Он жылға жуық уақыттан бері елімізде қарашаның үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні ретінде тойланып келеді. Соған орай Переметныйда осынау кәсіби мерекеге байланысты салтанатты жиын өтті.

Бәйтеректегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы бейнероликпен басталған іс-шарада аудан әкімі Марат Тоқжанов аталмыш сала ардагерлерін, сапта жүрген қызметкерлерді мейрамдарымен құттықтады.

- Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы саласы құрап отыр. Соның ішінде өсімдік шаруашылығы бізде жақсы дамығаны белгілі. Бүгінде облыстағы астықты алқаптың 60, бақшаның 50 пайызы Бәйтерекке тиесілі екендігі көп нәрсені аңғартса керек. Биыл біздің диқандарымыз бен бағбандарымыз 330 мың тоннаның өнімін өндірді. Мұны ақшаға шаққанда 62 млрд теңгеге жуықтайды! Мал шаруашылығында да жетістіктеріміз аз емес. Әсіресе Бәйтеректің облысымыздағы сүт белдеуі ретіндегі маңызы жоғары. Қазіргі таңда ауданда 43 асыл тұқымды шаруашылық бар. Жыл сайын асыл тұқымды мал сатып әкелу тұрақты үрдіске айналды. Бұл ауданда мал шаруашылығын дамытуда сүбелі үлесін қосуда.
Шаруаларымыз алып жатқан жаңа техника мен технология да саланың дамуына оң әсерін беруде. Мәселен, биыл аудан шаруашылықтарының паркі 3,5 млрд.теңгенің 130 түрлі жаңа техникаларымен толықты.
Құрметті агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, еңбексүйгіштік, іске деген адалдық, жоғары жауапкершілік бен жанқиярлық үшін міздерге алғыс айтқым келеді. Ауданымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, біз алға қойылған барлық мақсатқа қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, - деген Марат Лұқпанұлы бірқатар сала мамандарын марапаттады.
Мәселен, 16 адам өңіріне "Елеулі еңбегі үшін" медалін тақты. Олардың арасында "Марэль" шаруа қожалығының механизаторы Ержан Бекболатов, "Алтын болашақ" шаруа қожалығының механизаторы Қайырболат Бектілеуов, "Асан Ауыл" ЖШС-ның механизаторы Андрей Иванов бар. Ал 1 адам "Аманат" партиясы атқарушы хатшысының, 9 адам облыс әкімінің, 9 адам БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының, 5 адам аудан әкімінің Алғыс хаттарын алды.
Салтанатты іс-шара жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.

Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы