7000 метр тереңдіктегі Долинск УГС-1 терең ұңғымасын бұрғылауға қатысқанымды өмір ұмытпайтын шығармын.

Сонау 1994-1995 жылдары Ерекең «Қарашығанақбургаз» кәсіпорнында аймақтық инженерлік-технологиялық қызмет басшысының орынбасары, сәл кейін Бұрғылау тресі №2 экспедиция басшысы болды. Көп ұзамай «ҚПО б.в.» альянсына жұмысқа жолданады. Мұнайдың оқуын сонау Мәскеудің өзінен, мұнайшылардың маңдайалды оқу орны, И. Губкин атындағы институттан жақсы бағамен бітірген жас мамандар ол кезде көп емес. Оның үстіне еңбек жолын дизелист, бұрғылаушының көмекшісі, бұрғылаушы болып бастаған Дәулетов сияқты тәжірибе жинап қалған жастар ол кезде саусақпен санарлық еді. 1994-2005 жылдары бұрғылау және ұңғымаларды өңдеу бөлімінің жетекші инженері, бас технологі, басшысы сияқты өте жауапты жұмыстарды мінсіз атқарды. Ал 2005 жылдан бастап, үш жыл бойы «ҚПО б.в.» кәсіпорнында Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау құрылымдарымен жұмыс жөніндегі сарапшы қызметін атқарғаны тағы бар. Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз ғой, 1995 жылдан бермен қарай «ҚПО б.в.» кәсіпорнында шетелдік мамандармен жұмыс істей отырып, тік және көлденең бұрғылаудың батыстық жаңа технологияларын, көпжақты ұңғымаларды өңдеуге арналған жаңа жабдықтарды игерді. Өзі ғана игеріп қойған жоқ, қазақтан талпынған жастарды, жас мамандарды үйретті, жұмысқа төселдірді. Ерақаңның бір қасиеті - өзі білген, өзі игерген тәжірибесін әріптестерімен бөлісуге әрдайым дайын тұратындығы. Сондықтан да шығар, оның төңірегінде бұрғылаушы, мұнайшы мамандығына ұмтылған жастар көптеп жүретін. Бүгінде олардың арасынан талай мамандар өсіп шықты. Мына бір жәйтті айтпай кетпеске болмайды, 1997 жылы Ерақаң Миланға (Италия) барып, зауыт жағдайында ескі құбыр бастары мен құбыр ілгіштерін жасап, жаңартып, оларды жұмысқа пайдалануға болатындығын дәлелдеп шықты. Бұрын ондай құбырлар мен ілгіштерді металломға лақтырып тастайтын. Бұл қаржыны, материалдарды үнемдеуге зор көмегін тигізді. Шетелдік мамандар Дәулетовтің осынау өнертапқыштық қадамына қатты қуанды, жоғары бағалады. Бұған қол жеткізу үшін Ермұхамбет Дәулетовке Миланға ұзақ уақытқа іссапарға баруға тура келді. Сол кезде әкесі Аймағамбет қатты науқас еді. Миланға ұзақ мерзімге іссапар шығып тұрғанын әкесіне айта алмай қиналды. «Мен барып келгенше әкем тірі бола ма?» - деп уайымдады. Алайда әкесі «Балам, жұмыс қой, қасымда отырсаң да жанымды алып қала алмайсың, жолыңнан қалма, бар!» - деді-ау. Соңғы тілдесулері екен, бұл Миланда жүргенде әкесі дүниеден озды.

Сол ұңғыма бастары мен құбыр ілгіш дегеннен шығады, 1998 жылы Миланда халықаралық конвенцияда Ермұхамбет Дәулетов «Ұңғыма басындағы жабдықты жаңғырту» тақырыбында үлкен баяндама жасады. Ерақаңның сол баяндамасы кейін итальян тілінде мұнай-газ саласына арналған үлкен жинаққа енгізілді. Ол кезде Қарашығанақта шетелдің мамандары көп болды ғой, олармен қызмет, жұмыс бабында аудармашылар арқылы сөйлесетін. Аудармашылар аз, оларды күтіп  отыруға қайнап жататын өндіріс уақыты көтермейді. Сондықтан Ермұхамбет ағылшын тілін үйренуге бар күшін салды. Әрине, жұмыстан кейін ағылшын сабағы жүрді. Ерақаң оны да місе тұтпай, өз бетімен үйренді. Тіпті, үйде қабырғаларға ағылшын сөздерін аудармасымен іліп қойып, оқып, жаттап тыным таппады. Сөйтіп, қысқа уақытта шетелдік мамандармен аудармашысыз-ақ сөйлесетін дәрежеге жетті.

84f4dd56-f04e-4b74-afad-28c0b6add3b7

Ерақаң бүгінде зейнет демалысында. Жан жары педагог Үрия Бақторазқызы екеуі үш қыз тәрбиелеп өсірді. Әйгерімдері заңгер, ҚазҰУ-дыжәне КИМЭП-ті бітірген. Арайлым – шығыстанушы, қытай тілінің маманы, ҚазҰУ-да оқып, Қытай Халық Республикасында Сямынь университетін бітірген. Ақбаяндары қаржыгер, Қазақ-Британ университетінде және Швейцарияда оқыған.

Ермұхамбет Дәулетовтің бұрғылаушының көмекшісінен басталған еңбек жолы абырой биігіне бастаған азаматтың ақжолы болып, осылайша  сайрап жатыр.

 

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале